Accessibility links

Ауғанстанның солтүстігінде қыздарға арналған мәдени бағдарлама өз жұмысын бастады


Бағдарламаны жүзеге асыруға БҰҰ көмектесуде. Мақсат - әйел балаларының қоғамдағы үнін нығайту, дейді ұйым өкілдері. Мазари-Шарифтегі консервативтік бағыттағы діни өкілдер болса бұл үдеріске қарсы.

Осыдан бірнеше жыл бұрын бір топ ауған әйелдері ән салғандары үшін өлтірілген болатын. Талибан билігі құлатылғаннан кейін, арада бес жылдай өткенде мұнда музыка мектебі ашылып отыр, дейді Азаттық тілшісі Рон Синовиц.

Сонымен Мазари Шарифтегі Нагашан өнер галереясында алғашқы әйелдер музыка мектебі ашылды. Бұл үшін Еуропа комиссиясы 9 мың доллардай грант бөліп отыр. Басталғанына 6 ай болған бұл бағдарламаны жүргізуші 25 жасар Масома Мазари деген әйел екен. Мектепте 18 қыз бар дейді ол.

“Музыка біздің рухымызға керек. Музыка арқылы біз дем аламыз. Өз көзқарасымызды білдіреміз. Музыка көмегімен бейбітшілік әкелеміз. Түйіндей айтқанда, әр адамның дерлік музыкаға деген қажеттілігі бар”, - деді Мазари ханым.

Барлық студенттер дерлік осыған дейін босқын ретінде Иранда тұрғандар екен. Кейбіреулері әке-шешесімен бірге қайта оралғанда ғана Ауғанстанды алғаш рет көрген боп шықты. Өзге де босқындар сияқты олардың алған тәжірибелері Ауғанстандағы әйелдер үшін қоғамда қалыптасқан кедергілерді жоюға көмектеседі, дейді мақала авторы. Ал, соңғы 20 жыл ішінде Ауғанстанда тұрақты түрде тұрған әйелдер болса, мұндай музыка мектептеріне баруға құлықты емес. Аталған мектептегі тек бір қыз ғана азамат соғысы жылдары және Талибан билігі тұсында Ауғанстанда өмір сүрген екен. Оның өзі Қабыл теледидарындағы жарыста 3-ші орынды иеленгеннен кейін ғана аталған мектепте оқуға шешім қабылдаған.

Мазари Шарифтің бас мешітінде Молда Аббас қыздар мен ұл балаларға Құранды бірдей үйретуде. Мұның өзі Талибан билігі тұсында мүмкін емес еді. Қалада музыка мектебінің ашылғандығын қаламайтындығын Молда Аббас ашық айтып отыр.

Қабылдағы БҰҰ өкілі Әлем Сиддиқ «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында БҰҰ-ның қолдауындағы бұл музыка бағдарламасының мақсаты - Ауған азаматтық қоғамындағы әйелдер рөлін нығайту, деді.

Студенттердің көпшілігінің айтуынша, олардың отбасы мүшелері қыздарының бұл бастамасын қолдайды. Ал, осы бағдарламаны басқарып отырған Масома Мазаридің пікірінше, көп уақыт өтпей-ақ, қыздар мен ұл балалар музыка кластарына бірге қатысатын болады. Алғашқы бітіретін бұл кластағы талапкерлердің кейбірі мұғалім ретінде дайындалуда. Олар кейін қыздар мен ұл балаларға арналған бөлек музыка кластарын аша алады, дейді Мазари ханым.

Бұл алғашқы музыка мектебіндегі екі мұғалім де ер адамдар екен. Халил Бахтари және Надаир Харими 10-шақты аспапта ойнауды үйретеді. Оның ішінде батыстық саксафон және электронды аспаптан бастап Ауғанстанның классикалық музыка саласында қолданылып келе жатқан табла, фисгармония, рабаб деген аспаптар да бар. Студенттер парсы, араб және хинду, сондай-ақ ауған музыкаларын да үйренуде.
XS
SM
MD
LG