Accessibility links

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов: «Қазақстан мен Өзбекстан өз болашағын Ресеймен бірге көреді»


Өзбекстан президенті Ислам Каримов.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Қазақстанда мемлекеттік сапармен жүрген Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов Қазақстан мен Өзбекстан өз болашағын Ресеймен бірге көреді деп санайды. Бұл пікірін ол Астанада 4 қыркүйекте айтты.

Екі ел президенттерінің кездесуінен кейін президент Назарбаевтың баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен баспасөз мәжілісі өтті. Онда Қазақстанның жартылай мемлекеттік «Хабар» агенттігінің тілшісі президент Кәрімовқа Еуразиялық экономикалық қоғамдастық туралы сұрақ қойды. Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов журналистерге өз пікірін былайша жеткізді:

«Бұл орайда Еуразиялық экономикалық қоғамдастық дәл осы жолдың дамуын қамтамасыз ететін ұйым, біз Назарбаевпен, осыған кәміл сенетінімізді құптаймыз. Біз Ресейге қатысты көп жоспар құрып отырмыз. Ресей біз үшін кеменің тежегіші, тартымды күш, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде соның жанына тұйылуға және жалпы қызығушылықтарды қамтамасыз етіп, Ресейдің мүмкіншіліктеріне тіренуге болады».

Қазақстандық саясаттанушы Болатхан Тайжан өзбек президенті Кәрімов өзінің сыртқы саясатын кездейсоқ өзгертіп отырған жоқ дейді:

- «Сасқан үйрек артымен жүзиді» деуші еді қазақтар. Өзбекстан егемендігін тәуелсіздігін жариялаған кезде, олар мүлде керісінше саясат ұстап еді - кирилицадан латиницаға бірден ауысып кеткен, мектептерінде орыс тілінде сабақ беруді тоқтатқан, тарихты қайта жазғызып, Ресейдің империя екендігін, өзге елді басып алғандығын ашық жазып жүрген.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық бұрынғы Кеңес одағы кеңістігінде толыққанды жұмыс істей бастайды. Өзбекстанда кейін дайын болған кезде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық тырысатын жетістіктерге қосыламыз деді ол.

Саясаттанушы Болатхан Тайжан болса Кәрімовтың бұл мәлімдемесіне мынадай баға беріп отыр:

- Ал енді байқасаңыз Әндіжан оқиғасынан кейін Америка, Батыс елдері Кәрімовқа көзін алартып қарай бастағаннан кейін Кәрімов Ресейді паналап жүр. Орталық Азияда Қазақстаннан басқа Ресейдің етегінен айырылмай отырған мемлекет жоқ деген әңгіме болған, тіпті, осы Еуразия одағын құру әңгімесін Назарбаев көтергенде Кәрімов мысқылдап сөйлеп, жазғанын мен өз көзіммен көріп, естігенмін.

Қазақстан президенті Назарбаев, қауіпсіздік мәселесіне көп көңіл бөлінеді деді. Президент Назарбаев айтып өткендей, алдағы уақытта екі ел қарулы күштердің біріккен жаттығуларын өткізуге және әскери техникалық салада тәжірибе алмасуға ынтымақтастыққа келіскен.

Президент Назарбаев өз сөзінде «Өзбекстан Қазақстанға бауырлас ел» деп айтты. Екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы көрсеткіштер бойынша 700 миллион долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға өскен. Қазақстан Өзбекстанға азық-түлік, қара және түсті металл, химиялық өнім және пластик сатады. Ал, Өзбекстаннан Қазақстанға металдардың сыртында машиналар, жабдықтар, азық-түлік және мақта тасымалданады.
XS
SM
MD
LG