Accessibility links

Ақпарат министрі Е.Ертісбаев бұқаралық ақпарат құралдарын жемқорлықпен күреске шақырды


Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев бұқаралық ақпарат құралдарын жемқорлықпен күреске шақырып, журналистік зерттеу жанрын қайта жаңғыртуды ұсынып, сыбайлас жемқорлық тақырыбына мақала жазғандарды қорғап алуға уәде етті. Бұл туралы ол Астанада тамыздың 17 күні министрліктің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда пара алып қолға түскендер саны жыл сайын көбейіп келеді. Елдің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, осы кеселмен дереу күреспесе жағдай насырға шауып кетуі мүмкін.

«Сондықтан мен бұқаралық ақпарат құралдарын жемқорлықпен күреске шақырып, журналистік зерттеуді қайта жаңғыртуды ұсынамын. Ал, осындай материалдар жазған журналистерге қысым көрсетілетін болса мен оларды қорғауға уәде беремін, деп мәлімдеді министр тамыздың 17-күні Астанада өткен министрліктің кеңейтілген отырысында.

Министр Ертісбаев айына бір рет осы тақырыпта жазатын газеттерге жабық форматта жиналып талқылауды ұсынды.

«Бұл материалдарды алдымен жемқорлықпен күрес комиссиясының жетекшісі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, президент көмекшісі Марат Тажинге бере аламын, премьер-министрді ақпараттандыра аламын, керек болса елбасында», - деді ол.

Өз есімін атағысы келмеген қазақстандық журналист министрдің бұл әрекетін құптай отырып, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетілмесе деген тілек білдіреді:

- Басқа шет елдерде министрлерді жамандаған газет, журналдар болса, олар сол редакциямен соттасады немесе отставкаға кетеді. Сөз бостандығы сол жерде жатыр деп ойлаймын.

Ал, министр Ертісбаевтың айтуынша, мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру барысында жемқорлық тақырыбына жазған үкіметтік емес ұйымдарға жеңілдіктер жасалатын болады. Және оппозициялық басылымдарға да көмек көрсетіледі, деді министр.

Ертісбаевтың айтуынша ол тек қорғап қана қоймай, олардың жұмыс істеуіне барлық шараларды қолданады.

- Мысалы, «Республика» газетінің өзі соңғы жарты жыл ішінде маған жарнама жасап келеді, мен туралы айтпаған бір де бір нөмірі болған жоқ. Кез-келген елде кез-келген саясаткер бұл үшін үлкен ақша төлейді, - деді ол.

Ал, бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің баспасөз хатшысы болған журналист-саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарындағы жемқорлық жайындағы мақалалардың жарық көргенімен, оның әсері жоқ.

- Материалдар шығып жатқаны белгілі. Оған ешкім назар аударып жатқан жоқ. Өкінішке орай, әлі Қазақстан өркениетті мемлекет деңгейіне жете қойған жоқ. Олай болса «Қазақгейт» мақаласы бойынша Назарбаевтың өзі отставкаға кетуі керек қой, - дейді Ә.Қосанов.

Ал мемлекеттік меншщіктегі «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Олег Квятковскийдің айтуынша, ол кампанияға сенбейді.

- Ал бірақ, жемқорлықты азайтуға бағытталған президент Назарбаевтың саясатына сенемін, жемқорлықты жеңу мүмкін емес, - дейді ол.

Негізінен оппозициялық газеттерге қолдау көрсететін «Журналисты в беде» қорының президенті Розлана Таукинаның пікірінше, бұған дейін журналистік зерттеулерге билік ешбір әрекет жасамаған. Оған мысал ретінде Розлана Таукина «Қазақстан темір жолы» және «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы жемқорлық туралы мақалаларды келтірді.

Қазақстанда жыл сайын коррупцияға жататын 700-800 қылмысты іс тіркеледі және биылғы жылдың 5 айының көрсеткіші өткен жылдың осы уақыт кезеңімен салыстырғанда 5-6 пайызға артық болды. Бұл туралы Қазақстан бас прокурорының орынбасары Ерғали Мырзадинов хабарлаған болатын.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG