Accessibility links

Иран зымыран сынағын өткізді


Жексенбі күні Иранда қысқа қашықтыққа ұшатын жаңа зымыран сынақтан өткізілгені туралы хабар таратылды. Осының қарсаңында ғана Иран жаңа қорғаныс доктринасын енгізудің алғашқы шарасы ретінде кең көлемді әскери жаттығу ойындарын бастаған болатын. Бұл әскери шаралар Иранның ядролық бағдарламасына байланысты Батыс елдерімен арадағы шиеленіс ушығып тұрған сәтке сай келіп отыр.

Қатарынан 10 зымыранның жылжымалы қондырғыдан атылғанын әйгілеген бейнекөріністі Иранның үкіметтік телеарнасы жексенбі күні көрсетті. Ресми бұлақтардың хабарлауынша, сынақ астана Тегераннан 250 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан Кашан шөлінде өткізілген. Жаңа зымыран 80 шақырымнан 250 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұша алатыны хабарланды.

Сенбі күні Иран кең көлемді әскери жаттығу ойындарын бастаған еді. Бұл шараның мақсаты елдің жаңа қорғаныс доктринасын баянды ету деп мәлімденді. Иран әскерлерінің бас қолбасы Аятоллa Салехи Иран мүмкін шабуылдарға әзір болуы тиіс деп атап өтті.

"Әскери ойындар барысында сіздер көріп отырған күш-қуат жауларымыздың құйтырқы мақсаттарына қарсы күрес барысында біз жинақтаған тәжірибеге негізделген. Біздің жауларымызды сөзсіз қапыда қалдыратын жоспарды дайындап қойдық", - деп мәлімдеген Иран әскерлерінің бас қолбасы Аятоллa Салехи.

Әскери ойындар бес аптаға дейін ұласуы мүмкін және Иранның 30 уәлаятының 14-інде өтеді.

Иранда жексенбі күні әскери жаттығу ұшағының апатқа ұшырағаны туралы да хабар келіп түсті. Мемлекеттік телеарнаның хабарлауынша, ұшақ Тегеранның солт.-шығысында қалааралық автожолға қонуға мәжбүр болған. Қону кезінде ұшақтың қанаты жол шетіндегі су қоймасына тиіп кетіп, соның салдарынан ұшақ жанып кеткен, ұшақтa болған жалғыз ұшқыш аман қалған. Алайда ресми орындар апатқа ұшыраған ұшақтың қазір елде өтіп жатқан әскери ойындарға мүлде қатыспағанын айтып отыр.

Иран биылғы жылдың сәуір айында Парсы Шығанағында әскери ойындар өткізген болатын. Ол жолы да Иран жаңа зымыран, торпедо және тағы басқа әскери қондырғыларды сынақтан өткізген еді.

Талдаушылардың пікірінше, Иран ол жолғы әскери ойындары арқылы өз ядролық бағдарламасына байланысты мәселе ушыққан жағдайда Парсы Шығанағындағы мұнай тасымалына шектеу қоя алатындығын көрсетуге тырысқан. Батыс елдері Иранның ядролы бағдарламасы астарында атомдық қару жасау жоспары бар деп сезіктенетіні мәлім.

Жексенбі күнгі мәлімдемесінде Иран Сыртқы İстер министрлігінің баспасөз уәкілі Хамид-Реза Ассефи өз елінің уран байытудан бас тартпайтындығын тағы да қайталады. Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі шиеленісті шешу келіссөздері барысында Иранға жасалған алтыжақты ұсынысқа ресми Тегеран тамыздың 22-сіне дейін жауап беруі тиіс.
XS
SM
MD
LG