Accessibility links

Тәжікстанда беделді ислам саясаткері дүниеден өтті


Бейсенбі күні Душанбе қаласында Тәжікстандағы Қайта өрлеудің ислам партиясының лидері Саид Абдулло Нури жерленді. Нури ісік ауруымен ұзақ сырқаттанып, 9-ыншы тамыз күні дүние салды. Саид Абдулло Нури – 1992-1997-нші азамат соғысы жылдары бірлескен оппозицияға жетекші болды. Кейінірек ол ұлттық бітім комиссиясын басқарып, елде бейбітшілік орнатуға өз үлесін қосты. Марқұм жерленген күні оның достары мен үзеңгілестері “Азаттық” Радиосының тілшілерімен пікір бөліскен еді.

Душанбе қаласында Саид Абдулло Нуримен қоштасу және жерлеу рәсіміне бірнеше мың халық қатысты. Марқұм Нури – Тәжікстандағы ең көрнекті де беделді саяси тұлғалардың бірі болатын. Жерлеу рәсіміне бұрынғы оппозиция мен ресми биліктің өкілдері де келді. Бейсенбі күні “Азаттық” Радиосының тілшісіне берген сұхбатында Қайта өрлеудің ислам партиясы төрағасының өкілі Мухиддин Кабири: “Саид Абдулло Нуридің дүниеден өтуі - орны толмастай қаза болды” деген пікір айтты.

“Мен Нуридің ешкім орнын баса алмайтын дара тұлға болғанын айтуға тиіспін. Ол Тәжікстанда және бүкіл Орта Азия аймағында өзіндік философия мектебін жүргізді. Оның мектебі – бейбітшілікке, жасампаздыққа, бірлікке, төзімділікке және кешірімпаздыққа үйретті. Бұған дейін Тәжікстан қоғамында ондай нәрсе болып көрмеген-ді, ел мұндай нәрселерді білмейтін. Бірақ ол Исламның бейбітшілік сүйетін және кешірімге дайын дін екенін көрсетті. Міне бұл оның Тәжікстанда қалдырған мұрасы болып қалады ғой деп үміттенемін”, - деп атап көрсетті Кабири.

Саид Абдулло Нури тәуелсіздік алғаннан кейінгі ондаған жыл бойы жұртшылық назарында болды. Алғашқыда ол советтік дәуірден келе жатқан шенеунектердің қуғын-сүргінін көрген саяси топтардың басын қосқан Біріккен тәжік оппозициясының лидері есебінде танылды. Азамат соғысы жылдарында ол елден қашуға мәжбүр болып, Біріккен тәжік оппозициясын Ауғанстанда және Иранда қуғында жүріп басқара берді. Тәжік оппозициясының “Чироги Руз” ("Charoghi Ruz") газетінің бас редакторы Додаджан Атаулло азамат соғысының барысында қатаң тыйым салынса да өз газетін басып шығара берді. Газет Ресейде басылып, Тәжікстанға астыртын жеткізіліп тұрды. “Азаттық” Радиосының Тәжік Редакциясы Атауллоны қуғында жүрген Ресейден іздестіріп, өзі жақсы танитын марқұм Саид Абдулло Нури туралы көзқарасын сұраған еді.

“Оның қазасы маған ауыр тиді, жүрегімді ауыртты. Ол сырқаттанып жатқан уақытта, мен іштей болса да әрқашан онымен бірге болдым. Оның жүзі, оның ерекше қасиеттері, оның өткір көзқарасы әлі менің есімде. Мен оны ең ірі саяси қайраткерлердің бірі ретінде ғана емес, сонымен қатар ең басты тұлға әрі Тәжікстанның 20 ғасыр тарихындағы ең сүйікті қайраткері деп есептеймін. Мен оны нақ осылай қарастырамын”, - деп сыр бөлісті оппозициялық “Чироги Руз” газетінің бас редакторы Додаджан Атаулло.

Абдулло Нури - 1997-нші жылы Біріккен тәжік оппозициясы атынан тәжіктердің ұлттық бітім шартына қол қойып, 100 мыңдай халық қырылған азамат соғысын тоқтатты. Бейсенбі күні Нуриді жерлеу рәсімі барысында Тәжікстан парламентінің төрағасы ресми билік атынан және оның ішінде – Үндістанда ресми сапарда жүрген тәжік президенті Эмомали Рахмоновтың атынан сөз сөйледі. Өз сөзінде Махмад Убайдуллаев марқұмды Тәжікстанға тыныштық орнатуға зор үлес қосқан “керемет адам” деп бағалады.

“Оның жеке басының қадір-қасиеті мен саяси көрегендігі Тәжікстан азаматтарын және Қайта өрлеудің ислам партиясының мүшелерін жақсылыққа тәрбиеледі. Республика президенті оның атқарған рөлін, оның іс-әрекетін жоғары бағалайды. Бүгін біз белгілі саяси қайраткермен қоштасып тұрмыз. Біз оның орасан әрі тарихи істерін, оның рухани мұрасын ұмытпаймыз”, -деп атап көрсетті тәжік парламентінің спикері Махмад Убайдуллаев.

Совет өкіметі Нуриді діни әдебиетті таратқаны үшін 1973-інші жылы абақтыға жапты. Бір жылдан кейін ол жастардың “Нахзати исломи” атты әсіре исламшылдар ұйымын құрып, бірақ ол ресми түрде тіркелген емес. Азамат соғысының барысында Нури “Минбари Ислом” немесе “Ислам мінбері” атты газеттің бас редакторы болды. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Өзбекстанның белгілі исламшыл ғалымы Мухаммад Садық Нури туралы жылы пікір білдірді.

Мухаммад Садық: “Абдулло Нури Тәжікстанда Қайта өрлеудің ислам партиясын құрды. Азамат соғысы басталған соң, өкінішке қарай, ол елден қуылды. Бірақ өзінің іс-әрекеті барысында ол соғыс пен жаппай қаруланудан, теке-тірестен жақсылық болмайтынын және барлық мәселенің бейбіт жолмен шешілуге тиіс екенін түсінді. Ол Тәжікстанда бейбітшілік орнату жөнінде үкіметпен келіссөз жүргізді. Ол елге оралып, бейбіт қайраткерлікке бет бұрды. Онысы халықты бақытқа жеткізді”, - деп өз ойымен бөлісті.

Саид Абдулло Нуридің Қайта өрлеудің ислам партиясы – әлі де болса ресми түрде тіркелген бүкіл Орта Азиядағы жалғыз партия болып қалып отыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG