Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.02.2006 жыл


Сенбі күнгі баспасөз Қазақстанда шенеуніктердің саны шектелетіндігі туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдар Түркіменстан президенті Орталық Азия басшыларының биресми саммитіне қатыспағандығына мән берсе, тағы бір газетте Астана қаласында Әлемдік діндер сарайы ашылғандығы туралы баяндалыпты.

Қыркүйектің 1-күні Парламенттің жаңа сессиясының шымылдығын ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту жөніндегі ұсынысы туралы «Айқын» газеті былай деп жазыпты: «Мемлекеттік басқаруды қайта құрылымдау жүздеген мың "шенеуніктер армиясын" қысқартумен қатар жүрмек. Президент мемлекеттік қызметкерлер санын 30%-ға дейін қысқартуға болатындығын айтты. Үкімет жекелеген аралық буындарды жоя отырып, биліктің барлық деңгейлеріндегі лауазымдар иерархиясын азайтуға тиіс. Министрліктер саясатты әзірлеу, оның жүзеге асуын бақылау, сондай-ақ саяси шешімдер қабылдау, комитеттер қызметін үйлестіру функцияларымен шұғылдануға тиіс. Қысқартудан "аман қалған" қызметкерлердің жалақысы Президенттің тапсырмасы бойынша, қазақстандық ірі жеке меншік компаниялардағы жалақыға дейін көтерілмек, бірақ ол нақты еңбек нәтижелерімен тығыз байланыстырылады» деп жазды «Айқын» газеті.

Осы тақырыпқа орай «Комсомольская правда: Казахстан» газеті келесі жылдан бастап мемлекеттің орталық органдары мен облыс әкімшіліктерінде рейтингілік бағалау жүйесі енгізілетіндігі туралы баяндалыпты. «Бұл шара жұмыс процесін басқаруды жақсартып, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында туындап отыр. Яғни қатаң бюджеттік шектеулерді соңғы нәтижеге негізделген қаржыландыру алмастыратын болады. Сонымен бірге мемлекеттік, салалық, аймақтық және бюджеттік бағдарламаларда нақты мақсат қойылып, мемлекеттік қызметкерлер соны орындап қана қоймай белгілі бір нәтиже шығаруы тиіс. Сондай-ақ, әрбір мемлекеттік орган еңбекке өнімділігін арттырып қана қоймай, соның негізінде әкімшілік шығынды үнемдей білуі тиіс» делінген «Комсомольская правда: Казахстан» газетіндегі мақалада.

«Айқын» газетіне берген сұхбатында Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту бұрын да болғандығын айтыпты. «Бірақ қысқартқан сайын бұлардың саны көбейе береді. Демек, бұл тапсырманы шенеуніктер қалай қабылдар екен? Өздерінің талай "көмекшілерін" қысқарта ма, әлде алып қала ма? Бұл жерде Президенттің айтып отырған басты әңгіме қысқарту емес, сапасын көтеруде. Мемлекеттік бюджеттік бағдарламалардан пайыздап "шапка" киюлерін тыйғызу керек», депті Серік Әбдірахманов «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Түркіменстан Президенті Сапармұрат Ниязов Орталық Азия басшыларының Астанадағы биресми саммитіне қатыспағандығы туралы «Литер» газетінде айтылыпты. «Саммитке дейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев екі күндік ресми сапармен Түркіменстанда болып қайтқан. Ашхабадта министр түркіменбашы Сапармұрат Низяовпен кездесіп, стратегиялық әріптестікті кеңейту мәселесін талқылаған. Сонымен бірге екі жақ саяси салада қайшы пікірлер жоқтығып атап көрсетіпті. « Түркіменстан газы әлемнің көптеген елдеріне тарайды. Жақында Ашхабад газды Қытайға шығару туралы келісімге қол қойды. Ашхабад көгілдір отынды шығысқа Қазақстан аумағы арқылы жеткізуді ұсынып отыр. Бұл екі жаққа да тиімді жоспар», деді Қасымжомарт Тоқаев Түркіменбашымен кездесуінен кейінгі брифингте» делінген «Литер» газетіндегі мақалада.

Бұл уақытта Орталық Азия басшылары Астанада Әлемдік діндер сарайының ашылу салтанатына қатысқандығына «Айқын» газеті мән беріпті. Мысыр пирамидалары пішінімен салынып жатқан Бейбітшілік және келісім сарайы қыркүйектің 1-күні есігін айқара ашты. Зәулім сарай алдына жиналған жұрт төрт Президентті айрықша думандатып қарсы алды» делінген мақалада. «Жаңа ғимараттың Астанадағы ғана емес, күллі Орта Азия аймағындағы ең ғажайып құрылыстардың бірі екені даусыз еді. Ішінде 3 қабатты мұражай, 1500 орындық ірі опера залы, түрлі жиындар өткізуге арналған кең бөлмелер бар. Пирамиданың ұшар басына жақын тұста мемлекет басшыларының бас қосуына арналған арнайы дөңгелек жиналыс залы орналасқан. Енді бұған 32 діннің өкілдеріне арналған арнайы кеңселер мен ғибадат орындарын қосыңыз. Ғимарат жобасын ағылшын архитекторы Норман Фостер жасапты. Салтанатты кеш соңы аты аңызға айналған испан әншісі Монсеррат Кабалье бастаған опера жұлдыздарының концертіне ұласты» деп аяқталған «Айқын» газетінің мақаласы.
XS
SM
MD
LG