Accessibility links

Санкт-Петербордағы Эрмитаждан 221 экспонаттың қолды болуы - Ресейдегі өнер туындылары мен қазыналарын сақтап, қорғау ісінің әлсіздігін аңғартты


Ресейде 1990 жылдардың басында Совет кезеңіндегі мәдениетті қаржыландыру жүйесі тоқтаған уақыттан бастап, өнер туындылары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете берген. Бұрынғы Қысқы сарайдағы құндылықтардың тоналу салдарларын тергеп-тексерушілер көрме қызметкерлерінің суық қолдылығы мен есеп-қисап жүйесіндегі ретсіздіктердің мұндағы кең ауқымды ұрлық-қарлыққа негіз болғандығын айтады. Эрмитаждағы бұл ұрлық оқиғасын кәдімгі классикалық аңыз үлгісіне жатқызуға болады.

Ресейдің әйгілі Эрмитажынан қолды болған барлық бағалы деген өнер туындылары, зергерлік бұйымдардың жалпы құны - 5 миллион доллардан асады екен. Ұрланған экспонаттардың басым көпшілігі өткен жылдың аяғында кенеттен қайтыс болған Лариса Завадская басқарған күзетшілер бөлімі жауапты болған жеке бөлмеден жоғалғандығы анықталған. Мұражай басшылығы ұрлық-қарлықтың негізінен өз қызметкерлері арасында орын алуы мүмкін деген күдікпен тексерушілерді сол тұрғыда бағыттап отырған. Соның бір дәлеліндей осы демалыс күндері Завадскаяның күйеуі мен баласы тұтқындалған. Күдіктелген үшінші адам да ұсталған.

Бұл Ресейде өнер туындыларының ұрланып, ұрлықшылардың табыс көзіне айналғаны туралы бірінші рет белгілі болып отырған қылмыстық іс емес. Мұражай қызметкерлеріне жалақы уақытылы төленбейді, сондай-ақ мұнда күзет жүйесі де анау айтқандай керемет емес.

Дүйсенбі күні Мәскеудегі баспасөз-мәслихатында "Росохранкультураның" директоры Борис Боярсков былай деп атап көрсетті:

- Эрмитаждағы материалдық-мәдени құндылықтарды есепке алу жүйесінде проблемалар көптен бері бар болатын. Ол жөнінде мұражай басшылығына айтылған. 1993 жылы жүргізілген тексерістің өзінде ол турасында ескертілген. Жақында "Роскультурамен" бірге өткізген тексеріс кезінде мұндай есеп-тіркеудің қағаз жүзінде екеніне және оның өте түсініксіз, қым-қуыт жағдайда екендігіне көз жеткіздік.

Мұражай құндылықтары мен антикварлық дүниелердің ұрлануын зерттеп, бақылауда ұстап отыратын жекеменшік Art Loss Register фирмасының басшысы Джулиан Радклифф Эрмитаждағы ұрлық турасында былай дейді:

- Мұражайдағы заттардың қолды болуына негізінен ондағы қызметкерлер мен күзетшілердің өздерінің тікелей қатысы бар. Ең үлкен маңыз берілетіндері басты баптармен көпшілікке белгілі болады. Ал тұрақты және жиі болып тұратын ұрлықтар сақтау орындарында әр үш-төрт жылда қайталанып отырады.

Осылайша атап көрсете келе, Радклифф Лондондағы Британияның ең үлкен Виктория және Альберт мұражайының экспонат қоры 3 миллионға жуықтайды, оның қоры әр үш-төрт жылда бір зерттеліп, тексеріліп отырады дейді.

Санкт-Петербордың полициясы кейбір ұрланған құндылықтардың соңғы рет тексерілгеніне кемінде бір 30 жыл болған болуы керек дегенді айтады.

Радклифф 2,5 мыңдай қызметкері бар Эрмитаж сияқты мұражайда барлық есеп-қисаптың анық та нақты болуы және сырттан аудиторлардың шақырылып тұруы мұндағы барша дүниені қауіпсіздікте, толыққанды сақтауға кепілдік береді дейді.

«Росохранкультураның» директоры Борис Борясков Ресейдің түрлі мұражайларының қызметкерлерінің ішінде әр жыл сайын ең кем дегенде 50-100-ге дейін мұражай мүлкіне қол сұққан ұрлықшылар тіркеледі дегенді айтады. Ең жақын арада болған осындай қылмыстық іске Мәскеудің мемлекеттік тарихи мұржайынан 300-дей қызметкердің қатысы болған, сондай-ақ осы жуық арада Санкт-Петербордағы Петр мен Павел бекінісінен 200-дей зат жоғалып кеткен.

Эрмитаждан қолды болған құндылықтардың тізімі мұражайдың веб-сайтында жарияланды. Бірнеше затты белгісіз біреулер мұражай қорына қайтарып та үлгерді, бірақ олардың ұрлықшылармен қандай байланысы болуы мүмкін, ол жағы белгісіз.

Десе де, Радклифф өз сөзінде ұрланған кейбір құнды мұралардың Эрмитажға қайтып оралуы екіталай деген қорытынды айтады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG