Accessibility links

Алматыда уран өндіруге қатысты халықаралық сарапшылар кездесуі басталды


Дүйсенбі күні Алматыда, Халықаралық Экономикалық Даму және Ықпалдастық ұйымының Уран тобы, сондай-ақ Ядролық Энергетика жөніндегі Агенттік пен Халықаралық Атом Энергетикасы жөніндегі Агенттік - МАГАТЭ сарапшылары бас қосқан екі күндік кездесу өз жұмысын бастады.

Уран тобы деп аталатын осымен 39-шы реткі бұл кездесуге қатысушы ұйымдар мен 24 елдің өкілдері әлемдегі уран қорының бүгінгі жағдайы, уран өндірудің мүмкіндіктері және уранға деген әлемдік сұраныс мәселелерін жабық есік жағдайында екі күні бойы талқыламақшы.

- Алматыда басталған әлемдегі уран мәселесіне арналған халықаралық деңгейдегі бұл жиынның бір мақсаты ол халықаралық Атом Энергетикасы жөніндегі агенттіктің - МАГАТЭ-нің «Қызыл кітабына» енген «Әлемдегі уран қорлары,оны өндіру және әлемдік сұраныс» деген бөлімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу болмақ, - дейді осы халықаралық жиынды ұйымдастырып отырған Қазақстанның «ҚазАтомпром» ұлттық компаниясының экспорт және радиоактивті материалдарға бақылау жасау басқармасының бастығы Сейілқан Қабаев.

Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде жылына 5 мың тоннадай уран өндіріп отыр. Қазақстан уран қоры жағынан әлемде екінші орында, ал уран өндіру жағынан 3-ші орындағы ел. Алдағы жылдары Қазақстан әлемдегі уран тапшылығын ескеріп, уран өндіруді 16-17 мың тоннаға дейін жеткізбек жоспары бар, дейді ол.

Ресейдің атом энергетикасы министрлігінің өкілі Олег Князевтің айтуынша, бүгінде әлемде энергияның дәстүрлі, табиғи көздері болып саналатын көмір, газ, мұнай қорлары азайып барады, сондықтан әлемде атом энергетикасына деген сұраныс көбейе түскен.

- Ал атом энергетикасы үшін қажетті негізгі отын болып саналатын уранға деген сұраныс артып отыр, - дейді О.Князев.

Ресей өкілінің айтуынша, уран қоры және уран өндіруден Қазақстан тек ТМД мемлекеттерінің ғана алдына шығып қойған жоқ, ол сондай-ақ әлем елдерінің жетекші мемлекетіне айналып отыр. Сондықтан Қазақстан алдағы жылдары уран өндіруде өзі қабылдаған ірі жоба, бағдарламаларды іске асырмақшы дейді ол.

Қазақстанның Ядролық Физика Институтының директоры Қайрат Қадыржанов Қазақстанда уранның мол қоры барлығын ескеріп, алдағы уақытта Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолға алатын кез жетті деген пікір айтады.

Бүгінде әлемнің 15 мемлекетінде 40-тан астам жаңа атом энергоблогі салынып жатыр. Ал Атом энергиясы әлемдегі барлық өндірілген энергияның 16 процентін құрап отыр. Алдағы уақытта бұл үлес барынша көбейе бермек дейді ол.

Алматыдағы кездесуге қатысушылар алдағы қыркүйектің 1-күні Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы уран шахтасына барып, сондағы ең соңғы технологиямен уран өндіру ісімен жақын таныспақшы.
XS
SM
MD
LG