Accessibility links

Иісшіл иттердің көмегімен жүргізілген зерттеулерді сотқа дәлел ретінде тартуға бола ма?


Талдықорғандағы Алматы облыстық сотында оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оқ қағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтың өліміне қатысы сот ісінде сейсенбі күні мемлекеттік айыптаушы Владимир Кириленко, негізгі қылмыскерлердің бірі деп айыпталып отырған Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Нұрлан Устемировтың дүйсенбі күні жасаған «әділет министрлігі менің және Серік Сәрсеновтың адвокаттық лицензиямызды қайта шақыртып алу мәселесін көтеру арқылы осы іске кедергі келтірмекші» деп жасаған мәлімдемесіне қатысты әділет министрлігінен алған жауабын жариялады. Онда әділет министірлігі аталған жақтаушылардың лицензиясын алу туралы шешімді кері қайтарып алатыны жазылған. Сонымен қатар сейсенбі күні куәлар ретінде одоролог сарапшылар мен аутокөлікті тексерген механиктер мен тергеушілер жауап берді.

Талдықорғандағы сотта сейсенбі күні негізгі одорологиялық зерттеулерді жүргізген маман Асқарбаев Айдын жауап берді. Қылмыстық іздестіру шараларында «одорологияқ зерттеулер» дегеніміз - қылмыс орнынан табылған заттардан қылмыскерлер деп айыпталып отырған күдіктілердің исі бар-жоғын иісшіл иттердің көмегімен анықтау. Оның технологиясы жайлы дүйсенбі күні мамандар айтқан болатын. Ол зерттеулерден айыптылардың бәрін өткізгенде, Алтынбектің автокөлігінің есігінің тұтқасынан, дипломатынан, автокөлігінің ішінен, оның «Оса» жеке қорғану құралынан айыптылар деп сотқа тартылып отырғандардың біразының исі барлығы анықталған. Олардан басқа Рустам Ибрагимовтың исі Бауыржан Байбосынның қолын байлаған пластмасс бауда, Журавлевтың қалта орамалы мен әмиянында, гильзалар мен оқшантайда барлығы анықталған. Бұл айыптау жағының ресми хаттамаларында жазылған. Бірақ айыпталушылар Әбикенов пен Ибрагимовтар зерттеулердегі кейбір заттарға тіпті тиген жоқпыз дейді.

Соттағылар сейсенбі күні осы одорологиялық зерттеулердің қалай жүргізілгені туралы бейнетаспаны көріп, осы зерттеулерді жүргізген маманға берген көптеген сұрақтарға маман Айдын Асқарбаев нақты жауап бере алмады. Сондықтан айыпталушы жақ осы зерттеулерге қатысты толтырылған хаттамаға да күмән келтіріп, қосымша куәларды шақырмақ болды.

- Одорологиялық зерттеулерге қатысты хаттамада нені, қалай істегені туралы нақты еш нәрсе жазылмаған да, тек қортынды жазылған. Бұл - заң талаптарына қайшы, біз осы қортындылардағы жазылғандар солай екеніне көз жеткізу үшін осы зерттеулерге қатысқан куәларды да шақыртуға мәжбүрміз, - дейді айыпталушылардың жақтаушысы Нұрлан Устемиров.

Бірақ айыптаушы жақ өкілі Владимир Кириленко:

- Иісшіл иттердің көрсетулерін сот ісінде дәлел ретінде пайдалану Қазақстан қылмыстық кодексінде қарастырылмағандықтан және ол тек алдын-ала тергеу зерттеулерінде ғана пайдалануға болатыны себепті жақтаушылардың шақыртпақ куәларында қажеттігі жоқ, - деп өз пікірін білдірді.

Кириленконың бұл сөзін сот төрағасы да қолдады. Бірақ, жәбір көруші жақтың жақтаушыларының бірі Серікқали Мусин де одорологиялық зерттеулер қортындысындағы хаттамада бірқатар кемшіліктер барлығын айтып отыр.

- Хаттамадағы аздаған кемшіліктер оның сот көрсетулерінен алып тастау керек дегенді білдірмейді. Сот төрағасы бұл мәселені кеңесу бөлмесінде шешілетінін айтып отыр. Сондықтан бұл зерттеулерге қатысты сот өз шешімін жарияламайынша бұл құжаттар айыптау деректерін растайтын құжат күшінде бола бермек, - дейді Мусин мырза.

Сотта жауап берген басқа да сарапшылар оқиға орнындағы томардан табылған автокөлік сырларының қалдықтарын Виталий Мирошниковтың автокөлігіне қатысы бар-жоқтығын анықтаған сарапшы маман Сәуле Ақмолдаева мен Венера Илиева болды. Олар «томардағы сырдың қалдықтарының құрамы Мирошниковтың автокөлігінің сырларымен бірдей» деген тұжырым.

Сондай-ақ сейсенбі күнгі сотта прокурор Владимир Кириленко Нұрлан Устемировтың дүйсенбі күнгі мәлімдемесіне жауап беріп, әділет министрлігі Рустам Ибрагимовтың жақтаушыларынан лицензияларын алу жайлы шағымдарын кері қайтаратындығы туралы шешім қабылдағанын жариялады. Кириленко мырза Астанадан әділет министрлігінен осындай хабар алыпты. Екіншіден, Кириленко мырза Рустам Ибрагимовтың әкесінің автокөлігіне қатысты мәселе шынымен Алматы ішкі істер департаментінде зерттеліп жатқанын хабарлады.

Дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде Устемиров мырза Алматы ішкі істер департаменті өткен дүйсенбіде «белгісіз бір азаматты Алматы ішкі істер департаментінің алдында джип автокөлігінен шыққан үш азамат соққыға жыққан, ол автокөліктің номері Рустам Ибрагимовтың әкесінің мініп жүрген автокөліне сай келеді» деген шағым бойынша Ташболат Устемировты сотқа шақырғанын айтқан болатын.

- Дүйсенбі күні Ташболат Устемиров бізбен бірге сотта, Талдықорғанда болғаны белгілі. Ал Алматы ішкі істер департаментінің қылығы - ол тікелей Рустамға көрсетіліп отырған қорқыту әрекеті, оны олар қажет кезінде Рустамға қысым көрсету тетігі ретінде пайдаланбақ. Егер қылмысты мойныңа алмасаң әкеңді сотқа тартамыз дегенді аңғартады, - дейді Устемиров мырза.
XS
SM
MD
LG