Accessibility links

Қоршаған ортаны қорғау министрі «Теңізшевройл» компаниясында табиғатқа зиянды 10 миллион тонна күкірт жиналып қалғанын айтады


Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов елдегі ірі инвесторлар болып табылатын мұнай компанияларының қарсылығына қарамастан, қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзғаны үшін мұнай компанияларымен жасалған келісімдерді қайта қарау қажеттігі жөніндегі ұсынысы бойынша жұмысын жалғастыра беретінін айтты. Бұл туралы ол Астанада тамыздың 18 күні журналистердің сұрақтарына берген жауабында хабарлады. Оның айтуынша, тек бір «Теңізшевройл» компаниясы жұмысының нәтижесінде табиғатқа зиянды 10 миллион тонна күкірт жиналып қалған.

Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, министрлік биылдан бастап сот арқылы экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін табиғи тұтынушы мекемелердің жұмысын тоқтату немесе жабу туралы үлкен акциясын жалғастырады. Қазір қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзғаны үшін Қазақстан бойынша шағын 47 кәсіпорын жабылды деп хабарлады қоршаған ортаны қорғау министрі.

Министр Нұрлан Ысқақовтың айтуынша тек «Теңізшевройл» компаниясының өзі көптеген тексерістерге қарамастан өз жұмысын жақсартуға еш шара қолданбай отыр. Және бұған дейін хабарланғандай далада жатқан 9 миллион тонна күкіртке тағы бір миллион тонна қосылған. Ал, оның жыл сайын өңделетіні тек жарты миллион тонна, дейді министр Ысқақов:

- Ол контрактіні алып қою емес, контрактінің ішіне экологиялық заңнаманы бұзбау ретіндегі қатаң талаптарды қою мәселесін қойып отырмыз.

Министрдің пікірінше, мұнай компанияларымен Қазақстан, яғни энергетика министрлігі арасында жасалатын келісімдерде жазылғандай, әр мекеме жұмысын толығымен Қазақстан заңдарына сәйкес жүргізуі керек. Ал, мұнай компаниялары экология заңдарын бұзып отыр, дейді министр. Ысқақовтың айтуынша Каспийде болған соңғы оқиғада мұнай компаниясында болған апат кесірінен Каспийге төгілген мұнай тез арада жиналмаған, нәтижесінде қоршаған ортаға зиян тиді. Ал, егерде бүгін бір кен орнындағы апаттың кесірін жоя алмасақ Каспийдегі үлкен апаттар өте қауіпті, дейді министр Ысқақов.

Қазақстан бойынша экологиясы нашар аумаққа жататын Атыраудың табиғат прокуроры Батыр Жазбаевтың айтуынша, қоршаған ортаға кесірін тигізетін мұнай компаниялары бар:

- Алаңдатып отырғаны «Теңізшевройл» және «Аджиптің» жұмысы, тағы басқа табиғатты қолданатын 46 кәсіпорын бар. Мұнай табатын жерде экология бұзылады.

Күкірттің сыртында жыл сайын 14 миллиард текше метр газ жағылып ауаны ластайды, дейді экологтар. Дәрігерлердің айтуынша «Теңізшевройл» серіктестігіне жақын жатқан елді мекендердегі тұрғындардың барлығында дерлік денсаулықтары нашар. Ал «Теңізшевройл» серіктестігі бұл туралы ақпаратты құпия етіп ұстап отыр. Ресми мәлімет бойынша, бұл кәсіпорында 1993 жылдан бері 250 жұмыскер қаза болған, ал, жұмыскерлердің өздері бұл тек ресми көрсеткіш, деген пікірлерін білдірген. Олардың кейбіреуі жүрегіміз қысылып жадымызда сақтау қабілетіміз төмендейді, деп дәрігерлерге шағымданған. Атырау облыстық денсаулық сақтау департаментінің маманы Зямзям Бостыбаеваның айтуынша, мұнай шыққан кезде босатылатын газ адамның миына кері әсерін тигізеді:

- Бұл газ адамның ақыл ойының дамуына, психикасына кесірін тигізеді.

Ал, Атырау облыстық экология басқармасының маманы Құралай Шанкиева мұнай компанияларын айыптай беруге болмайды деген пікірде, оның айтуынша, «Теңізшевройл» серіктестігіне 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған, қазір оның жартысы төленген. Және одан түскен қаражат бюджетке түскенсоң қайтадан табиғатты қорғау шараларына жұмсалады, дейді ол. Бастысы «Теңізшевройл» серіктестігі болашақта бұл проблеманы шешетіндігін жеткізген, дейді эколог:

- Бұл бір күнде шешілмейді, қазір кәсіпорын газды өңдейтін зауыт саламыз деп бағдарлама жасаған.

Ал, Министр Ысқақовтың айтуынша қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл түсімдері төмен. Кәсіпорындарға бұл айыпты төлеген күннің өзінде құқық бұзушылықты жалғастыра берген оңай және олар жыл сайын қайталанып отырады, дейді министрлік басшылығы. Ал, Ақтөбе облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Ақылбек Дадиннің айтуынша түсімдердің аздығына заң олқылықтары себепкер:

- Заңдағы олқылықтарға байланысты біздің қызметімізбен жиналған барлық қаражат облыстық бюджетке түседі, сол облыстағы депуттардың құзырында ол, солар шешеді.

Әзірге Қазақстанда ауаны ластаумен күрес айыппұл арқылы немесе күкіртпен газды игеретін компанияларға жеңілдіктер жасау арқылы жүргізіліп келеді.
XS
SM
MD
LG