Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.31.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз Қазақстан мектептері жаңа оқу жылына дайын ба деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен бірге басылымдар Алматыдағы АПК компаниясы жылу мен судың бағасын өсіргеніне мән берсе, тағы бір газетте «Миттал Стил» компаниясының жұмысшылары жалақысын өсіруді талап етіп жиын өткізгендігін жазыпты.

Осы жылдың қазан айынан бастап Алматы қаласында ыстық судың бағасы 13 пайызға, ал жылудың бағасы 15 пайызға қымбаттайтындығы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде айтылыпты. «Алматы Пауэр Консалидейтед» тарифтерді көтерген монополистердің ең соңғысы» делінген мақалада. Өткен жылы монополистер бағаны 2006 жылға дейін көтермеу туралы меморандум қабылдаған болатын. Құжатта көрсетілген уақыт аяқтала салысымен «Алматытеплокоммунэнерго» және «Горводоканал» компаниялары тарифтерін көтерген. Соның нәтижесінде жылу мен ыстық судың бағасы 11 пайызға өсті. Ал осы аптада табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігі АПК компаниясының жаңа тарифтерін бекітті» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті. Сонымен бірге мақалада электр энергиясының бағасы да қымбаттауы мүмкін екендігі жазылған. Ол үшін АПК компаниясы өз тарифтерін Индустрия және сауда министрлігімен келісіп алуы керек» делінген «Комсомольская правда: Казахстан» газетінің мақаласында.

Бұл уақытта Теміртаудағы «Миттал Стил» компаниясының жұмысшылары жалақысын өсіруін талап етіп жиын өткізгендігі «Время» газетінде жазылыпты. Аталған компаниямен арада еңбек жанжалын жариялаған кәсіподақ өкілдері айлықты кем дегенде 40 пайызға көтеруін басты талап ретінде қойған. Метталургиялық департаменттің кәсіподақ төрағасы Владимир Дубинин компания басшылығының өндірістегі дағдарысты сылтауратып күту тұруға шықырып келгеніне 11 жыл болғандығын айтты. Ал меттал бағасы күн санап өсіп келеді, еңбек жағдайы болса жыл өткен сайын нашарлап келеді, - деді кәсіподақ басшысы. Оның айтуынша, көптеген цехтарда жұмысшылар үзіліссіз, тіпті еңбек демалысына шықпай тер төгуде. Ал жалақы деңгейі бұрынғысынша қалып отыр. Оған коса компания басшылығы жүргізіп жатқан қысқартулардың салдарынан жұмысшыларға түсетін ауырпалық көбейген. Егер «МитталСтил» компаниясы кәсіподақтың талабын орындамайтын болса, наразылық акциясын бастамақ» деп жазды «Время» газеті.

Ал «Түркістан» газеті болса Қазақстандағы мектептер жаңа оқу жылына дайын ба деген сұраққа жауап іздепті. Алматыда жалпы білім беретін 177 мектеп бар. Олардың 35-і қазақ тілді, 81-і орыс тілді, 58-і аралас, үшеуі ұйғыр тілінде. Соның ішінде кей мектепте оқушылар екі-үш ауысыммен оқиды» делінген мақалада. Астана қаласында қазақ мектептерінің саны он шақты ғана, Талдықорғанда небәрі бесеу, Қостанайда тіпті бір ғана мектеп қазақ тілінде оқытып жатыр. Аты аталған қалалардың барлығы дерлік таяу мерзімде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуі тиіс. Алматы қаласы биыл мемлекеттік тілге толықтай көшуді жоспарлап отырса, Астана қаласы 2008 жылы іс жүзінде мемлекеттік тілді толықтай жүзеге асырмақ. Бірақ соған қарамастан білім саласын қазақтандыру ісі тым баяу» деп жазды «Түркістан» газеті.

Республикадағы көптеген мектептердің тазалық жағдайы сын көтермейтіндігіне «Известия: Казахстан» газеті мән беріпті. Денсаулықсақтау министрлігі осындай қорытынды жасапты. Биылғы жылы 827 мектепке толық жөндеу жұмыстары жүргізілген, басқа да оқу орындарындағы су жолдары жаңартылыпты. Бірақ соған қарамастан республика бойынша жалпы тазалық жағдайы жақсара түспеген» делінген мақалада. Министрліктің мәліметі бойынша жалпы білім беретін 7883 мектеп тазалық орталықтарының бақылауында болған. Ал осы жылы 19 жаңа мектеп ашылыпты. Мектеп ғимараттарының нашарлығы жағынан республиканың оңтүстік облыстары алда тұр екен. Ал 124 мектептің ғимараты қирау алдында тұр. Оған қоса мектептердің үштен бірі суды тасып ішсе, бестен бірі әлі күнге дейін ғимаратты пеш арқылы жылытып отыр» деп жазды «Известия: Казахстан» газеті.
XS
SM
MD
LG