Accessibility links

Қазақстанның Павлодар облысында алюминий өндірісін дамыту үшін «Ертіс» деп аталатын еркін экономикалық аумақ құру жоспарланып отыр. Бұл туралы тамыздың 8 күні премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады. Ал, кейбір экономистер осы уақытқа дейін шикізат сатып келген үкімет тез арада кластер жасайтындығына күмән келтіреді.

Аумақты құру үшін келесі жылдың бюджетінен 1 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Жоспар бойынша аумақта электр бағаналарын жалғастыратын алюминий сымдары, автоөндірісте қолданылатын алюминий жабдықтары, құрылыста қолданылатын алюминий шатырлары сияқты өнім шығарылмақшы. Қазір аумаққа Павлодар облысынан 1300 гектер жер бөлінді. Жоспар бойынша ол Қазақстанның электролизді зауытымен шектеседі. Салынғалы жатқан бұл зауыттың құны шамамен 1 миллиард доллар. Бұған дейін хабарланғандай дәл осы зауыт негізінде Павлодар облысында алюминий кластерін құру жоспарланған.

- Павлодарда еркін экономикалық аумақ ашуға барлық қолайлы жағдай жасалған, өйткені онда инфрақұрылым бар, онда қазір Еуразиялық өндірістік қауымдастық кәсіпорындары жұмыс істеп жатыр және электролизді зауыт салынып жатыр, - дейді Қазақстанның индустрия және сауда министрінің орынбасары Асқар Батталов.

Ал экономист Петр Своиктың айтуынша Павлодардың алюминий зауыты дайын өнім емес алюминий шығаратын шаң, яғни шикізат шығарады.

- Ол Ресейге жеткен соң сонда алюминийге айналады. Онда ақша алыс жерге апарылып заңдастырылады және ол қаржы бәрібір Қазақстанда қалмайды, - дейді П.Своик.

Ресми мәлімет бойынша, жуық арада салық және кеден кодекстеріне өзгеріс енгізетін жобалар жасалуға тиіс. Аумақта салық жеңілдіктері болады. Ондағы кәсіпкерлерді құнға салынатын корпоративті салықтан, қосымша құн салығынан, жер салығынан және мүлік салығынан босату жоспарланып отыр. Салық жеңілдіктері шамамен 10 жыл бойы сақталады. Жоба авторларының айтуынша, аумақтың тиімді жағы басым, кәсіпкерлер алюминий өнімдерін Қазақстанда сата бастайды. Жұмыс орындары ашылады, инфляция азаяды. Оның сыртында Павлодарда әлемдегі ең арзан электр қуатын шығаруға болады деген ақпарат бар. Бұл да алюминий өнімдерін шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдік деп қарастырылып отыр. Қазақстанның индустрия және сауда министрінің орынбасары Асқар Батталовтың айтуынша, онда қазір электр қуаты мөлшерден көп және оның бағасы басқа аймақтармен салыстырғанда арзан.

Ал экономист Петр Своик болса, Еуразиялық өндірістік топ қожайыны Машкевич алюминийден дайын өнім жасаймын деп өткен ғасырда уәде бергенімен, ол уәде әлі күнге орындалмай келе жатыр дейді. Петр Своик бұл аумақтың жұмыс істеп кететіндігіне күмән білдіреді.

- Жылдар бойы шикізаттан түскен қаржыны елден ағылуын қолдаған біздің «тамаша» үкімет аяқ астынан шыныменен өз өндірісімен айналысатындығына сеніңкіремеймін,- дейді ол.

Үкімет өкілдері болса қазір жоба жасау үстінде. Бұл мәселе премьердің төрағалығымен тамыздың 7-күні өткен кеңесте талқыланды. Осы жиында Даниял Ахметов еркін экономикалық аумақ құру барысында Кеңес одағы кезіндегі барлығын теңестіру жүйесінен аулақ болуымыз керек деген пікірін білдірді.

Премьердің айтуынша Павлодар облысындағы аумақтың ерекшелігі бар - онда жоғарғы қосымша құны бар өнім шығарылатын болады. Премьер-министрдің баспасөз қызметі таратқан хабарламада жазылғандай, Д.Ахметов Қазақстанның сапалы алюминий өнімін шығаратын жақсы мүмкіншіліктері бар деген пікірін білдірген. Сондықтан ол, болашақ еркін экономикалық аумақтың тұжырымдамасы және территория жоспарымен танысқан соң, 17 тамызға дейін техникалық-экономикалық негіздемені аяқтауға тапсырма берді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG