Accessibility links

Қазақстанға Ұлыбританияның Еуропа істері жөніндегі министрі келді


"Ұлыбритания Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына 2009-шы жылы төрағалық ету мүмкіндігі бойынша шешім қабылдаған жоқ. Ол үшін осы маңызды мәселені Еуропадағы серіктестерімізбен талқылаумыз керек", деді қыркүйектің 6-сы күні Ұлыбританияның Еуропа мәселелері жөніндегі министрі Джефф Хун қазақстандық журналистерге. Оның сөзіне қарағанда, осы жолғы сапарында ол Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мүмкіндігіне қатысты бағалы ақпараттар алған. Бұл ретте Джефф Хун мырзамен кездескен оппозиция өкілдері Қазақстанда адамдардың саяси құқықтары қалай бұзылып, сөз бостандығына қалай нұқсан келетіндігін айттық деп отыр.

Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиев АҚШ пен Ұлыбритания Қазақстанның 2009-шы жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мүмкіндігіне сыни көзқараспен қарайтынын айтқан болатын. Бұл елдер Қазақстанда халықаралық талаптарға сай келетін «БАҚ туралы» заңның қабылдануын, парламент өкілеттігінің кеңеюін, соттардың тәуелсіздігін арттырып, прокуратура органдарын реформалауды жөн санайтындығын айтқан Қазақстанның Сыртқы істер министрінің 1-орынбасары. Алайда, әзірге Ұлыбританияның нақты шешім қабылдамай, кеңесу жұмыстары жүріп жатқандығын хабарлады сәрсенбі күні Ұлыбританияның ресми өкілі.

- Ұлыбритания, әрине, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы бойынша біздің серіктестерімізбен бұл мәселені қарастыруда. Осы елдер оны жан-жақты талқылайды. Шешім әлі қабылданған жоқ. Бірақ менің осы жолғы Қазақстанға жасаған сапарым бұл ретте бағалы ақпарат көзі болары анық, - деді Ұлыбританияның Еуропа істері жөніндегі министрі.

Джефф Хун мырза өз сөзінде сәрсенбі күні Қазақстанның бірқатар оппозциялық және билікке жақын саяси партиялары, үкіметтік емес ұйым, азаматтық қоғам өкілдерімен кездескенін айтты.

- Біз онда заңның жоғары тұруы, сөз бостандығы тәрізді мәселелерді сөз еттік. Осы кездесулерде жанданған әңгімелерге қарағанда, бұл елде қызу демократиялық пікірталас бар деген қорытындыға келуге болады, - дейді Джефф Хун.

Ұлыбританияның Еуропа істері жөніндегі министрімен кездескен «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Әміржан Қосанов дөңгелек үстел түрінде өткен кездесуде өз тараптарынан Қазақстандағы саяси жағдай мен заң бұзушылықтар туралысында сөз қозғағандарын айтты:

- Залда отырған «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының маңайына топтасқан азаматтар, Коммунистік партия, «Нағыз Ақ жол» партиясы, «Алға» нақты фактілермен Қазақстанда шынымен саяси құқықтардың, сөз бостандығының қалай тапталып жатқандығын айтып берді. Қалай болғанда да, меніңше, министр мырза түсінді...

Ал Джефф Хун мырза болса, Қазақстаннның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мүмкіндігі бұл ең алдымен жаңа жауапкершілік екендігін еске салды.

- Әлбетте, мен бұл мәселенің Қазақстан үшін үлкен маңызы бар екенін білемін. Түптеп келгенде, Қазақстанның төрағалық етуі бәрімізге жақсы болады және кез-келген төрағалық ететін ел бұл ұйымның барлық қызметін көрсете алатындай мүмкіндігі болуы керек. Қазіргі кеңесу мен өзара диалог жүргізудің нәтиежесінде ЕуоОдақ үшін ортақ пікір әзірлейміз деп ойлаймын, - деді Ұлыбританияның Еуропа істері жөніндегі министрі.

Джефф Хун мырза осы жолғы Қазақстанға жасаған сапары барысында, сонымен бірге Қазақстанның үкімет мүшелерімен, оның ішінде энергетика саласындағы мамандармен жүздескен.

Биылғы жылдың қараша айында Қазақстан президентің Ұлыбританияға сапар жоспарланып отыр. Ал Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалы ету өтініші 2006-шы жылдың желтоқсан айында Брюссельде ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде қаралады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG