Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.22.2006 жыл


Сейсенбілік газет қазақ-қытай шекарасында 500-ге тарта жүк мәшинесі қаңтарылып қалғандығы туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдарда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға сапары барысында ОБСЕ ұйымына төрағалық ету мәселесі де сөз болатындығы айтылыпты.

Қытай мен Қазақстанның ортасындағы "Қорғас" кеденінде кеден қызметкерлері тауарларды декларациялаудан бас тартып, Қытайдан тауар тиеп шыққан көліктерді Алматыдағы кеден бекетіне жөнелтіп жатқандығы «Айқын» газетінде жазылыпты. «Кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда, 14 тамыздан бері халық тұтынатын, тез бұзылатын тауарлар және арнайы техникалар тиелген 500-ге тарта автокөлік "Қорғас" кеденінен бері қарай өте алмай, Қытай жағында шоғырланып тұр. Олар тауарларын елдерінен шалғайдағы Алматы қаласында емес, бұрынғыдай, осы "Қорғас" кеденінде декларациялауды талап етуде. Қалталарындағы соңғы тиындарына дейін тауарға салған Талдықорған, Семей, Қарағанды жақтың кәсіпкерлерін, жолдарынан алшақта жатқан Алматыға жүктерін апарып декларациялап, кері қайту біршама шығынға батыратын түрі бар» деп жазды «Айқын» газеті.

Осы тақырып төңірегінде жазылған «Литер» газетінің мақаласында былай делінген: «Қорғас» кеден бекетінде жүкті тіркеуге қатысты барлық құрал-жабдықтар бар: екі миллион долларға сатып алынған арнайы сканер, компьютерлік таразылар, уақытша сақтау қоймалары. Кеден бекетіндегі мұндай өзгерістің болатынын кәсіпкерлер алдын ала болжап біле алмайды. Кеден комитетіндегілердің үнсіздігі кәсіпкерлерді одан сайын әбігерге түсіруде» делінген мақалада. «Бұған дейін аталған кеден бекетінде Қытайдан келетін тауар үшін барлығы бір жарым миллион төлеп келген. Енді салық тауардың көлеміне қарай салынатын секілді. Ал кеденшілерде әр тауардың қанша тұратындығы туралы мәлімет жоқ» деп жазды «Литер» газеті.

«Казахстанская правда» басылымы болса «Қорғас» кеден бекетіндегі мұндай өзеріске Кедендік бақылау комитетінен түскен ауызша нұсқау түрткі болғандығын келтіріпті. Қазақстан кеден декларанттары одағының президенті Нұрлан Бұршақбаевтың айтуынша, кеден декларациясын рәсімдеуді таңдау құқығына ешкім өзгерту енгізбеген. «Егер тауарға күмән келтіретін болса, онда тиісті тексерулерді «Қорғас» бекетінде жүргізуге болар еді» дейді Нұрлан Бұршақбаев. «Ал егер кеден бекетіндегі жүк мәшинелерін Алматыға жөнелте берер болсақ, онда Алматының экологиясына оң әсер етпейтіні анық» делінген мақалада. «Қазақстан қазір Әлемдік сауда ұйымына кіруге, сонымен бірге Еуразиялық экономикалық қауымдастық аясында Кеден одағын құруға күш салып жатыр. Ал мұның бәрі республикадағы кеден заңдылықтарын дұрыстауды талап етеді» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

«Экспресс К» газеті «Қорғас» кеден бекеті Алматыға көшірілетін шығар деген болжам жасапты. «Ал бұл дегеніңіз үлкен шығынды талап етеді. Мәселен, миллиондаған қаржы тұратын сканер мәшинесі мен басқа да ірілі-ұсақты техниканы тасудың өзі оңай шаруа емес, деді Қазақстан кәсіпкерлерін қорғау одағының президенті қызметін атқарушы Мария Резван. Ал кеден брокерлері қауымдастығының президенті Генадий Шестаков болса бұл жағдай кеден бекетіндегі жемқорлықты азайтатындығын айтып отыр» делінген «Экспресс К» газетіндегі мақалада.

«Қазақстанда ұялы телефондардың қымбаттауына кеден кінәлі ме?» деген сұраққа «Комсомольская правда» газеті жауап зідепті. «Соңғы үш айдың ішінде ұялы телефон нарығындағы баға құбылып тұр. Қазақстанға ұялы телефондардың 20 пайызы заңды жолмен, ал 80 пайызы заңсыз жолмен әкелінеді» делінген мақалада. «Үлкен көлемдегі тауар Қытай және Араб әмірліктерінен тасылады. Кеден комитетінің контрабандаға қарсы бағытталған бағдарламасының нәтижесінде кеденшілер контрабандалық тауарға көздерін жұмып қараудан сескене бастаған. Соған байланысты да ұялы телефондар тапшылығы сезіліп, баға көтерілген» деп жазды «Комсомольская правда» газеті.

Бұл уақытта «Айқын» газеті президент Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйек айында Вашингтонға баратындығына мән беріпті. «Бұл сапар АҚШ президенті Джордж Буштың шақыруымен жүзеге асқалы отырғаны мәлім. Екі ел басшысының жоғары деңгейдегі кездесуі кезінде басты бір мәселе ретінде Қазақстанның 2009 жылы ОБСЕ ұйымына төрағалық ету үміті талқыға түспек» делінген мақалада. «Ұйымның тәртібі бойынша, таңдау кезінде ОБСЕ-ге мүше барлық 55 елдің барлығы Қазақстанды «төрағалыққа лайық!» деп тауып, жаппай жақтап шығуға тиіс, егер бір ел титтей қарсылық танытса, Қазақстанның кандидатурасы өтпей қалады. Бүгінгі таңда Қазақстанның төрағалыққа үміткерлігін қолдайтынын ресми түрде отызға тарта ел ғана жариялады. Ал Ұлыбритания және Америкамен екі жақты консультациялар әлі жалғасып жатыр. Осы орайда аты-жөні белгісіз болып қалуды қалаған ел басшылығына жақын жоғары лауазымды тұлға алдағы қыркүйек айындағы елбасының АҚШ-қа ресми сапары осы биік мұрат бағытындағы шешуші қадам болуы мүмкін дегенді айтады» делінген «Айқын» газетіндегі мақалада.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG