Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.04.2006 жыл


Жұма күнгі баспасөз Сомали әуежайына қару жеткізген «Ил-76» ұшағы Қазақстан меншігі ме деген сұраққа жауап іздеген. Сонымен бірге басылымдар Қазақстанда жанармай дағдарысы қолдан жасалған деп жазса, тағы бір газетте сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшылығына таласпайтындығын келтірген.

Шілденің 28-күні Африкадағы Сомали мемлекеті астанасының әуежайына «Ил-76» ұшағы екінші мәрте қару жеткізгендігі туралы мақала «Новое поколение» газетінде басылыпты. Аталған газет үшін «Азаттық» радиосының журналисті Ержан Қарабек арнайы дайындаған осы мақалада Могадишо қаласына қару тасыған құпия ұшақтың құйрығында Қазақстан туының суреті болған деген болжам бары айтылған. «Ал Могадишодағы әуежай Әл-Қаида ұйымына жақын адамдардың иелігінде екендігі белгілі. Әлемдік ақпарат көздері Қазақстанның заңсыз қару саудасымен айналысатынын жазған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі құпия ұшақтың Қазақстан меншігі екендігін растамаған және жоққа шығармаған да» деп жазыпты «Новое поколение» жарық көрген бұл мақалада.

Бұл уақытта Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшылығына таласады екен деген әңгімені министрдің өзі жоққа шығарғандығы «Новое поколение» газетінде айтылыпты. Газет тілшісіне Қасымжомарт Тоқаев бұл әңгімені естігендігін, бірақ сөз болып отырған хатшылық қызметіне таласу үшін ұсыныс түсірмегендігін және ондай ойы жоқ екендігін де айтқан. Мақала авторы Ботагөз Сейдахметованың пікірінше, министрдің бұл сөзінде кішіпейілділік байқалады. «Қазақстан БҰҰ-на төрағалыққа ұмтылып жатса, Үкіметтің халықаралық сахнадағы үлкен амбициясын тағы бір көрсетері анық. Оның үстіне Қасымжомарт Тоқаев халықаралық ортада ықпалды тұлғалардың бірі» делінген «Новое поколение» газетінде.

Қазақстандық басылымдар жанар-жағармайдың қымбаттауына да үлкен мән беріпті. Осыған орай «Казахстанская правда» газеті соңғы бір айдың ішінде республикада өтімді жанармай маркаларының бағасы 10-15 теңгеге қымбаттап кеткендігін жазды. «Нар-ойл» компаниясының төрағасы Сұлтан Ұшбаевтың айтуынша, осыдан төрт айдан бұрын Павлодардағы жоғары октанды жанармайды ашық саудаға шығаруды тоқтатқан. Ал Шыкенттегі зауыт болса Алматыға тәулігіне 320 тонна жанармай ғана босатып отыр. Ал қаланың қажеттілігін өтеу үшін 2 жарым мың тонна қажет екен. Алматыға жеткізілетін 320 тоннаның жарымы «ПетроҚазақстан» компаниясының өз иелігіндегі бекеттерге, қалғаны «ҚазМұнайГаз» бекеттеріне беріледі. Ал қалған бекеттерде сұранысы көп жанармай жоқ» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

«Жанармай нарығы: қолдан жасалған дағдарыс» атты мақаласында «Аптаkz» газеті монополистердің өздері қол қойған меморандумды орындағысы келмейтіндігін жазды. Жанармай нарығындағы баға өзгерісі өткен жылдың соңында, дәл президент сайлауы қарсаңында кеңінен көрініс берген. Сол кезде жанармай бағасының бір литрі 100 теңгеге жетіп жығылған еді. Сонда үкімет шекараны жабуға дейін барып, бағаның шарықтауын реттеп алған. «2006 жылы ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік серіктестік туралы» Меморандумға қол қойылғаннан бері және жанар-жағармай экспортына жол ашылғаннан бері жанармай бағасы 20-30 пайызға көтеріліпті» делінген «Аптаkz» газетіндегі мақалада.

Тамыз айында Қазақстандағы жанармай бағасы тағы 5-7 теңгеге қымбаттауы мүмкін екендігі «Панорама» газетінде айтылыпты. Қазақстандағы жағдайды жіті бақылап отырған ресейдің компанияларына өздерінің мұнай тауарларын бұрынғыдан 50 долларға қымбатқа өткізе бастаған. Жанармай нарығындағы жағдай Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінде шілденің 21-күні қаралған болатын. «Жиында ірі компаниялардың өкілдері бағаны мәжбүрлеп ұстап тұрудың кері әсері көп екендігін алға тарта отырып, сыртқа шығарылатын өнімнен 65 доллардан ұсталатын салықты алып тастауды ұсынған. Ал республиканың жанармай нарығындағы шағын компаниялардың өкілдері болса бұл шешім ішкі базарда жанармай тапшылығын туғызатындығын айтып отыр» делінген «Панорама» газетіндегі мақалада.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG