Accessibility links

11-інші қыркүйектегі шабуылдан соң 5 жыл өткенде: “лаңкестікке қарсы күрес” Кремльдің Чешенстандағы және басқа жердегі “мүддесіне” сай


Америка Құрама Штаттарына қарсы 2001-інші жылдың 11-інші қыркүйегіндегі ұйымдастырылған лаңкестік шабуыл Американың саясатын түп-тамырымен өзгертті. АҚШ-тың халықаралық лаңкестікке қарсы күресінде өзін оның “одақтасымын” деп жариялаған Ресей де осы өзгерісті сезді. Кремль лаңкестікке қарсы ғаламдық соғысты Ресейдің өз ішінде, әсіресе - сепаратистерге қарсы соғыс қимылдары әлі басылмаған Чешенстанда күшейтті. “Азаттық” Радиосы 2001-інші жылдың 11-інші қыркүйегіндегі шабуылдың 5 жылдығына байланысты хабарлардың бір бөлімін ұсынады.

Бүкіл әлем Нью-Йорк пен Вашингтонның өзіне бағытталған шабуылдарға төтеп беремін деп жанталасып жатқанын үреймен және оған онша сеніңкіремей бақылап жатқан кезде, ол шабуылға бірінші болып назар аударған Ресей президенті В.Путин еді. Ол Дж.Бушпен телефон арқылы байланысып, АҚШ президентіне көңіл айтып, оған қолдау білдірген әлем лидерлерінің алды болды. Бәлкім, В.Путин - лаңкестік шабуылдар проблемасының, өзге мемлекет басшыларына қарағанда, өзіне жақсы таныс екенін сезген болар. Олай дейтін себеп: дәл сол күні Ресей халқына арнап теледидардан сөйлеген сөзінде ол “АҚШ лаңкестік шабуылға душар болған бірінші ел емес” дегенді айтты.

“Бүгін болған оқиға лаңкестікке қарсы - 21-інші ғасырдың осы дертіне қарсы халықаралық қоғамның күш-жігерін біріктіру туралы Ресейдің айтқан ұсынысының өзектілігін тағы растайды. Ресей лаңкестіктің не екенін жақсы біледі. Сол себепті де біз Америка халқының қайғысын кімнен болса да терең түсінеміз”, -деп мәлімдеді Ресей лидері.

11-інші қыркүйектегі шабуылдың түтіні әлі сейілмей жатып-ақ В.Путин бұл қастандықты өз еліндегі чешен сепаратистеріне қарсы күреспен тығыз байланыстырды. Оған дейін Ресей талай-талай лаңкестік қастандықты бастан кешіп, оның барлығын чешен партизандарына тақты. Сонау 1995-інші жылы чешен сепаратистерінің аты-шулы қолбасшысы Шәміл Басаев сондай қастандықтың алғашқысын жүзеге асырып, Ресейдің оңтүстігіндегі Буденовск қаласында 1.500 адамды кепілдікке басып алды. Оның 170-ке жуығы құтқару операциясы барысында құрбан болды. 1999-ыншы жылы Мәскеу мен Буйнакск және Волгодонск қалаларындағы көп пәтерлі үйлер бомба жарылысынан қирап, 200-ден көп адам қаза тапты. В.Путиннің айтуынша, лаңкестік шабуылдардың қатері өзі президент тағына отырған 2000-ыншы жылдан төне бастады. “Ресей мен АҚШ және Еуропа елдері лаңкестік қатеріне қарсы бірлесіп күресуге тиіс” деген идеяны ол әлденеше рет ұсынды. 11-інші қыркүйектегі қастандық шабуылдың ізінше “Халықаралық лаңкестікке қарсы соғыс” жариялаған Дж.Буш Ресей президентінен өзіне адал одақтас тапты. В.Путин Американың Ауғанстандағы соғыс операциясына өзінің көмегін ұсынып, АҚШ әскерлерінің Орта Азияға орналасуын жеңілдетіп, қайырымдылық жүктерін тасымалдау үшін Ресейдің әуе кеңістігін ашып берді. Сонымен қатар ол ел ішіндегі күрес науқанын да 2 есе күшейтті.

В.Путин лаңкестікке қарсы күрестің Ресей жеріне де жайылғанын, атап айтқанда – Солтүстік Кавказға жайылғанын шегелеп тұрып айтты. Бірақ Кремльдің 2 жылдық соғыс науқаны “партизан соғысына” айналып, осы күнге дейін жалғасып келеді. Алғашқыда Батыс елдері сепаратизмге қарсы бұл соғыс науқанына наразы болды. Өз кезегінде В.Путин Солтүстік Кавказдағы соғысты лаңкестікке қарсы халықаралық күрестің “құрамдас бөлігі” деп сипаттап, Батыстың наразылығы бірте-бірте басылды. Ал Кремль Чешенстанда нәтижеге жету үшін Грозныйға өзінің икеміне жүретін саяси режим орнатты.

Руслан Мартагов – Мәскеудің ертеректе отырғызған чешен үкіметінің, 1990-ыншы жылдардың ортасында Доку Завгаев бастаған үкіметтің өкілі. Қазір ол Мәскеудегі лаңкестікке қарсы күрес Қорын басқарады. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Мартагов былай деп мәлімдеді:

“11-інші қыркүйек – Путин мырзаға күтпеген сыйлық болды. Нақ сол сәттен бастап ол чешен сепаратистерінің қозғалысына қарсы Солтүстік Кавказдағы соғысын ол “халықаралық лаңкестікке қарсы күрес” деп атайтын болды. Егер осы күнге дейін оны Батыста “тұншықтыр”, “өлтір”, “жой” дейтін адамдай қабылдап келген болса, 11-інші қыркүйектен кейін ол, бір қырымен, халықаралық лаңкестікке қарсы күрескендердің қатарына ілініп кетті”.
XS
SM
MD
LG