Accessibility links

Президент қол қойған тұжырымдаманы Үкімет орындай ма?!


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабылеттігін дамытудың 2006-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» жарлыққа қол қойды. Тұжырымдамада көрсетілгендей, 2008 жылға дейін ақпарат саласындағы заңнамалар жетілдірілу керек болса, 2009 жылға дейін ақпараттық нарықта қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабылетті болуы керек. Бұл тұжырымдама Қазақстанда қаншалықты жүзеге асыу мүмкін деген сауалға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері әртүрлі жауап береді. Бірі – билік кедергі жасамауы керек десе, енді бірі – кадрлардың кәсіби біліктілігі жоғары болуы қажет дейді.

Қазақстан президенті қол қойған ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабылеттігін дамытудың 2006-2009 жылға дейінгі тұжырымдамасының мақсаты заманауи әлемдік талаптарды ескере отырып, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының сапасын бәсекеге қабылетті ету. Осы тұрғыда тұжырымдамада көрсетілгендей, 2008 жылға дейін бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңнамаларды жетілдіру және мемлекеттік – қазақ тіліндегі ақпарат құралдарын дамыту қажет болса, 2009 жылға дейін ақпараттық телекоммуникациялық инфрақұрылымдары әлемдік талаптарға сай ету. Сонымен бірге тұжырымдамада Қазақстанға сандық телевидение енгізу жоспарланған. Алайда оппозициялық бағыттағы тәуелсіз «Тасжарған» басылымының бас оқырманы Ермұрат Бапи аталған тұжырымдаманың шын мәнінде жүзеге асырылуына күмәнді. Оның пікірінше, билік әдеттегідей саяси әрекетін бүркемелеудің амалдарын қарастырып жатыр:

- Үстіміздегі жылдың жазында қабылданған «БАҚ туралы» заңға өзгеріс бүкіл әлемде демократиялық қауымдастықта реакциялық тұрғыдағы өзгерістер мен толықтырулар деп қабылданды. Енді осы күзде Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету мәселесі қаралатын уақыт таяп келе жатқанда, мұхиттың ар жағындағы Қазақгейттің соты басталатын шақта сол заңның соңын жуып-шаяу үшін концепция қабылдап, оны пәленбайыншы жылға дейін жүзеге асырамыз деп ұзақ сонар жоспар жасауының өзі тағыды жұртты алдамсырату деген амалдан туған әрекеттер деп қабылдау керек.

Ал республикалық «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек тұжырымдаманы Үкімет әзірлегенімен өздері орындалуына мүмкіндік бермейді дейді:

– Еркін шығып келе жатқан, бас көтере бастаған, өзін-өзі қаржыландыра бастаған, еркін тақырыптарға бара бастаған ақпарат құралдары Конституцияда көрсетілген еркіндіктерді толық пайдалана алмайды. Себебі қысым көп, цензура көп, ақпарат алу жағында қиындықтар көп.

Дегенмен республикалық «Айғақ» басылымының меншік иесі Дулат Әбіш кез-келген қоғамда ақпарат құралдарын дамытуға мүмкіндік бар дейді. Оның ойынша, ол газет шығарушы мен кадрға байланысты:

– Кез-келген бағдарламаны жүзеге асыру үшін ең алдымен журналистер дайын болуы қажет. Олардың кәсіби деңгейі жоғары болуы керек. Ал бәсекеге нарықтық экономикада қалыптасқан бұқаралық ақпарат құралдары ғана қатыса алады. Ал қазақстандық көп ақпарат құралдары нарыққа бейім емес. Мысалы өзім басқарып отырған газет нарықта 10 жыл болды. Енді біз осы бағдарламадан кейін әлемдік талаптарға сай жұмыс істеуіміз керек.

Енді тұжырымдамада көрсетілгендей мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдарын дамыту мәселесінде «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек көбінесе қазақ тіліндегі ақпарат құралдары қаржыландырудың аздығынан биліктің қол шоқпары болып отырады дейді:

– Биліктің бишігімен шығып отырған ақпарат құралдары нақты өмірде болып отырған жағдайдарды, оқиғаларды дер кезінде халыққа жеткізбейді. Ел күткен, халық күткен үлкен мәселелерді жасырып, жауып қалады. Осындай жағдайда әрине, қазақ тілді оқырман ақпаратты орыс тілді ақпарат құралдарынан алады.

Ал өзінің газетін – бизнестің көзі ретінде көретін «Айғақ» газетінің иесі Дулат Әбіш сөз бостандығынан гөрі өзінің мүддесін жоғары қоятындығын айтады:

– Менің өзімнің мүддем бар. Сол мүддем үшін күресем. Ондағы мақсатым – алдымен өзімді ойлаймын, одан кйін оқырманды, ұжымды ойлаймын. Мен оларға айлық беруім керек. Менің сауда белгім өмір сүруі керек. Осының бәрінде бәсекеге кіргенде артта қалмауым керек. Ол үшін қоғамдағы заңдар соған сай болуы керек.

Ал тұжырымдаманы биліктің 2009 жылға дейін үш жылға созуының өзінде саясат бар екенін айтады «Тасжарған» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи:

– Бұл қоғамдағы мүмкін болатын өзгерістерді күштеп, биліктің ырқымен ұзаққа созудың әрекеті.
XS
SM
MD
LG