Accessibility links

Шешенстанда қауіпсіздік күштерінің адамдарды азапқа салған сәттері түсірілген бейнесурет жазбалары жұрт арасына тарап отыр


Шешенстанның Мәскеушіл бағыттағы үкімет басшысы Рамзан Кадировті жақтайтын қауіпсіздік күштері ұялы телефондарды бейне таспа түсіру құралы ретінде пайдалануды бастады. Мұндай қалта телефондарын олар қылмыскер деп айыпқа ілінген қарапайым шешен азаматтарын қалай азаптап, қинауға салатындарын түсіріп алу үшін қолданады екен.

Бейне таспаға түсірілген мұндай жанқинаулар Шешенстанда кеңінен таралып кеткен. Олардың қолынан қатты зардап шеккен жан - 23 жасар Малика Солтаева деген келіншек. “Көзіме шөп салды, орыс солдатымен байланысы бар” деп күйеуі айыптағаннан кейін, Шешен қауіпсіздік күштері оны наурыз айында қамаған болатын. Аяғы ауыр екендігіне қарамастан Солтаеваны ол күштер екі сағат бойы соққыға жығып, азаптаған болатын. Ол қауіпсіздік өкілдерінің барлығы да - Аргун қаласының жергілікті ресми өкілдері. Олар әлгі әйелді азаптағандарын бейнелеу үшін ұялы телефондарын пайдаланған. Оның немере әпкесі Зарема Солтаева «Азаттық» радиосына: «ол соққыға жығылды, орыс солдатымен қашып кетіп, содан екіқабат болдым деп айт деп, олар оны азаптады. Олар Маликаны боқтап, тыр жалаңыш шешіндіріп, краннан аққан судың астына тұрғызған. Олар оның шашын және денесіндегі барлық түктерін қырып тастапты. Және оның денесіне сиямен белгі салып, дәл сол жерлерін тепкілеген», деді.

Бір ай жоғалып кеткенінің себебін түсіндіре алмағаннан кейін-ақ Маликаға күйеюі күдікпен қарай бастаған екен. Солтаеваның өзі бұл кезде біреулер өзін ұрлап кетті, деп отыр. Ол оқиғаға дейін Малика Аргундағы бір шағын дүкенде жұмыс істеген екен. Онда орыс солдаттары көбірек келетін болған. Бірақ олармен байланысының болмағандығын айтып, Малика барынша ақталуда. Қауіпсіздік күштерінің соққысынан кейін ол түсік тастаған. Мұндай күйге түскендігінің себебін Малика Солтаева күйеуінің қызғаншақтығынан, деп отыр.

“Нью Йорк таймс” газетінің тілшісі Солтаеваны азаптау сәті түсірілген бейне таспалардан фото суреттерді қолдана отырып, арнайы мақала жазған еді. Бұл мақала Батыс қауымдастығын дүр сілкіндірді. Алайда, Шешенстанда мұндай соққыға жығылған жалғыз Малика Солтаева емес. Қарапайым ерлер мен әйелдердің, кадыровшылар деп, жергілікті халық атап кеткен, қауіпсіздік күштерінің қолынан соққыға жығылған сәттері бейне таспаларға түсірілген.

Бұл бейне суреттер кейінірек ұялы, қалта телефондары арқылы таратылып жіберіледі. Осы арқылы қауіпсіздік күштері халық санасында үрей ұялатып, өз беделдерін көтергісі келетіндей, дейді сарапшылар. Өткен жылдарда Шешенстанда ұялы телефондарды пайдалану шапшаң өрістеп кетті. Ресей әскери сарапшысы Павел Фелгенхаузердің айтуынша, азаматтарды азапқа салушылар ешқандай жазадан қорықпайды. Сондықтан олар үшін өзгеге зорлық көрсету-қалыпты жағдай. Оларда мүлдем білім жоқ деуге болады.

“Кадыровшылардың бір-бірімен кімнің қаруы мықтырақ, кімде ең жаңа және қымбат қалта телефоны бар, деп жарысатындығы бұдан көп бұрын белгілі болған. Олардың мобиль телефондары, сондай-ақ бейне таспа түсіру құралы ретінде қолданылады. Сонымен олар азаптау сәттерін түсіріп алып, онысымен мақтанады. Кейінірек ол хабарлар кеңінен таратылып, үлкен базарға да шығарылады”, - деді Фелгенхаузер.

Мұндай бейне көріністер әлемнің басқа да жерлерінде, мысалы Ирақтағы көтерілісшілер тарапынан қолданылады. Алайда, Шешенстанда мұндай әрекеттерді жүзеге асыратын кадыровшылар - мемлекеттік құрылымға қатысты азаматтар, деді Фелгенхаузер.
XS
SM
MD
LG