Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.06.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз Қазақстанда үй бағасы алдағы жиырма жылда арзандамайды деп жазыпты. Сонымен бірге басылымдар доллар бағасын қымбаттатып отырған Ұлттық банк екендігіне мән берсе, тағы бір газет Қазақстанда электр қуатының тапшылығы желдің күшімен шешілетіндігі туралы жазыпты.

Қазақстанда жиырма жылға дейін үй арзандамайтындығы туралы мақала «Айқын» газетінде басылыпты. «Республикада құрылыс қарқыны мұнай-газ өндірісін далаға тастайтын деңгейге жетті. Қазір осы салаға салынған қаржы 2 триллион 150 миллиард теңгені құраған. Бұл 2002 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда төрт есе көп. Алайда тұрғын үй құрылысы қанша қарқын алғанымен, қарапайым жұрттың қалтасы көтеретін пәтер салу ісі қарқынсыз» делінген мақалада. «Құрылысқа қажетті барлық өнімдер шетелден жеткізіледі. Мәселен, әйнек өнімдері түгел, металдың 80 пайызы, цементтің 30 пайызы, ағаш та, бояу да сырттан әкелінеді» деп жазады газет. Индустрия және сауда министрлігіне қарасты, құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қайсар Омаров алдағы жылдары үйлер үздіксіз салына беретіндігін айтыпты. «Қарқынды құрылыс қанша жылға созылатындығын мен білмеймін. Бірақ 20 жылға дейін жалғасатыны анық. Үй бағасы да таяу жылдарда арзандайды деп айта алмаймын» депті Қайсар Омаров «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Ал «Литер» газеті болса тұрғындарға тиесілі 10 сотық жер телімі оңай тимейтіндігіне мән беріпті. Әрбір қазақстандыққа он соттық жер берілетіндігі туралы қаулы шыға салысымен астаналықтардың көбі әкімшілікке өтініштерін өткізуге ұмтылыпты. «Алайда олардың барлығы тегін жерге тиесілілердің санатына кірмейтін болып отыр. Өйткені, Астанада жеке тұрғын үй салуға қарастырылған жер өте аз» делінген мақалада. Қазіргі таңда қалада жер беруін сұраған 11 мың өтініш жазылыпты. Астана қалалық жер қатынастары жөніндегі басқарма бастығы Нұрман Қатиевтің 500-ге жуық жер телімі бөлінетіндігін айтқан. «Сондықтан арыз өткізуден нәтиже шықпайды, бірақ әкімшілік мұндай өтініштерді қабылдауын жалғастыра береді, дейді Нұрман Қатиев. Алайда тұрғындар билік өкілдерінің жер жоқ деген сөзіне сенбейді. Олардың пікірінше, жер сату жақсы кәсіп екендігін шенеуніктер жақсы түсініп отыр» делінген «Литер» газетіндегі мақалада.

Сонымен бірге аталған газетте Қазақстанда доллар бағамын өсіріп отырған Ұлттық банкі екендігі туралы мақала басылыпты. «Жаздың екінші жартысында доллар бағасының шарықтап жылдам өсуіне Ұлттық банкінің валюталарды ауыстыру кезеңін жариялаумен сәйкес келген. Одан бөлек, екінші деңгейлес банктерге шетелден қарыз алуды шектеу және ұлттық қорды жасақтаудың жаңа ережелерінің жасалуы да доллар бағасына әсер етуі мүмкін» деген болжамды қаржы сарапшысы Ерлан Ибрагимов жасапты. Оның пікірінше, валютаның ауыстырылатындығы туралы ақпаратты тұрғындар бей-жай қабылдамаған. «Өйткені, көпшілік бұған дейін теңгенің ауысуы қалай жүргендігін жақсы біледі. Жалпы мұндай ақша ауыстыру шаралары ұзақ уақыттарға есептеліп жасалғаны дұрыс. Валюта ауыстыруды өткізер бұрын ауқымды насихат шаралары жүргізілгені абзал» деп жазды «Айқын» газетінің қаржы сарапшысы.

Бұдан бөлек сәрсенбілік басылымдардың көбі Қазақстанда алдағы жиырма жылдың көлемінде 40-қа жуық жел электр стансалары салынатындығы туралы жазыпты. Осы тақырыпқа қатысты мақаласында «Экспресс К» газеті Қазақстан әлемде ең лас мемлекеттердің бірінен саналатыны айтылыпты. «Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Болат Ақшолақовтың пікірінше, жел электр стансалары табиғи байлықтардың тапшылығынан емес, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында салынғалы отыр. Тағы бір себеп – елдегі электр энергиясына деген тапшылықтан туындаған» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Алматы облысының Шелек кеңістігі мен Жоңғар қақпасы жел электр стансаларын салудың ең ыңғайлы жерлері ретінде «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде атап көрсетіліпті. «Мұндай стансаларды салу арқылы шалғай ауылдарға жарық жеткізу мәселесін де шешуге болады. Жел энергиясының өндірімділігі жылына 18 триллион кВт-сағаттан астам» делінген «Комсомольская правда: Казахстан» газетіндегі мақалада.
XS
SM
MD
LG