Accessibility links

Алматы полициясы адам құқығын қорғаушы өзбекстандық 2 азаматты ұстады


Тамыздың 3-і күні кешқұрым Алматыда Өзбекстандағы Адам құқығы бойынша қоғамының төрағасы Талиб Якубов пен осы ұйымның қызметкері Әбдіжалел Вайматовті құжаттары толық емес деп, қазақстандық полицейлер ұстайды. Полицейлер Якубовты бірнеше сағат бойы тергеп, түнгі 12-де босатады. Ал Вайматовті Жетісу аудандық ішкі істер бөлімшесі босатпай, әлі күнге дейін ұстап отыр. Якубов пен Вайматов Өзбекстанда қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ретінде саяси баспана табу мақсатында Еуропаға кетулері керек болған. Қазақстандағы адам құқығын қорғау мен заңдылықты сақтау халықаралық бюросы өзбекстандық адам құқығын қорғаушыны Өзбекстанға қайтартпай, бостандыққа шығарып алу үшін жұмыс істеп жатқандарын айтады.

Өзбекстанның адам құқығын қорғау қоғамының төрағасы Талиб ЯКУБОВ шілденің 31-і күні осы ұйымның хатшылығының мүшесі Әбдіжәлел Вайматовпен Қазақстанға жасырын жолмен өткендерін айтады. Олар мұнда босқын ретінде құжаттарын жөндеп, бірі - Францияға, екіншісі – Ирландияға аттануды көздеген:

- Біз Қазақстанға заңсыз жолмен өттік. Өйткені, маған қарсы Өзбекстанда қылмыстық іс қозғалып, іздеуде жүрмін. Сол себептен, кеден бекетінен ашық өтуге мүмкіндігім болмады. Ал Вайматов сотқа шақыру алған. Өзбекстанның билік орындары оның төлқұжатын тартып алмақшы болған. Сондықтан, біз осында босқын есебінде келдік, - деді өзбекстандық құқық қорғаушы Талиб Якубов «Азаттық» радиосына тамыздың 4-күні.

Ол жетекшілік ететін адам құқығын қорғау қоғамы - Өзбекстандағы ірі адам құқығын қорғайтын ұйымдардың бірі болып есептеледі. Әндіжан оқиғасынан кейін бұл ұйымның 10 мүшесі тұтқындалып, кейін 3-і бостандыққа шыққан. Биылғы жылы тағы екі адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Солардың бірі - адам құқығын қорғау қоғамының төрағасы Талиб Якубов Франция үкіметінен саяси баспана сұрағанын айтты:

- Франция үкіметі келісімін берді. Тамыздың 1-інде ұзақ мерзімді француз визасын да алдым. Бірақ менде көші-қон карточкасы болмағандықтан, Парижге ұша алмадым. Ал Вайматов болса, Ирландияға жарты жылдық адам құқығын қорғаушылардың оқуына баруы керек болатын.

Алайда, тамыздың 3-і күні оларды Алматы полицейлері ұстап, Жетісу аудандық ішкі істер бөліміне алып кетіпті.

- Кеше (тамыздың 3-күні) кешқұрым, шамамен 18-ден 25 минөт кеткенде біздің жалға алған үйіміздің маңынан милиция майоры тоқтатып, құжаттарымызды тексерді. Менің төлқұжатым өзімде болатын, ал Вайматовтың төлқұжаты Мәскеуде Ирландия елшілігінде жатқандықтан, құжатының көшірмесі ғана қолында болды. Бізді ішкі істер бөлімшесіне алып барып, түнгі сағат 11 жарымға дейін тергеді. Мен прокуратура мен Франция елшілігінің өкілдері келмейінше ешқандай сұрақтарға жауап бермейтіндігімді мәлімдедім. Мені түнгі сағат 12-де босатып жіберді де, жолдасымды жібермей, ішкі істер бөлімшесінде ұстап қалды, - дейді өзбекстандық адам құқығын қорғаушы Талиб Якубов.

Бүгінде Өзбекстандағы адам құқығын қорғау қоғамының қызметкері Әбдіжалел Вайматовты бостандыққа шығару бойынша екі ұйым – Қазақстандағы халықаралық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы мен Алматы Хельсинки комитеті жұмыс істеуде.

Қазақстандағы халықаралық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкері Денис ЖИВАГО өзбекстандық адам құқығын қорғаушыларды жергілікті полицейлердің ұстауға толық мүмкіндігі болды деп есептейді.

- Оларды құжаттары жоқ адамдар ретінде ұстады. Бірақ полицейлердің оларға дұрыс қарамай, жөнсіз әрекет жасағандары - екінші мәселе. Бұл ретте біз Жетісу аудандық ішкі істер басқарма бастығы мен прокуратураға арыз жаздық. Сонымен бірге Вайматов Өзбекстанға беріп жіберуге, депортация жасауға жатпайтын саяси баспана іздеген босқын екендігін айтып, қосымша хат жолдадық. Оған қоса оның ұсталғандығы туралы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі басқармасын, Франция, Ұлыбритания елшіліктерін хабардар еттік. Қазіргі басты мәселе – оны Өзбекстанға қайтарып жібертпеу, - дейді Денис Живаго.

Қазақстан босқындарды, әсіресе өз елінде қудалауға ұшырайтындарды қайтарып жіберуге тиым салатын БҰҰ-ның босқындар мәртебесі туралы және Азаптауға қарсы халықаралық конвенцияны мақұлдаған елдер қатарына жатады. Алайда, былтырғы жылы қараша айында, қазақстандық заң орындарының көмегімен Қазақстанға бас сауғалап келген 9 өзбекстандық еліне қайтарылған болатын. Өзбекстанда олар қамауға алынып, экстремистік қызметпен айналысты деп айыпталып, қылмыстық жауапқа тартылды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG