Accessibility links

Қазақстанның білім ошақтарында жаңа оқу жылы басталды


Тамыздың 31-күні Алматы мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды. Бұл күні N159 Ы.Алтынсарин атындағы көп салалы гимназия да есігін айқара ашып, шәкірттерін қабылдады.

Тамыздың соңғы күні қолдарына гүл шоқтарын ұстап, мектептеріне асыққан шәкірттер Алматы көшелеріне ерекше сән беріп тұрды. Қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы көп салалы гимназияның күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жабдықталып пайдалануға берілуіне орай салтанатты жиынға Мәжіліс депутаттары мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов қатысты. Мектеп ұжымы мен оқушыларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған Серік Сейдуманов соңғы үлгіде салынған, қазіргі заманға сай жабдықталған мектепте білім беру өз деңгейінде болатынына сенім білдірді.

“Бүгін Алматы қаласында үш мектеп пайдалануға берілді. Ол осы N159 Ы.Алтынсарин атындағы гимназия, “Таугүл-3” ықшам ауданында “Жаңа ғасыр” атты N175 гимназия және Шаңырақта тағы бір мектеп. Бұлардың барылығы таза қазақ мектептері. Қала тұрғындары санының өсуіне байланысты бүгінде мектептердің аздық етуіне орай, алдағы 5 жыл ішінде Алматы қаласында 23 мектеп салу жоспарланып отыр”, - деді Серік Сейдуманов.

Жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастағалы отырған Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқу ісінің меңгерушісі Жанар Құсайынова: “Алматы қалалық әкімшілігі осы оқу жылында бізге жаңа ғимарат салып, оқу ордамызды заманға сай жабдықтап беріп отыр. Біз қуаныштымыз. Енді біздің алдымызда жас ұрпаққа келелі тәрбие беру міндеті тұр. Биылғы жылы 106 баланы 1-сыныпқа қабылдадық. Мектебімізде жалпы саны 1400 бала білім алады”, дейді.

“Бұл күн әр ұстаз асыға күтетін мереке. Ұстаз – ерекше мамандық иесі. Өйткені олар болашақ ұрпақтың мүсіншісі, болашақ ұрпақтың жасаушысы, оның қалыптастырушысы. Сондықтан оған үлкен сый берілген. Ол адамдарға әсер ете алу бақыты. Ондай қасиет біздің ұстаздарымыздың бойынан табылады. Өзге мамандықтар бір-бірімен бәсекеге түсіп жатады. Ал ұстаздар ешқашан өз оқушысымен бәсекеге түспейді. Керісінше шәкіртінің алдыңғы сапта көтеріліп жатқандығын қалайды”, - дейді Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Рахима Бөлекбайқызы.

Ресми мәлімет бойынша, Алматы қаласында 177 мемлекеттік орта мектепте биылғы оқу жылында 169 мың бала білім алады.
XS
SM
MD
LG