Accessibility links

Латвия орыс қауымдастығы Путинның бағдарламасын әр түрлі қабылдайды


Ресей президенті Владимир Путин шетелдерде тұратын орыстарды Ресейге қайтару бағдарламасына маусым айында келісім берді. Бағдарлама Латвияда көп қызуғышылық табатын сияқты. Латвияда орыс диаспорасы үлкен және олар жағдайымыз нашар деп көптен бері шағым айтып келеді.

Орыстар Латвия халқының 40 пайызын құрайды. Егемендік алып, Совет Одағынан бөлініп шыққан Латвияда орыстар жағдайымыз шектеулі деп айтып келеді. Жүздеген мың орыс принципке барып, Латвия паспортын алмай қойған. Енді олардың ешқандай азаматтығы жоқ. Олардың қолында "одақтас паспорты" деген құжат ғана бар. Бұл құжат олардың дауыс беру құқығын шектейді және осы құжатпен олар Ресейге не Еуропа Одағына еркін бара алмайды. Латвияның "одақтас паспорты" деген құжатын үш Балтық елі мен Дания ғана мойындайды.



Орыстардың құқықтарын "Біртұтас Латвиядағы адам құқықтары" деген партия қорғайды. Ұйым белсендісі, Рига қалалық мәслихатының депутаты, ұлты орыс азамат Владиславс Рафалскис Латвия азаматтығын алу орыстарға аса қиын болып тұр дейді:

- Біз кемсіту жолына түсіп қалдық. Біз латыш тілінен емтихан тапсыруымыз керек, Латвия тарихынан, Латвия мәдениетінен емтихан тапсыруымыз керек. Мен осы елде өмір бақи тұрып келемін, әрине, бұл елдің тарихын, мәдениетін және тілін білемін. Мен Латвия үкіметіне ант беруім керек екен. Ал енді әділетсіз заңдарға наразылық танытсам – онда "үкіметке бағынбайтын азамат" деп таныламын. Ал енді Латвия заңдары негізінен орыс халқын қорлауға бағытталған.

Орыс депутаты Владиславс Рафалскис айтып отырғандай, Латвия ұлтшылдары шетелдіктерге қарсы бағытталған заң жобасын дайындап жатыр. Болашақ заң бойынша лоялды емес, яки "үкіметке бағынбайтын азамат" деп танылған азаматтар Латвия азаматтығынан айырылуы мүмкін.

Латвия орыс қауымдастығы Путинның бағдарламасын әр түрлі қабылдайды. Мұны радиомыздың тілшісі Клейр Бигтың таяуда Латвияға жасаған сапары көрсетіп отыр. Мәселен, 18-жасар Ольга мен оның жігіті, 20-жасар Миша – Латвияда туып, өскен орыстардың екінші буынынан. "Ресейде бізді кім күтіп отыр, кімге керекпіз, Ресейдегілер бізді орыс деп қабылдамас, өз еліміз, отанымыз Латвияға жүректеріміз берілген" дейді Ольга мен Миша. Міне, осы екі жас азамат Латвияда қаламыз, құқықтарымыз үшін күресеміз дейді.

Бірақ, Латвия орыстарының барлығы мұндай пікірде емес. Латвия орыстарының көпшілігі туған жерлері қандай болса да отанымыз – Ресей деп таниды. Латвия орыстарын Ресейге қайтару ұйымын басқаратын Евгений деген азамат президент Путинның бағдарламасы біз үшін құтқару жолы болып отыр, бірақ ол іске аспай қалса, Латвия сияқты шетелде тұрып жатқан көптеген мың орысқа бұл қасірет әкеледі дейді.

Ресей үкіметі қабылдаған бағдарлама бойынша Ресейге оралған орыстарға жәрдемақы, әлеуметтік көмек, Ресей азаматтығы берілмек. Ресей үкіметі осы бағдарлама арқылы демографиялық мәселесін шешіп алмақ. Ресей халқы қазір қысқарып жатыр. Ресейден тыс бұрынғы совет елдерінде жүздеген мың орыс жасайды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG