Accessibility links

Бақай тұрғындары сот шешімімен құлатылған үйлерін қайтадан тұрғыза бастады


Тамыздың 30-күні Алматы маңындағы Бақай ауылының тұрғындары сот орындаушыларының шешімімен екі ай бұрын қиратылған үйлерді асарлатып қайта тұрғыза бастады. Құрылыс басына барған полиция өкілдері бақайлықтардың бұл әрекеті заңсыз деп отыр. Ал қоғамдық ұйым өкілдері мен заңгерлер болса бұл үйлердің кезінде биліктің тарапынан заңсыз қиратылғандығын алға тартты.

Екі ай бойы дала түнеп келген бақайлықтар тамыздың 30-ы – Конституция күні мерекесіне орай берілген демалысты пайдаланып, қиратылған үйлерін қайта көтеруге кіріскендігін айтты. Асарға жиналған ауыл тұрғындары, өздерінің айтуынша 30 шақты адам, ең алдымен зейнеткер жасындағы Әйткүл апаның екі бөлмелі үйін көтеріп беруге кірісіпті. Себебі, Айткүл Жапарқұлованың көптен бері денсаулығы болмай жүр - қан қысымы қайта-қайта көтеріледі,- дейді асарға шыққандардың бірі Венера Исмағұлова:

- Әйткүл апаның сегіз баласы, он сегіз немересі бар. Кейінгі кездері көп ауыра берген соң асарлатып апаның үйін көтеріп берейік деп шештік.

Шілденің 7-күні Бақайдағы үйлер қиратылған кезде Әйткүл апаның қан қысымы көтеріліп құлап қалған болатын. Оған дейін қырық күн бойы аштық жариялап, жергілікті биліктің шешіміне өз наразылығын білдіргендердің арасында да осы Әйткүл апа бар-тын.

Қиыншылықты көппен бірге көрген едім, халық та бүгін жиналып қамқорлығын көрсетіп жатыр. Барлығына да баспана керегін түсінемін, деді пайғамбар жасынан асқан кейуана.

- Осы жерде жұмыс істеп жатқан Бақайдың жігіттері мен қыздары. Олардан басқа сырттан ешкім келген жоқ. Өзімнің қолымда төрт немерем бар: екеуі кішкентай, екеуі мектепке барады. Шілденің 7-інен бері далада жаттым. Енді күн суытып келе жатыр. Ал балаларды қайда апарамын? - деді құрылыс барысына алаңдай қарап сөйлеген әжей.

Тамыздың 30-күні таң азанынан басталған құрылыс жұмыстары қырық градус ыстыққа қарамастан жүріп жатты. Үйдің қабырғасын кірпішпен қалап жатқандардың бірі Нұрлан асарға жиналғандардың көптігіне қарай үйді кешке дейін көтеріп қалатын шығармыз деді. Күн түстікке жақындаған сәтте асар басына полиция өкілдері келіп, Түріксіб аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары подполковник Ахметов мырза Айткүл Жапарқұловадан үйді тұрғызуға рұқсаты бар ма екендігін сұрады.

- Сізге үй салуға рұқсат берді ме?

- Құжаттарды архитектор да жіберген, өзімде көшірмесі бар.

- Мұның барлығын заң аясында шешу керек. Өзіңіз заңды бұзып жатырсыз ғой.

- Мен заңсыз істесем, өкімет те заңсыз істеді.

- Жеке куәлігіңіз бар ма?- деп, полиция өкілдері құрылыс басына жиналғандардың барлығының жеке куәлігін тексере бастады.

«Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің өкілі, заңгер Денис Әмірбеков полицияның бұл әрекетін заңсыз деп бағалайды.

- Құрылыс басына келген полиция өкілдерінің әрекеті заңсыз. Олар бұл үйлерге соттың шешімі керек деп айтып отыр. Алайда, тұрғындардың қайта тұрғызып жатқан дәл осы үйге қатысты сот шешімі полицияның өзінде де жоқ. Яғни, бұл үй соттың шешімінсіз бұзылған болатын. Полицияның қасында жағдайды түсіндіріп беретін прокуратура өкілдері жоқ. Сондықтан мен бұлардың бұл жерден не іздеп келгендігін айта алмаймын, - деді заңгер Денис Әмірбеков.

Полицияның осы жерге қандай мақсатпен келгенін білу үшін Түріксіб аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары подполковник Ахметов мырзаға микрофон ұсынған «Азаттық» тілшісіне ол «ештеме айтпаймын» деп жауап берді.

Заңгер Денис Әмірбеков үйін қайта тұрғызып жатқан Әйткүл Жапарқұлованың қолындағы құжат баспанаға заңды меншікті рәсімдеуге қажетті алғашқы дәйек екендігін айтты.

- Меншікті заңдастыру акциясы аясында тұрғындар өз баспаналарын заңдастыру үшін оны қайта тұрғызу қажет, - деді Денис Әмірбеков.

Оның айтуынша, Бақайда қиратылған 300-ге тарта үйдің 29-ын ғана бұзуға сот шешімі болған. Ал Бақай тұрғыны Венера Исмағұлова қиратылған үйлердің барлығы бүгіннен бастап қайта тұрғызылатындығын айтты.

- Ешқандай кедергілерге қарамай үйлердің бәрін қайта көтереміз, - деді қиратылған үш бөлмелі үйінің жанынан күрке құрып алған Венера.

Бұған дейін Алматы маңындағы Шаңырақ елді-мекенінің тұрғындары да заңсыз тұрғызылған деп сот шешімімен бұзылған үйлерді асарлатып қайта тұрғызып алған болатын.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG