Accessibility links

Алдан Айымбетов дүниеден өтті


Тамыздың 21-і күні Алматы жұртшылығы белгілі журналист “Казахская правда” басылымының бас редакторы, философия ғылымдарының докторы Алдан Айымбетовті ақтық сапарға шығарып салды. Алдан Айымбетов тамыздың 19-ы күні Алматыда, 75 жасқа қараған шағында бақилық болды.

Өмірінің соңғы жылдарын баспасөзге арнaп жалғыз өзі “Казахсая правда” атты басылымды жарыққа шығарып, өз ұлтының патриоты болған Алдан Айымбетовті ақтық сапарға саясаткерлер мен журналистер, қоғамдық ұйым өкілдері мен қатардағы азаматтар шығарып салды.

Алдан Айымбетовтің адамдық болмысы мен азаматтық бейнесі, оның қоғамдағы орны туралы мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов:

“Алдан Айымбетов - қазақтың ірі тұлғаларының бірі. Ол қазақ деген халық мүддесін өзге тілде қорғаған бірінші адам. Басқа ұлт өкілдерін айтпағанда өз тілін ұғудан қалған 40-50 пайыз қазаққа солар түсінетін тілде қазақтың кім екендігін танытты. Көп жағдайда біздің ұлтымыздың қадірін білмейтіндердің тілінде сөйлеп, соларға тойтарыс берді,” - деді.

“Алдан Айымбетов туралы көп айтуға болады. Кейінгі уақытта өзін ұмытып, денсаулығының нашарлап, көзінің көрмей қалғанына қарамастан қалайда газетімді шығарайын менің даусым халықтың даусы болсын, деп тынбай еңбектенді. Жасының ұлғайғанына қарамастан өмірінің соңғы сәтіне дейін көлік жүргізіп, компьютермен жұмыс істеді. Сөйткен ағамыз кенеттен ортамыздан кетіп қалды. Енді ол кісінің бастаған ісін жалғастырып, ойларын аяқсыз қалдырмау ұлттық мүдде жолындағы күресті одан әрі жалғастыру біздің міндетіміз,” - дейді “Казахская правда” басылымының авторларының бірі Ғайнижамал Шекей.

Ал “Central Asia Monitor” басылымының бас редакторы Бигелді Ғабдуллин марқұм Алдан Айымбетовтың журналистикадағы орны туралы:

“Алдан ағамыз журналистикада көп болмаса да өзінің ізін қалдырған ғалым, журналист, публицист. Ол кісі: “қазақ журналистикасы өз деңгейін көтеремін десе, онда қазақтардың арасына барып елдің өмірін көруі керек,” деп айтатын. Өзі де солай істеді. Қаралы жиынға орыстар да, казактар да жиналды. Бұл оған көрсетілген шын құрмет. Жатқан жері жайлы болсын!” - деді.

13 жылға жуық уақыт баспасөз саласында халыққа қызмет еткен профессор Алдан Айымбетовтің артында зайыбы мен үш қызы қалды.
XS
SM
MD
LG