Accessibility links

Тамыздың 24-і күні "Миттал Стил Теміртау" кәсіпорнында 13 жұмысшы техникалық ақаулардың салдарынан газбен уланып, ауруханаға түскен. Бұл туралы "Азаттық" радиосына Қарағанды облыстық прокуратурасынан хабарлады. Қазір бұл іс бойынша "еңбек қорғау ережесінің бұзылуы" деген негізде қылмыстық іс қозғалған. "Миттал Стил Теміртау" кәсіподағындағы ақпарат көзі төтенше жағдайдың қалыптасуына ондағы техникалық қондырғылардың ескіруінің себеп болуын жоққа шығармайды. Оның сөзіне қарағанда, кәсіпорындағы қондырғылардың 60-70 пайызы ескірген. Алайда, кәсіпорынның техникалық қауіпсіздік бөлімі мұны жоққа шығарады. Олар зардап шеккен жұмысшылардың улануын кездейсоқтың салдары ретінде бағалайды.

«Миттал Стил Теміртау» акционерлік қоғамында болған кезекті төтенше жағдайға, дәлірек айтқанда, бұл жолы 13 жұмысшының газбен улануына қатысты Қылмыстық кодекстің 152-ші бабының 1-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады тамыздың 25-і күні Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Нұрбек ҚҰСБАҚОВ:

- «Миттал Стил Теміртау» акционерлік қоғамының конверторлық цехының екінші конверторында балқыманы үрлеу барысында цехтан тыс жерде орналасқан газ бағытын өзгертетін желіні балқытуды аяқтайтын құрылымының білте циклоны істен шыққан. Қақпақтың істен шығуының салдарынан атмосфераға балқыту өнімі болып табылатын конверторлық газ араласып, ол ауа тасқынымен конверторлық цехтың бас корпусына бағытталған. Нәтижесінде 13 аадам түрлі деңгейде уланған. Зардап шеккендер иісті газбен улану диагнозымен қалалық 3-ші ауруханаға орналастырылған. Қазір 8 адам реанимация бөлімінде, 8 адам терапия бөліміне орналастырылған.

Бұл уақытта 3-ші Теміртау қалалық ауруханының кезекші дәрігері уланған жұмысшылардың барлығының дерлік денсаулығы қанағаттандырарлық болғандықтан, оларды аурханадан шығарып жібергендерін жеткізді:

- Бәрін бүгін шығарып жібердік. Жалпы бәрін уланудан айықтырып алдық. Болды!

Ал «Миттал Стил Теміртау» компаниясының кәсіподағындағы аты-жөнін айтпаған қызметкерінің сөзіне қарағанда, 13- адамның 1-інің улануының ауырлық деңгейі орташа күйінде қалып отыр. Сонымен бірге осы ақпарат көзі қазір бұл оқиғаның шығу себебін зерттеу бойынша арнаулы комиссия құрылғандығын және оған кәсіподақ өкілдері де қатысып жатқандығын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, оқиғаның орын алуына «Миттал Стил Теміртау» компаниясындағы техникалқы қондырғылар мен механизмдердің ескіргендігінің себеп болуы жоққа шығарылмайды.

- Онда тұрған циклондардың қашан орналастырылғандығын құжаттар арқылы тексеру керек. Олар профилактикалық тексеруден өтті ме екен? Оны да қарау керек. Мұндағы қондырғылардың 60-70 пайызы ескірген. Бұл туралы біз жыл сайын айтып келеміз. Цехтар өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары жасақталған. Ал ескірген қондырғыда әркез бір нәрсе міндетті түрде бұзылатыны белгілі. Сондықтан, қондырғыларды мүлдем жаңарту керек немесе бөлшектерін ауыстыру қажет, - дейді «Миттал Стил Теміртау» компаниясының кәсіподақ қызметкері.

Ал «Миттал Стил Теміртаудың» құрыш өндіру саласының техникалық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Виктор КОБЕР мұндай болжамды жоққа шығарады. Оның ойынша, бұл – кездейсоқтықтың салдары:

- Қондырғылардың ескіріп кетуімен мүлдем байланысты емес! Цехтың 35 жыл тарихында алғаш рет осындай техникалық ақау болып отыр. Сол күні жел тұрып, ұшырып әкетті. Бұл - кездейсоқтық, алдын-алуға болмайтын жағдай. Бірақ қондырғылардың ескіруіне қатысы жоқ. Зардап шеккендердің қазір дендері сау, әрі қарай жұмыс істеуге дайын, - дейді «Миттал Стил Теміртаудың» техникалық қауіпсіздік саласының қызметкері Виктор Кобер.

Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері «Миттал Стил Теміртау» компаниясында 12 оқыс жағдай тіркелген. Бұл оның айтуынша, былтырғымен салыстырғанда аз. Алайда, қанша жұмысшының еңбек ету кезінде қаза болғаны туралы деректі «Миттал Стил Теміртау» компаниясының қызметкері телефонмен айтудан бас тартты.

Дегенмен, ресми деректер бойынша «Миттал Стил Теміртау» компаниясы өнідірістегі өлім саны жағынан республикада «Қазақмыстан» кейінгі алдыңғы орынды алады. Соңғы рет биылғы жылдың маусым айында «Миттал Стил Теміртау» компаниясының бір жұмысшысы жарақаттанып, екіншісі қаза болған. Бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов қазіргі кезде заң бойынша Қазақстандағы инвесторлардың мүмкіндіктері қатардағы жұмысшылардың құқығынан гөрі көбірек заңмен қорғалған дейді. Сондықтан, бұл жағдайды өзгертетін уақыт келді деп есептейді Әлихан БАЙМЕНОВ:

- Сондықтан да, қазір Парламентте жатқан Еңбек кодексінде немесе жұмыс берушілердің жауапкершілігін сақтандыратын заңдарда жұмыс беруші кәсіпорын иелерінің бір жағынан заңмен қадағаланатын жұмысшылардың қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ететін істерді міндеттеу керек. Екінші жағынан, ол істерге ынталандыру керек. Әрине, осындай ынталандыру болмағандықтан да, кейде жаңа қондырғыларды сатып алуға немесе ескісін жаңартуға ақша жұмсағылары келмейді, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға құлықсыздық танытады.

Жарияланған ресми деректер бойынша, «Миттал Стил» компаниясының былтырғы жылғы таза кірісі 3,4 миллиард АҚШ долларды құраған. Ал 10 жыл ішінде «Миттал Стил Теміртау» Қазақстан экономикасына 1,5 миллиард доллар инвестиция құйған.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG