Accessibility links

Иран: саяси тұтқынның тағдырына деген үлкен алаңдаушылық бар


Иранда өзінің түрмедегі хал-жағдайына қарсы аштық жариялаған Валиолла Фейз Махдави деген саяси тұтқынның тағдырына байланысты үлкен алаңдаушылық туып отыр. Ирандағы саяси оппозицияның “Муджахеддин халық ұйымы” (Mujahedin Khalq Organization) деп аталатын жетекші қарулы тобын қолдайтын Махдави, келіп түскен хабарға қарағанда, түрменің ауруханасына жатқызылды. Түрме басшылығының хабарлауынша, ол ауруханаға өзін-өзі өлтіремін деп тап болған көрінеді.

Түрмеде 20 жылдық жазасын өтеп жатқан Валиолла Фейз Махдави, келіп жеткен хабар бойынша, 9 күн бойы аштық жариялап, өткен сенбіде, яғни 2-нші қыркүйектің түнінде ауыр халге түсті. Теһранға жақын орын тепкен Қарадж қаласындағы Махдави отырған Гоһардашт (Gohardasht) түрмесіндегілердің айтуынша, ол түрме ауруханасына хал үстінде жатқызылды. Гоһардашт түрмесінен уақытша босатылған саяси белсенді Әмір Саранның “Фарда” Радиосына хабарлағанындай, Махдави ес-түссіз болды.

“Ол түнгі 8-де өзін сырқат сезінді. Достары, түрме басшылығы оны ауруханаға жатқызды. Түрменің сол блогінде отырған Қарами Хейрабади (Karami Kheyrabadi) оны көруге барды. Ол маған оның тірі-өлік болып жатқанын айтты; ол маған: “мен оның көзін тексердім, тамырын басып көрдім – ол 98 пайыз өлік болды” дегенді айтты”, - деді Әмір Саран.

Сонымен бірге Гоһардашт түрмесінде отырғандардың хабарлауынша, түрме жұмысшысы Махдавидің миы өліп, сол себепті де оның түрмеден тыс ауруханаға тапсырылғанын хабарлады. Олардың бұл сөздерін растайтын бейтарап ақпарат көзі жоқ, ал ресми өкілдер болған оқиғаның сан-алуан желісін айтып жатыр.

Теһрандағы түрмелер мекемесінің басшысы Соһраб Солейманидің (Sohrab Soleimani) “Фарс” деп аталатын жартылай ресми ақпарат агенттігіне дүйсенбі күні айтқан сөзіне қарағанда, Махдави – 3-інші қыркүйек күні өзі асылып өлмек болған. Солейманидің айтуынша, Махдави түрме ауруханасында есін жинап, одан кейін әрі қарай емделуі үшін Шариати (Shariati) аурухасына жөнелтілген. Бірақ Солеймани Махдавидің аштықты жалғастырғанын жоққа шығарды.

“Фарда” Радиосына берген сұхбатында Махдавидің адвокаты Мохаммад Әли Дадха өзінің онымен кездесе алмағанын айтты. Оның мәлімдеуінше, түрме басшылығы тұтқында отырғандардың денсаулығы мен оларға көрсетілетін дәрігерлік көмек туралы толық мәлімет беруге тиіс болатын.

“Адам құқықтары мен принциптерінің Иранның конституциясында қабылданған әмбебап Декларациясына сәйкес, олар мұндай жағдайлар туралы хабарлауға тиіс. Ондай ақпаратты хабарламай ұстап қалу – осындай даусыз құқықты бұзу болып табылады. Бұл - жұрттың дер кезінде хабар алып, осындай ауалға тап болған кезде қолдаусыз қалдырады”, - деп атап көрсетті адвокат Дадха.

Валиолла Фейз Махдавидің тағдырына байланысты алаңдаушылық - студент қозғалысының белсендісі Манучир Мохаммадидің (Manuchehr Mohammadi) өткен айда түрмеде қайтыс болуынан кейін арта түсті. Мохаммадидің бір апта бойы аштық өткізген соң қайтыс болуының жай-жапсары әлі күнге дейін белгісіз. Көпшілік жұрт оның өлімін “күдік туғызады” деп санап, оның тәуелсіз тергелуін талап етті. Мохаммадидің өлімі өзге саяси тұтқындардың да тағдырына деген үлкен алаңдаушылық туғызды. Саяси тұтқындардың көпшілігі өздерінің түрмедегі адам айтқысыз ауыр халіне назар аударту үшін аштық жариялауға мәбүр болады. Махдави - өзінің адвокатымен кездестіруін және Теһрандағы басқа саяси тұтқындар отырған “Эвин” түрмесіне ауыстыруын талап етіп аштық жариялады. Гоһардашт түрмесінде саяси тұтқындар қылмыскерлермен бірге отырады. Адвокат Дадханың айтуынша, Махдави өзінің туыстарына жақын болуды аңсады.

“Өзін басқа түрмеге ауыстыруын талап ету – оның заңды құқы. Біз сот билігіне бірнеше рет өтініш жолдадық, бірақ, өкінішке қарай, олар оны ауыстырудан бас тартты. Менің ойымша, егер кімде-кім өзімен еш қиындықсыз жиі көрісіп тұруы үшін, өзінің отбасына жақын болуды қаласа, онда түрме басшылығы тиесілі шешім қабылдауға тиіс”, - деп мәлімдейді Мохаммад Әли Дадха.

Махдави – 2001-інші жылы тұтқындалып, оған “мемлекетке қарулы қарсылық көрсетті” деген айып тағылды. Иран шенеунектерінің мәлімдеуінше, оның бомбалық шабуылдарға қатысы болған. Көрші Ирақта орналасқан “Муджахеддин халқ ұйымы” тобы Иранға қарулы шабуыл ұйымдастырды. Америка Құрама Штаттары бұл топты “лаңкестік ұйым” деп есептейді. Көп кешікпей сот Махдавиді өлім жазасына кесті. Бірақ адам құқын қорғайтын “Хюман райтс уотч” ұйымы бұл соттың халықаралық стандаттарға лайық әділ өтпегенін мәлімдеді. Келіп түскен хабарға қарағанда, үстіміздегі жылдың наурыз айында ресми билік оған парсы жаңа жылы – Наурыз мерекесінен кейін дарға асылатынын хабарлаған. Бірақ бірнеше ай өткен соң оны өлім жазасына кескен жазасы өмірінің ақырына дейін түрмеде отыру жазасымен алмастырылды. Махдавидің адвокаттары жолдаған арыз-шағымдарынан кейін сот билігі осындай өкім шығарды. Сонымен қатар адам құқын қорғайтын бірнеше ұйым да Иранның үкіметіне Махдавиді дарға аспауды өтінген үндеу жолдады. Ал “Хьюман райтс уотч” ұйымы Иран үкіметінен, тіпті, Махдавиді не түрмеден босатуды, не болмаса оны ашық та әділ сот процесінде қайта соттауға шақырды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG