Accessibility links

Түркияда соңғы аптада болған бомба шабуылдарына күрд бүлікшілдері кінәлі ме?


Анқарадан алынған хабарларға қарағанда, Түркиядағы соңғы бомба шабуылдарын Түркиядағы жауынгер топ - Күрдістан Еркіндік сұңқарлары ұйымы өз мойнына алып отыр екен. Ал, Түркия ресмилері оларды қылмыскер жауыздар, деп атады.

Күрдістан еркіндік сұңқарлары ұйымы алғаш рет 2004 жылы құрылды. Оның себебі де жоқ емес еді. Бұл кезде күрдтердің жауынгер тобы – Күрдістан Еңбекшілер партиясы өзінің 5 жылға жалғасқан соғыс әрекеттерін аяқталды деп жариялаған болатын.

Ал енді міне, күрдтердің сол партиясы Түркияның оңтүстік шығыс аймағында өздерінің саяси мақсаттарына жете алмағаннан кейін түрік қауіпсіздік күштеріне қарсы өз күресін жалғастыруға кіріскендігін мәлімдеп отыр.

Түріктердің Ұлы Британияда шығатын Экономист журналының тілшісі Амберин Заманның Истанбұлдан тұрып Азаттық радиосына айтуынша, Күрдтердің Еркіндік сұңқарлары тобы сол бұрынғы Еңбекшілер партиясының қалалық буыны екендігін лаңкестік бойынша сарапшылар жақсы біледі екен.

– Күрдтердің бұл сұңқарлар тобы Еңбекшілер партиясының қалалық партизан бөлімшесі ретінде белгілі. Басқаша айтқанда, Күрд еңбекшілер партиясы өз күрес операцияларын ауыл-аймақта жүргізсе, сұнқарлар тобы Ыстанбұл, Анқара, Измир сықылды үлкен қалалардағы нысаналарға шабуыл жасайды. Олар, біздің Еңбекші партиясымен ешқандай байланысымыз жоқ дегенімен, іс жүзінде сол партияның қол астында әрекет жасайды,- дейді Экономист журналының тілшісі.

Міне сол Күрд Еркіндік сұнқарлары өздерінің вебсайттары арқылы жақында Түркиядағы туристік және экономикалық нысандарға шабуыл жасалатындығын ескерткен де болатын.

Журналист Заманның айтуынша, соңғы бомба шабуылдары сол ескертудің нәтижесі болар.

– Ия, бұл жарылыстар да, Мармарадағы мини-бустағы жолаушы саяхатшыларға жасалған шабуыл секілді жырақтан басқарылатын бомба нәтижесі болуы мүмкін. Немесе, Мармарадағыдай, олар бомбаларын негізгі үлкен көшелердегі қоқыс жәшіктеріне салып кетуі мүмкін. Бұл олардың әдеттегі әдісі, - дейді Амберин Заман ханым.

Сонда Еркіндік сұңқарларының қойып отырған талабы не? Заман ханымның айтуынша, бұл Түрік армиясының Күрд халқына қарсы операциялары үшін кек алу әрекеті екен. Сондықтан олар, Түріктер оңтүстік шығыстағы ол соғысын тоқтатпаса, тұтқындағы күрдтер партиясы жетекшісі Абдулла Ожаланды босатпаса, саяси, мәдени құқықтарымыз берілмесе, біз де, өз шабуылымызды жалғастыра береміз, дейтін көрінеді.

Журналистің пікірінше, күрд топтарының бұл шабуылдары Түрік армиясы қолбасшылығына қатаңқолды генералдың келуімен де байланысты болуы мүмкін. Сондықтан күрдтер ол генералға, егер сен бізге қарсы аяусыздық жасасаң, біз одан да бетер жауапты қылмыстық әрекеттерге барамыз, экономикаңның тас-талқанын шығарамыз, дейтін көрінеді.

Ақиқатында, Түркиядағы экономикалық табыстың бір бұлағы туризм саласы ғой. Сондықтан күрдтердің мұндай қара ниетінен кейін үстіміздегі жылы Түркиядағы туризм бизнесінен 20 млрд доллар табыс келер деген үміттің енді іске асуы екі талай шығар.

Заман ханымның айтуынша, күрд сұңқарлары тобында қанша жауынгердің барын да білу қиын. Ал белгілісі - ол терроршы топтар енді қалалардағы шабуылдарын жиілете бастады.

Ал енді, Күрдтердің Еңбекші партиясы мен Түрік қауіпсіздік қызметі арасындағы құпия келісөздер жөніндегі БАҚ-дарының хабарына халық пікірі қандай? Ресми үкімет Күрдтердің талаптарына ыңғай танытып, олардың талыбын жартылай болса да орындауы мүмкін бе? Бұл жөнінде Амберин Заман былай дейді:

– Жаңа шабуыл болған сайын Күрд Еңбекші партиясымен келіссөзді қолдайтындар азая түсуде. Ал БАҚ-дарында құпия келіссөздер жөнінде хабар тарасымен-ақ, саяси оппозиция Түрік үкіметін сатқындықта айыптап, қатты сын соқпағы астына алды.

Ал енді, алдағы жылда болатын Ұлттық сайлаулар қарсаңында Түркия үкіметінің елдегі терроршылық әрекеттеріне байланысты көңілшектік шарасына бара қояры екі талай шығар, дейді талдаушылар.
XS
SM
MD
LG