Accessibility links

Өзбекстан президенті Ислам Каримов билік басындағы жоғары шенеуніктерді неге жиі алмастырады?


Президенттік қызметте Ислам Каримов 1991-ші жылдан бері отыр. Осы уақыт аралығында Өзбекстанның жоғары билігіндегі лауазымды тұлғаларды өте жиі ауыстырып, маневрлік тәсілдер қолдану арқылы ол өзінің саяси қарсыластарын биліктен аластатып келеді. Соңғы әзірде Каримовтың, сондай-ақ Өзбекстандағы саяси, экономикалық ықпалды күштерді әлсірете түскендігін бақылаушылар айтып отыр.

Лондонда орналасқан Ресей және Еуразия бағдарламасы басшысы Джеймс Никсейдің айтуынша, Каримов әсіресе бір тұлғаның бір қызметте ұзақ отырып қалмауын, яғни ол адамның беделінің аса артып кетпеуін қатты қадағалап келеді. Сондықтан оның билігі көзі тірі кезінде үздіксіз ұласа беретін болады. Бақылаушылар сонымен бірге бұл елде Каримовты биліктен кетіруге бағытталған үлкен көтерілістердің болу мүмкіндігін де жоққа шығарып отыр.

Крейг Муррей - Британияның Ташкенттегі бұрынғы елшісі және Каримов билігінің табанды сыншысы. Оның айтуынша, қарапайым азаматтар мен үкіметтегі қызметкерлер Әндіжан оқиғасын басып-жаншу мысалының қайталануынан қаймығады.

Каримовтың айналасын “тазалауының” бір мысалы 2004-ші жылы, өзінің самарқандық үзеңгілесі Исмойл Журабековты президент кеңесшісі қызметінен босатқан кезінде көрінді. Самарқандықтар тобы İшкі істер министрі Зокир Алматовтың 2005-ші жылы, денсаулығын сылтауратып, қызметінен кетірілуіне байланысты әлсірей түскен болатын. Алматов министрлік қызметте көп жылдардан бері болғандықтан, ықпалы да едәуір болған екен. Қорғаныс минситрі Қодир Гуламовты 2005-ші жылы қызметінен кетіру арқылы Каримов Ташкендік топты әлсірете түскен болатын. Оның алдында ташкендік топ өкілі, Тимур Алимов президенттің көмекшісі қызметінен кетірілген еді.

Муррейдің айтуынша, елдің экономикалық капиталы негізінен Каримовтың үлкен қызының қолына шоғырланған. Сонымен Гулнора Каримова Өзбекстандағы мұнай, газ және телебайланыс сияқты негізгі салаларға бақылау жасап отыр.

“Бұл жерде мен айтар едім, жеңіліс тапқандардың жаңа тобы бар, деп. Осыдан бірнеше жыл бұрын Каримовке өте жақын болған адамдардың қазір биліктен аластатылғанын көрер едіңіз. Әсіресе, олардың экономикалық қызығушылықтары мен мүліктері Гүлнораға өтіп кеткен. Сондықтан кезінде өте ықпалды болған көптеген адамдардың дәл қазір Каримовтың биліктен кеткенін көргісі келетіндігі айқын. Осы себепті, жүзеге асуы мүмкін бір жағдай-ол сарай төңкерісі. Яғни Каримовты ту сыртынан келіп, басынан біреудің атып кету мүмкіндігі қалды”, - деді Муррей мырза.

Ташкенттегі тәуелсіз социолог Баходир Мусаевтің пікірінше, Каримовтың шексіз билігіне ішкі күштерден қауіп төнуі мүмкін.

“Шын мәнінде ол қазір - жалғыз. Бұл адамды ешкім жақсы көрмейді. Егер Каримовтың денсаулығы нашарлайтын болса, онда оның отбасы бөлшектеніп тасталуы мүмкін”, - дейді Мусаев.
XS
SM
MD
LG