Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.30.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз Қазақстан мен Ресей президенттері қыркүйек айында кеден мәселесін бірлесіп талқылайтындығы туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдар Каспий теңізінің байлығы 150 жылға жететіндігіне мән берсе, тағы бір газетте қазақстандық туристердің бірнеше террактіні басынан кешірген Түркиядан қайтқысы жоқтығы айтылыпты.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин келесі айдың екінші жартысында Орал қаласында кездесіп, кеден мәселесін талқылайтындығы «Айқын» газетінде жазылыпты. Бұл мәліметті тамыздың 29-күні президенттің қабылдауынан кейін Қаржы министрі Наталья Коржова хабарлаған. Оның айтуынша, мемлекет басшылары кездесуінің күн тәртібіне шегаралық ынтымақтастық тақырыбы қойылып отыр. Бұл кездесуде өткен жылғы жүздесуден кейін қолға алынған іс-шаруалардың қорытындылары да шығарылмақ. «Қаржы министрін, әсіресе, осылардың шегараға қатысты бөлігі қызықтыратын болып шықты. Өйткені Коржова ханым өз жетекшілігіндегі министрліктің құзырет қоржынында кеден қызметін сақтап қалуға ұмтылып отыр» делінген мақалада. «Құрылымдық өзгерістерге ұшырағалы бері ресейлік Кеден қызметінің ел қазынасына түсіретін табысы өсіп, биылғы 8 айда олардың кедендік төлемдерді жинау көрсеткіші 1 триллион 800 миллион рубльге жетіпті. Қазақстандық кеденшілер биылғы жартыжылдықта 200 млрд теңге кедендік төлем жинаған» деп жазды «Айқын» газеті.

Еуразиялық экономикалық қауымдастық аясында Кеден одағын құрудың заңнамалық базасын жасау мәселесі Астанада талқыланғандығына «Литер» газеті мән беріпті. Қазіргі таңда аталған одақтың негізін құрауға қатысты 38 жобаны қамтитын құжаттар топтамасы дайындалыпты. «Соның ішінде үш құжат тереңірек талдауды қажет етеді. Олар даулы сұрақтарды шешу жолдары мен Біртұтас экономикалық кеңістікті құру жөніндегі халықаралық келісімнің күшіне ену жағдайы және аталған кеңістіктен шығу тәртібіне қатысты болып отыр. Қаржы министрі Наталья Коржованың айтуынша, Қазақстан мен Ресей кеден қызметтері арасында шешілмейтін мәселе жоқ» делінген «Литер» газетінің мақаласында.

Бұл уақытта Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның қауіпсіздік қызметі бірлесіп халықаралық заңсыз есірткі бизнесіне қатысы бар трансұлттық қылмыстық топтың жолын кескендігі «Егемен Қазақстан» газетінде жазылыпты. «Олар Қарағанды қаласында Ресейге 17 килограмм героин жібергелі тұрған жерінен халықаралық есірткі тобының басшысы мен белсенді бір мүшесін ұстаған. Қазіргі уақытта үлкен көлемде ұсталған басқа да есірткі заттары бойынша қылмыстық істер қозғалып, жедел-тергеу шаралары өткізілуде» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Ал «Комсомольская правда» газеті Каспий теңізінің байлығы 150 жылға жететіндігіне мән беріпті. «Қазіргі таңда әлемде 333 ірі мұнай кеніші бар екен. Солардың ішінде кейінірек игеріле бастағаны Қашаған кеніші» делінген мақалада. Ресейлік профессор Анатолий Золотухиннің айтуынша, болашақта ірі мұнай кеніштерінің ашыла қоюы екіталай екен. «Алайда оған бола қамығудың қажеті шамалы. Профессор Золотухин Каспий мұнайы әлі бір жарым ғасырға жетеді деген болжам айтады. Кәрі Каспийге алғаш рет мұнай бұрғылары 1870-ші жылдары орнатыла бастапты» деп жазды «Комсомольская правда» газеті.

Каспий аймағы жылдан жылға өзекті тақырыптар алаңына айнала бастағаны «Айқын» газетінде жазылған. Бұл мәселені қазақстандық саясаттанушылар мен сарапшылар Ақтауда өткен Каспий гуманитарлық форумында сарапқа салыпты. Форумда «Мир Евразии» журналының бас редакторы, саясаттанушы Эдуард Полетаев әзірге Каспий мұнайы әлемдік бағаның төмен түсуіне әсерін тигізе алмайтындығын айтқан. «Каспийге қатысты Қазақстанның сыртқы саясаты салмақты», деді Сәбит Жүсіпов. «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтің пікірінше, «таяудағы он жылда Каспийді ең үлкен қасірет күтіп тұр» деп жазды «Айқын» газеті.

Түркияның теңіз бойындағы курортты аймақтарындағы бірнеше террактіге қарамастан қазақстандық туристер демалысын үзгілері келмейтіндігі «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде сөз болыпты. Қазақстандағы ірі туристік компанияның өкілі Түркияға билет алғандардың ешқайсысы оны қайта өткізбегендігін айтқан. Оған қоса қыркүйектің 1-күні тағы бірнеше топ Бодрум курортына ұшқалы жатыр екен. «Ал Антальядағы қазақстандықтар болса демалысының сәтті өтіп жатқандығын хабарлапты» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG