Accessibility links

Алдын ала есеп бойынша «Днепр» зымыран тасығышының құлауынан 40 миллиард теңгеге жуық шығын келген


Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбеков облыстық мәслихат депутаттарының кезекті жиынында айтқан. Мәслихат депутаттарының кезектен тыс мәжілісінде депутаттар Байқоңырдан гептил затымен тұтынатын зымырандарды ұшыруға тиым салуды ұсынды.

Қызылорда облыстық мәслихат депутаттары «Днепр» зымыран тасығышының апатқа ұшырауына байланысты Байқоңыр ғарыш айлағынан гептил отынын тұтынатын зымырандарды ұшыруға тиым салу туралы ұсыныс жасағандығын «Азаттық» радиосына облыстық мәслихаттың төрағасы Алмагүл Божанова хабарлады. Оның айтуынша, депутаттар зымыранның құлауына қатты алаңдаулы.

- Өйткені зымыран тұрғындарға өте жақын жерге құлаған. «Днепрдің» құрамында гептил бар. Улы зат адам бойынан бүгін табылмағанымен, ертең суды да топырақты улайды. Соған байланысты 29 депутат гептил тұтынатын зымырандарды ұшыруды тоқтатсын деп Үкіметке хат жаздық, - деді Алмагүл Божанова.

Оның айтуынша, Астана Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану туралы келісімді қайта қарау жөнінде Мәскеуге ұсыныс жасауы тиіс. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, әрі облыстық комиссияның төрағасы Айтбай Көшербаев гептилмен ұшатын зымырандарға тиым салу туралы талап қарастырылып жатпағандығын, барлық себеп-салдар анықталмайынша «Днепр» ұшырмау туралы шешім ресейдің өз бастамасы екендігін айтты. Бұл уақытта облыстық мәслихат депутаттары жергілікті халықтың денсаулығын тексеріп қана қоймай, әлеуметтік жағын жақсартуға көңіл бөлу керектігін алға тартып отыр.

- Барлық мәселе анықталған соң адамдардың денсаулығы мен әлеуметтік жағынан қорғауды қолға алу керек. Халық та біздің айтқанымызды айтып жатыр. Олардың қолында толық ақпарат болмаса да денсаулыққа зиян екендігін айтып жатыр,- деді Алмагүл Божанова.

«Днепр» құлаған жерге ең жақын елді-мекен – Көмекбаев ауылында шамамен 1100 адам тұрады. Бұл ауыл апат болған жерден 37 шақырымда жатқандығын, халықтың ол жаққа жіберілмегендігі мен ауылда жаппай тексеру жүріп жатқандығын «Азаттық» радиосына Көмекбаев ауылының әкімі Рахман Нұралиев айтты.

- Жалпы қай жерге болса да құлағаны дұрыс емес қой. Оның қаншалықты зиянын біліп жатқан біз жоқ. Әркім әртүрлі жорып жүр, - деді ауыл әкімі Рахман Нұрәлиев.

Қызылорда облыстық мәслихат депутататтарының мәжілісінде облыс әкімі Икрам Адырбеков жергілікті халықтың денсаулығы бір жыл көлемінде тексеріліп тұратындығын айтқан. И. Адырбековтың келтірген дерегі бойынша, «Днепрдің» құлауынан 40 миллиард теңге шамасында зиян келген, - деді мәслихат депутаты Алмагүл Божанова.

Қазақстан мен Ресей комиссияларының тамыздың 4-күні бірлескен отырысынан кейін Қазақстандық комиссияның басшысы Азамат Әбдімомынов құтқару шараларын ұйымдастыру үшін 18 миллион теңге, жергілікті халықтың денсаулығын тексеру мақсатында 175 миллион теңге жұмсалғандығын хабарлаған болатын. Ал нақты көрсеткіш екі жетіден кейін шығарылатындығын «Азаттық» радиосына тамыздың 7-күні Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Наталья Ким хабарлады:

- Екі аптадан соң комиссияның тексру нәтижелері шығады. Сол уақытта келген шығынның көлемі де айтылатын шығар.

Қазақстан мен Ресей комиссияларының келесі отырысы қыркүйек айының басында өткізілмек. Сонымен бірге «РосКосмос» ғарыш агенттігі «Днепрдің» неден құлағандығын тамыздың аяғына дейін анықтайтындығын хабарлаған. Шілденің 27-күні Байқоңырдан ұшырылып, Қызылорда аумағына құлаған «Днепр» зымыран тасығышы ғарышқа 18 жер серігін алып шығуы тиіс еді. Бұл соңғы он жылда Қазақстан аумағына құлаған үшінші зымыран тасығыш – 1999 жылы гептил отынын тұтынатын «Протон» зымыран тасығышы екі мәрте апатқа ұшыраған болатын.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG