Accessibility links

Алматының «Шаңырақ» елді-мекенінде заңсыз соғылған баспаналардың бұзылуына қарсы наразылық шеруі өтпейтін болды


«Шаңыраққа тірек» комитетінің төрағасы Дос Көшім алдағы жексенбі күні Алматыда өтуі тиіс болған акцияның тоқтатылуын Бас прокурор Рәшид Түсіпбековтың Шаңыраққа қатысты қабылдаған шешімімен байланыстырып отыр. Алайда бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері жоспарланған шеру прокуратураның баспаналарды бұзуды тоқтатқан үкіміне қарамастан өтуі тиіс еді деп есептейді.

Алматының шеткері аймақтарындағы ауылдардың, оның ішінде Шаңырақ ықшам ауданындағы заңсыз соғылған үйлерді бұзуға қарсы наразылық шеруі өтетіндігін апта басында хабарлаған «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитеті тамыздың 18-күні Алматыда баспасөз мәслихатын жинап, наразылық акциясы болмайтындығын жеткізді. Аталған комитет төрағасы Дос Көшімнің айтуынша, қалалық әкімшіліктің рұқсаты бар акцияның өтпей қалуына Бас прокурор Рәшид Түсіпбековтың оң шешімі түрткі болып отыр.

- Әуезов аудандық соты Шаңырақтағы 104 үйді бұзу туралы шешім шығарған соң біз оған қарсы күрестің екінші тәсілін қолданғымыз келген. Тамыздың 20-күні Алматыда наразылық шеруін өткізу туралы өтінішті қалалық әкімшілік қабылдаған болатын. Ал тамыздың 16-күні Бас прокуратураның қаулысы шығып, соған байланысты комитет шеруді өткізбейтін болып шешті. Себебі, біздің мақсатымыз - халыққа ақпарат жеткізіп отыру және желтоқсан оқиғасындағыдай жазықсыз адамдардың кетпеуін бақылау, - деді Дос Көшім.

Ал «Өз баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының төрағасы Маржан Аспандиярова наразылық шеруі өткізілуі керек еді деп санайды.

- Наразылық шеруі - халықтың пікірін көпшілікке жеткізетін шаралардың бірі. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, осындай шаралар ұйымдастыру арқылы қоғамдық пікір қалыптасып, азаматтық қоғамға тезірек жетеміз деген ойдамын, - деді Маржан Аспандиярова.

Тамыздың 16-күні Қазақстанның Бас прокуроры Рәшид Түсіпбеков Алматының Шаңырақ ықшам ауданындағы үйлерді бұзу туралы барлық сот шешімдерін жүзеге асыруды тоқтату жөніндегі үкім шығарған болатын. Бұл қаулы Алматы қаласы бойынша соттар әкімшілігінің атына жолданғандығын «Азаттық» радисоына Бас прокуратураның баспасөз қызметкері Әлім Қайдаров хабарлады.

- Құжатта атап көрсетілгендей, үйлері бұзылуға тиіс азаматтарға соттың шешіміне қадағалау тәртібімен қарсы шағым түсіруге уақыт беріп, мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық жариялау туралы заңына сәйкес шағым түсіруге мүмкіндік беру керек. Құжатта сонымен бірге сот актілерін орындау аталған аудан тұрғындарының өмірі мен денсаулығына мүлкіне орасан нұқсан келтіруі мүмкін екендігі айтылған, - деді прокуратураның баспасөз қызметкері Әлім Қайдаров.

Бұған дейін Әуезов аудандық соты Алматы қалалық жер ресурстары басқармасының Шаңырақ тұрғындарына қатысты заңсыз салынған үйлерін бұзып, өз бетімен басып алған жер телімдерін қайтару туралы 104 шағымын қанағаттандыруға шешім қабылдаған болатын. Ал Шаңырақ тұрғындарының құқығын қорғаушы заңгер Денис Әмірбеков болса Әуезов аудандық сотының 104 үйдің бұзылуына қатысты шығарған шешіміне шағым түсіргендігін айтты.

- Біз бұл шешімнің кері қайтарылып, сот орындаушыларының әрекетін заңсыз деп саналуын сұрап отырмыз. Қазіргі уақытта бұл шағым азаматтық істер бойынша сот алқасында жатыр. осы сі бойынша соттың қашан өтетіндігі алодағы уақытта белгілі болады, - деді Денис Әмірбеков.

Шаңырақ тұрғыны Қорлан Даубаева Бас прокурордың шешімін қуана қабылдағандығын, бірақ мүлікті заңдастыруға мүмкіндік болмай отырғандығын айтып отыр.

- Түптеп келгенге Бас прокурор оң шешім қабылдап, бізге баспаналарымызды жекешелендіруге мұрсат берген екен. Бірақ ондағы отбасылар үйлерін заңдастыра алмайды, өйткені көпшілігінің жеке куәліктерін жинап алып, отбасы қожайындарын ұстап отыр. Қалай дегенмен де прокуратураның осындай шешім қабылдағаны көңілге медеу болып тұр, - деді Шаңырақ тұрғыны Қорлан Даубаева.

«Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитеті бұған дейін шілденің 14-күнгі оқиғадан соң 108 адам Алматының ішкі істер департаментінде тергеу амалдарына тартылғандығын, қазіргі таңда 17 адамға қарсы қылмыстық іс қозғалғандығын, оның үшеуі «адам өлтірген» деген күдікпен тергеу абақтысында жатқандығын хабарлаған болатын.
XS
SM
MD
LG