Accessibility links

Тәжікстандағы президенттік сайлау алдында оппозициялық партиялар арасында өзара ауызбіршілік болмай тұр


Тәжікстан астанасы Душанбеден «Азаттық» радиосы тілшісінің хабарлағанындай, Тәжікстан президенттігіне сайлауға 3 ай қалғандығына қарамастан, елдегі негізгі оппозициялық партиялар арасында елбасылыққа ортақ үміткерді ұсыну бойынша өзара келісім болмай отыр.

Ислам Қайта өрлеу партиясының қазіргі жетекшісі Мохйедин Қабири бұрынғы белгілі жетекші Абдұлло Нуридің қазасынан кейін қиындау халда қалып отырғандығын жасырмайды. Тамыздың 9-ы күні дүниеден өткен Нури бұл оппозициялық партияның сенімді тірегі еді. Міне енді оның орнына келген Қабиридің мойнына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Оның алдында 26 мыңдай мүшесі бар партияны бірлікте ұстау секілді ауыр міндет тұр. Бұл жөнінде 42 жасқа келген Қабири «Азаттық» радиосының тілшісіне берген сұхбатында ашық айтқан болатын. Оның айтуынша, партияның ауызбіршілігі ойдағыдай. Бірақ, қыркүйекте өтетін партия құрылтайы алдында өзіне ұсынылуы мүмкін президенттікке кандидадтура мәелесіне келгенде ойланатындығын білдірді.

- Егер партия құрылтайында президенттікке мені ұсынатын болса, онда үміткер ретінде әріптестеріме өз шарттарымды қоямын. Ал олардың өз ойлары да болуы мүмкін, - дейді Мохйедин Қабири.

Ал егер Мохйедин Қабири қарашадағы президент сайлауына түспейтін болса, онда одан кім үміткер болуы мүмкін ? Кейбір талдаушылардың болжамына қарағанда, ондай үміткердің бірі - Ислам Қайта өрлеу партиясының негізін қалағандардың бірі Саид Ибрахим Назар кандидат ретін ұсынылуы мүмкін екен. Тағы бір келесі кандидат 1990-жылдан бері партиядағы ресми басшылықта болып келген Мохаммад Али Хаит болу мүмкін.

Ал Қабиридің айтуынша, алдымен партияның ресми саясаттық бағытын анықтап алу қажет.

- Одан кейінгі стратегия тағы бар. Билікте зорлық арқылы іс жүргізудің нәтижесі шамалы. Алдымен қоғамда бейбітшілікті сақтау лазым, - дейді Қабири.

Ал енді, кезінде айтулы да беделді жетекшісі Махмұдрози Искандаров болған Тәжікстан демократиялық партиясының алдында да үлкен мәселелер баршылық. Себебі, Искадаров қазіргі кезде 23 жылға бас бостандығынан айрылып түрмеде отыр. Дегенмен Демократиялық партияның жетекшілік міндетін атқарушы Рахматұлло Валлиевтің айтуынша, ол президенттік сайлауда үміткер ретінде қатыспақ. 50 жасқа келген Валиевтен өзге бұл партиядан тағы да 4 үміткер бәсекеге түспек. Сондықтан кандидатура мәселесі партияның қыркүйек құрылтайында шешілмек.

1990-жылдары үлкен беделге ие болған Тәжікстан Демократиялық партиясы арасына 1994-жылдан бастап іріткі түсті. Партия жетекшілігінде дағдарыс орын алып, бір топ мүше үкіметшіл Ватан партиясына өтіп кетті. Сондықтан, енді бұл партиядағы үміткер үшін 160 мың қол жинудай үлкен міндет тұр. Ал әзірше, партияда 4500 ғана мүше бар.

– Партиямыз елбасылыққа үміткерді таңдағаннан кейін біз уалаяттық бөлімшелеріміз арқылы қажетті қол жинауға кірісеміз. Ал әзірше, сайлау алды дайындығын бастап жібердік. Бірқатар мүшелеріміз Ресейде жүр. Оларға да толтыруға тиісті формалар жіберіп қол жинаймыз, - дейді Валиев.

Көптеген бақылаушылардың пікірінше, қарашадағы президенттік сайлауда Социал-демократиялық партиядан белгілі жетекші Рахматұлло Зоировтың мүмкіндігі молдау.

Бірақ сол Зокировты өткен айдағы жүрек талмасынан кейін оның кандидатурасы да күдік астында қалып отыр. Швейцарияда ем алып қайтқан Рахматұлло Зокировтің үйіне арнайы барып қайтқан тілшіміздің айтуынша, оның көңіл күйі көтеріңкі екен.

– Мен басынан өзіме сенімдімін. Ресейдегі бірнеше сарапшымен сөйлестім. Олар Тәжікстан Ата заңын егжей-тегжейлі зерттеп шықты. Олардың айтуынша, Ата заңдағы 2003-жылғы өзгертуге байланысты Эмомали Рахмоновтың бұл президенттік сайлауда үміткер ретінде қатысуға құқығы жоқ, - деген «Азаттық» радиосына Рахматұлло Зокиров.

Ал бұл арада қызмет басындағы президент Рахмонов өз ресми билік күшімен Тәжікстандағы БАҚ-дарының бәрінің үстінен бақылау жасап, президенттіктен үміткер болуы мүмкін деген ықтималды бәсекелесі, өзінің бұрынғы оққағары генерал Ғаффор Мирзаевтің және бұрынғы İшкі істер министрі Яқуб Салимовтың үстінен қылмыстық іс қозғау үшін айғақ-деректерін іздестіруде, дейді арнаулы тілшіміз Масуме Торфех.
XS
SM
MD
LG