Accessibility links

Парламент депутаттары Талдықорғандағы сот шешіміне қатысты әртүрлі көзқараста


Қазақстан Парламентінің депутаттары тамыздың 31-інде Талдықорған қаласында бұрынғы мемлекеттік шенеунік, кейін оппозицияға кеткен марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысты сот үкіміне әртүрлі көзқарастарын білдіруде. Бірі – шындықтың беті алда ашылады деп сенсе, енді бірі сот үкімі қатаң болды, бірақ заңды дейді.

Екі ай жазғы демалыстарынан келіп, жұмыстарына кіріскен Парламент депутаттарының дені Талдықорғандағы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысты сот үкіміне байланысты бірден пікірлерін білдіре қоймады. Себептері – «жаз бойында тынықтық, газет-журнал қараған жоқпыз». Алайда жаз бойы оппозициялық басылымдарды қарап, сот ісін бастан-аяқ бақылап отырған депутаттар да бар екен. Соның бірі – «Отан» партиясының мүшесі Серік Әбдірахманов:

– Мен көктемде жасаған өз мәлімдемемдегі ойларымнан айнығам жоқ. Сол пікірде қалдым. Сот шындыққа жете алмады деп санаймын. Кім білсін, күннің күнінде шындық келер. Әділеттік орнар. Мәлімдемемде айтқандай, Ержан Өтембаевтың және Рустам Ибрагимовтің денсаулықтарына қауіп төніп тұр.

Депутат Серік Әбдірахманов биылғы наурыз айында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысты тергеу ісіне көңілі толмайтындығын білдіріп, Қазақстан президентіне ашық хат жазған болатын. Ал Қазақстанның «Азаматтық» партиясының мүшесі Амангелді Айталы Талдықорғандағы сот үкімінен кейін қытай пәлсапашысының еңбектерін сүйенетіндігін айтты:

– Сот шешімі мен қоғамдық пікір үйлесе бермейді. Сондықтан менің ойыма қытай пәлсапашысы Лао Цзидің бір сөздері түсіп отыр. «Білетіндер айтпайды, білмейтіндер айтады».

Мәжіліс депутаты Амангелді Таспихов осыдан бірер жыл бұрын Өтембаевпен бірге жұмыс істеген. Ол өзінің бұрынғы әріптесіне қатысты шыққан үкімге байланысты «Азаттық» радиосына былай деді:

– Ержан Өтембаевты бұрыннан жақсы білемін. Көп жылдар білгенмін. Бірге араласып тұрдық. Сондықтан сол кісі кінәлі дегенге өз басым сенгім келмейді.

Ал Қарағанды облысынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Нығматулин болса, сот заң шеңберінде өтті дейді.

- Ең бастысы, сот отырысы журналистер үшін ашық болды. Олар бастан аяқ сот ісі жайында ақпарат беріп отырды. Сот үкімі – қатаң. Бірақ заңға сәйкес, – деді Ерлан Нығматуллин.

Парламент Мәжілісінің депутаты Амалбек Тшан болса, соттың дәл осындай үкім шығаратынын о бастан-ақ біліпті:

– Шын мәнінде, осы өлімге тікелей қатысы бар азаматтар жазасыз қалды деп ойлаймын. Егер Ибрагимовты шын мәнінде сот арқылы атпаса, бәрібір түрмеде өлтіретін еді. Халықтың көкейінде сұрақтар қалып отыр.

Тамыздың 31-де Талдықорғандағы сот Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өліміне қатысты үкім шығарған еді. Сот Рустам Ибрагимовты тапсырысты орындаушы деп өлім жазасына кессе, тапсырыс беруші деп таныған Ержан Өтембаевты 20 жылға бас бостандығынан айырды. Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланған болатын. Бұрынғы мемлекеттік шенеунік, кейін оппозицияға кеткен Алтынбек Сәрсенбайұлы үстіміздегі жылдың ақпан айында жаындағы екі көмекшісімен бірге Алматының шетінде жендеттердің қолынан қаза тапқан еді.
XS
SM
MD
LG