Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.26.2006 жыл


Сенбілік баспасөз «Қорғас» кеден бекетіне байланысты бір жарым жылға созылған сот ісі аяқталғандығы туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдар Президент Н.Назарбаевтың Вашингтонға сапары қарсаңында Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынасына мән беріпті.

Алматының Медеу аудандық соты қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» кеден бекетіне қатысты бір жарым жылға созылған істе үкім шығарғаны туралы мақала «Литер» газетінде басылыпты. «Сот Алматы облыстық кеден бақылауы департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Самат Рамазановты үш жарым жылға бас бостандығынан айырып, Алматы қалалық прокуратура басқармасының бұрынғы бастығы Әнуар Жұмағұлов рақымшылыққа байланысты сот залынан босап шықты. «Қорғас» ісіне оншақты адам тартылған болатын. Олардың арасында Ішкі істер министрлігінің жоғарғы шенді офицері де болған» делінген мақалада. Сот шешімі бойынша министрліктің офицері 9 жылға бас бостандығынан айрылып, мүлкі тәркіленген. «Бұл сот ісі аса құпия жағдай өткізілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті сөз болып отырған кеден бекетінің жұмысында сыбайлас жемқорлық барын анықтап, оған қатысы бар адамдарға қатысты ондаған томдық мәлімет жинастырған. Сыбайлас жемқорлыққа қатысы барлардың жылдық табысы ондаған миллион долларға бағаланған» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Экспресс К» газеті Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға сапары қарсаңында Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа айрықша мән беріпті. «Н.Назарбаевтың АҚШ-қа сапары осыдан бес жыл бұрын 2001 жылдың желтоқсан айында өткен болатын. Сол жолы Н.Назарбаев пен Джодж Буш «Қазақстан мен Американың жаңа қатынастары туралы» бірлескен мәлімдемеге қол қойып, энергетикалық әріптестік туралы декларация қабылдаған болатын. «Ал 2005 жылы Қазақстанға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс ханым келіп, республиканың аймақтағы жетекші ролін атап көрсеткен. Осы жылы АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейни Астанада болып, екі жақты келіссөздер барысында АҚШ жаппай қырып жоятын қару құрылымдарының көзін құрту мақсатына 158 миллион доллар бөлетін болып келіскен. Қазақстанға инвестиция салған алғашқы ешетлік компаниялардың бірі – америкалық «Шеврон» Теңіз кен орнын игерудегі бес жылдың ішінде табысын 80 миллионға жеткізген болатын. Қазіргі таңда Қазақстанда «Шевроннан» бөлек американың «Мобил», «Амоко», «Экссон» секілді ірі компаниялары жұмыс істеп жатыр» делінген «Экспресс К» газетінің мақаласында.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда айналымы өткен жылы 2 миллирд доллар шамасында болғандығы «Известия: Казахстан» газетінде жазылыпты. «Қазіргі таңда АҚШ Қазақстанның инвестиция айдынында алда келеді. Ресми мәлімет бойынша, республика экономикасына құйылған барлық инвестицияның үштен бірі америкалық компанияларының үлесіне тиесілі» делінген мақалада. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Болат Палымбетов сөз болып отырған екі мемлекет арасындағы сауда байласының артып келе жатқанын атап көрсетіпті. Мәселен, 2004 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда көлемі миллиардқа жете қабыл болса, өткен жылы бұл көрсеткіш екі миллиард долларға жақындаған. «Американың кәсіпкерлері көбіне энергетикалық жобаларға қызығушылық танытып отыр. Біз бұл инвестициялардың ауыл шаруашылығы, телекоммуникация және көлік саласына да құйылғанын қалар едік, дейді индустрия және сауда вице-министрі Болат Сұмағұлов. Сонымен бірге Қазақстан америкалық компанияларға қатысты стандарттардың қайта қаралуына мүдделі. Вице-министр Болат Смағұловтың айтуынша, АҚШ-тың демпингке қарсы шараларының мерзімі осы жылы аяқталады. Тағы бір айта кетерлік жайт, американың мамандары Қазақстанға Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қолдау көрсететіндігін талай рет білдірген болатын» деп жазды «Известия: Казахстан» газеті.

Қазақстанның әлемдік сауда ұйымына мүшелікке қабылдануының жай-жапсары «Литер» газетінде сөз болыпты. Қазіргі таңда жұмыс тобына мүше 38 елдің тек 11 ғана өз тауарларын Қазақстан рыногына салуға ресми түрде рұқсатын беріпті. «Тағы 10 мемлекетпен келіссөздер жүріп жатыр. Осы жылдың алғашқы жартысында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 16 миллиард доллар болыпты. Қазақстан өнімін сатып алушы мемлекеттер – Швейцария, Италия, Ресей, Қытай, Франция және басқалары. Ал өз өнімдерін Қазақстан базарына әкелушілердің арасында Ресей, Германия, Қытай, АҚШ, Италия мемлекеттері озып тұр» деп жазды «Литер» газеті.
XS
SM
MD
LG