Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында адамның қорғаныс тапшылығының қоздырғышын жұқтырған балалар саны 40-қа жетті


Бұл туралы Астанада тамыздың 31 күні Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев хабарлады. Оның айтуынша, облыстардағы медициналық мекемелер жергілікті әкімшіліктерге бағынады. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір тұрғындары соңғы оқиғада дәрігерлерді айыптап отыр.

Министр Досаевтың мәлімдемесі бойынша, қазір Оңтүстік Қазақстан облысында тексеруге жататын он мыңға жуық бала белгіленген. Олардың 28 пайызы тексеріліпті. Тексеру нәтижесі бойынша жұқпаның диагнозы расталған балалар саны тағы өскені белгілі болды.

- Өздеріңіз 23 тамызда естіген 27 балаға кешеден бері тағы 13 баланы қостық, сөйтіп, бүгінгі күнге олардың саны 40-қа жетті енді, - деді Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев.

Бұл балалардың біреуін АҚШ азаматтары асырап алған, қазір ол кісілерге де хабар беріліп жатыр, деді министр. Досаевтың айтуынша тағы 12 бала дерт жұқтырған деп күдіктеліп отыр, бірақ бұл тексеріліп жатыр, дейді министр.

Дәрігерлердің мәліметінше, балалардың барлығы дерлік жүрек, өкпе және басқа да дертке шалдығып, қан ауыстыруға мәжбүр болғандар. Осы балалармен байланыста болған жеті жүзге жуық адам анықталып, олардың 40 пайызы тексерілді деп хабарланады. Әзірге оң нәтиже жоқ. Балаларға қан берген донорлар да тексерілу үстінде, бірақ, олардың ішінде 13 адам көрсетілген мекен жайда тұрмағандықтан оларға іздеу салынды, дейді министр Досаев.

Қазір республиканың барлық өңірінде биылғы жылы қан құйылған балаларды тексеру жүргізіліп жатыр. Қазірге дейін 21 пайызы тексеруден өткен. Оң нәтиже жоқ деп хабарланады. Осыған ұқсас жағдайлар қайталанбас үшін медициналық ұйымдар тексерілуде, деп хабарлады министр Досаев.

Соңғы мәлімет бойынша, елде қан дайындаумен айналысатын мекемелердің ішінде тәртіп бұзылғандығы анықталып 5 ұйымның жұмысы уақытша тоқтатылған. Оның сыртында басқа да медициналық ұйымдарды тексеру барысында 49 ұйымның жұмысы уақытша тоқтатылды және 578 адам қызметінен шеттетілді деп хабарланды.

Министр Досаевтың айтуынша бұл шаралардың барлығы эпидемия болған кезде жасалатын шаралар. Оның айтуынша, облыстардағы медициналық мекемелер жергілікті әкімшіліктерге бағынады. Бірақ ондағы атқарылған шаралар жеткіліксіз, дейді Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев:

- Балаларға арналған ауруханада 350 төсек болса, оның ішінде 13 кататор болған, соның ішінде дезинфекция өткізіп, қайтып қан құя берген. Ол әкімшілікке қараған. Маған қарайтын болса, мен 20 шілдеден бастап жұмыстан алатын едім.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір тұрғындары соңғы оқиғада дәрігерлерді айыптап отыр. Шымкент тұрғыны Құсайын Есіркепов осындай пікірді ұстанады:

- Жұрт арасында Шымкентті, Шымкент халық республикасы деп әзілдеп айтады. Бір жағынан шындыққа жанасатын сияқты. Ал, енді дәрігерлік талапқа келсек, шынын айтқанда, дәрігерлердің сапасы сын көтермейді, тазалық жағынан, санитарлық-эпидимиологиялық жағы. Дәрігерлердің дипломды қалай сатып алатынын мен түсінбеймін, бірақ, ол Шымкентте мүмкін нәрсе. Дәрігерлер Шымкентте шыныменен дипломды сатып алады. Одан кейін мынау жақында оқиғалар естіліп жатыр жұқтырғышқа байланысты, менің ойымша, бұл дәрігерлердің кінәсі.

Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Ержан Оспанов дәрігерлерді айыптай беруге болмайды деп санайды:

- Жұмыс істеп келе жатқан, қалыптасып келе жатқан мамандардың білімі жоғары деп ойлаймын. Ал, тазалық жағынан нашар деп айта алмаймын. Белгілі бір нормаларына сәйкес тазалықты сақтайды. «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» дейді, жақсылап көке-жәке деп барсаң бәрі дереу шешілетін сияқты.

Министр Досаевтың мәлімдемесі бойынша балалардың ауруды жұқтырған негізгі жолы қан құю және стерилизациядан өтпеген медициналық құралдарды пайдаланудың кесірінен болуы мүмкін. Және балаларға ауру аналарынан жұғуы мүмкін деген жорамал расталмады, дейді министр.
XS
SM
MD
LG