Accessibility links

Қазақстанда 9 миллионыншы қазақ дүниеге келді


ҚР Статистика агенттігі Атырау облысының Индер ауданының перзентханасында дүниеге келген егіздің үлкені - Әсем атты қызды 9 миллионыншы қазақ деп хабарлады. Ал Әсемнен кейін дүние есігін ашқан інісі Әсет 10 миллионыншы көштің жол бастаушысы болып отыр.

Қазақстанның 9 миллионыншы қазағын дүниеге әкелген ана Гүлфан Хайроллақызы “Азаттық” радиосына берген сұхбатында:

“Мұндай қуанышты хабарды бүгін таңертең, яғни тамыздың 18-і күні ғана естідік. Облыстық әкімшіліктен қоңырау шалды. Балалар біздің тұңғыштарымыз. Әсем сәл жылаңқы, ал інісі Әсет жыламайды. Қазір денсаулықтары жақсы, өсіп жатыр”, - деді.

9 миллионыншы қазақтың әкесі Абзал Мақтымұлы бүгінде жұмыссыз екен. Ол сәбилерім аман-есен ержетуі үшін материалдық көмек болса деген ойын жеткізді.

Қазақстанда 9 миллионыншы қазақтың тууына байланысты, елдің статистика агенттігі оның кім екендігін анықтау мақсатында халықтың азаматтық хал жағдайын тіркеу жөніндегі уәкілетті органдары мен көші-қон полициясы қызметтерінің 2006 жылдың қаңтар-маусымындағы мәліметтері негізінде жасалған демографиялық деректер базасын статистикалық әдіснамалық әзірлемелерге сәйкес өңдеп, Қазақстанның 9 миллионыншы қазағы 2006 жылдың 10 маусымында тіркелгенін анықтады. Статистика агенттігі 2006 жылдың 10 маусымында Индербор кенттік әкімшілігі бірінші тіркеген Әсем атты қызды Қазақстандағы қазақ ұлтының 9 миллионыншы тұрғыны деп, ал Әсемнен кейін туып және одан кейін тіркелген інісі Әсет, келесі - 10 миллионыншы көштің жол бастаушысы болып отыр, деп хабарлап отыр.

Мұндай жаналықты қарапайым тұрғындар да әр түрлі қабылдағандарын айтады.

“Қазақ көбейіп жатса қуанамыз. 20 миллионға жетсек тіпті жақсы. Менің 5 балам бар. Солардың соңы 22-де. Соларға мен үйлен деп айта алмай отырмын. Өйткені, басында баспанасы жоқ. Үйі болса баласы да болар еді”, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Жаңыл Әбілжанова есімді ана.

Аманжол Қадыров есімді тұрғын Қазақстанның Статистика агентігінің бұл ақпаратымен мүлдем келіспейтін болып шықты.

“9 миллион қазақ! Мен мұндай санға сенбеймін. Ондай қайтіп болады? Жастардың барлығы басында - үйі, қолында - жұмысы жоқ қаңғып жүр. Қысы-жазы базарда тұрады. Олардан қандай бала туады? - дейді Аманжол.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі Қазақстандағы қазақтардың саны биылғы жылдың 1 шілдесіне 9008016 адамды құрағанын хабарлаған болатын.
XS
SM
MD
LG