Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.13.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз Шымкенттегі жаппай ВИЧ инфекциясының таралуы террорлық шабуылдың нәтижесі емес пе деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен бірге басылымдар Қарағанды облыстық балалар үйінде бос орын жоқ екендігіне мән берсе, тағы бір газет Қазақстанда оралмандарды бейімдеу орталығы ашылатындығы туралы жазыпты.

Оңтүстік Қазақстан облысында жаппай ВИЧ инфекциясының таралуы террористік әрекет емес пе деген сұраққа «Айқын» газеті жауап іздепті. Қыркүйектің 12-күні Денсаулық сақтау министрлігі таратқан деректерге қарағанда, қатерлі қоздырғыш жұқтырған бейкүнә сәбилердің саны 52-ге жетті. Тағы үш бала күдікті ретінде тексеруден өтіп жатыр. Облыстық СПИД орталығы мамандарының деректеріне қарағанда, соңғы үш жылда қауіпті қоздырғыш жұқтырған 4 нәресте дүние есігін ашқан. Демек, оңтүстіктегі "ойран" осыдан 4 жыл бұрын қылаң берген» делінген мақалада. Бүгінде облыс аумағында 25 мыңға жуық жүкті әйел, ауруханаларда ем қабылдаған 5 жасқа дейінгі 20 мыңға жуық бала тексерілуде. "Осы оқиға әлдебір халықаралық ұйымдардың немесе басқа да қаскүнемдердің қарсы қасақана жасаған террористік әрекеті емес пе?" Сол себепті мұны тұтас бір ұлтқа жасалған кешірілмес қастандық ретінде қарап, оқиғаның анық-қанығына жетуге Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері де ат салысқаны жөн» деп жазыпты «Айқын» газеті.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы денсаулық мекемелерінде ауыс-түйіс болғандығына «Комсомольская правда» газеті мән беріпті. Қыркүйектің 12-күні облыс әкімі Болат Жылқышиев Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры Нұрсұлу Тасмағамбетованың өз еркімен жұмыстан кету туралы өтінішіне қол қойды» делінген мақалада. Бұған дейін облыстық СПИД орталығының, облыстық қан құю орталығының және облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерлері, Шымкенттегі қалалық балалар ауруханаларының Бас дәрігерінің орынбасарлары, Тасмағамбетованың орынбасары Нағима Жолдасовалар жұмыстарынан босаған болатын» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Соңғы бес жылдың ішінде облыстық СПИД орталығында 11 мыңнан астам адам жасырын түрде тексерілгендігі туралы «Аргументы и факты: Казахстан» газетінде баяндалыпты. Сол тексерілгендердің ішіндегі 38-інен ВИЧ инфекциясы табылған. Бірақ эпидемияға қарсы шараларды жүргізу ол адамдар туралы нақты мәліметтің жоқтығынан мүмкін болмай отыр, депті облыс әкімі Болат Жылқышиев. Оның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы Өзбекстанмен шекаралас жатқандықтан екі жақта заңсыз жұмыс күшінің ағымы, оның ішінде жезөкшелікпен айналысатындардың келіп-кетімі толастамай отыр. Оған қоса аймақтағы азаматтардың көбі Ташкентте емделіп қайтады екен. ВИЧ инфекциясын жұқтырған нәрестелердің біреуі Өзбекстанда туылғандығы анықталыпты. Сонымен қатар қатерлі дертті жұқтырған төрт балаға қан құю амалы Өзбекстандағы аурухаларда жасалыпты. Қазіргі таңда ВИЧ инфекциясын жұқтырған 52 баланың 51-і бес жасқа дейінгілер» деп жазды «Аргументы и факты: Казахстан» газеті.

Бұл уақытта адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов Семей қаласындағы түрмелердегі жағдайды тексеріп қайтқандығы туралы «Литер» газетінде айтылыпты. Омбудсмен қамау абақтыларындағы тазалық жағдайының сын көтермейтіндігін, бөлмелер қапас екендігін, жарықтың жоқтығын көріп, абақтыдағылардың тамақтану жағдайы мен медицианлық көмек деңгейін қараған. Енді Болат Байқадамов Семей қаласындағы балалар үйі мен мүгедектер және кәрілер үйлерін тексеруді жоспарлап отыр» деп жазды «Литер» газеті.

Ал Қарағанды облыстық балалар үйінде бос орын жоқтығы да «Литер» газетінде баяндалыпты. Жалпы Қарағандыдағы балалар үйі екі жүз балаға арналған екен. Бірақ қазіргі таңда бұл мекемеде 294 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал Литвин атындағы мектеп-интернат 250 балаға лайықталған болса, онда 409 жетім бала бар екен. - Соған байланысты бұл мекемелер заңдық ережелерді бұзып отыр, -дейді аудандық прокурор Талғат Құрманов. Оның айтуынша, мұнда өртке қарсы қауіпсіздік тәртіптері сақталмаған. Ал мекеме басшылығы болса жөндеу жұмыстарына қаржы бөлмеген облыстық білім департаментіне қарай сілтеп отыр. Сонымен бірге прокурор мекеме басшылары мен тәрбиешілер онда өсіп жатқан балалардың қандай заңдық мәртебеге ие екендігінен бейхабар дегенді айтты» деп жазды «Литер» газеті.

Бұл уақытта Қазақстанда оралмандарды бейімдеу орталықтары ашылатындығына «Комсомольская правда: Казахстан» газеті мән беріпті. Жақында Парламент «Көші-қон туралы» заңды қабылдаған болатын. құжатта репатрианттарға аса мән берілген. Билік оралмандарға жағдай жасауда кемшілік көбін мойындады. Енді Қазақстанның барлық аймағында оралмандарды бейімдеу орталықтары ашылатын болады» делінген мақалада. Оралман отбасылары мұндай орталықтарда уақытша тұратын болады. Бұл жерде олар құқықтық дәріс алып, қазақ және орыс тілдерін оқиды және кәсіби шеберлігін шыңдау курстарына барады. Орталықтар ашу мәселесі әзірге талқылану үстінде. Алайда бұл мақсатқа алдағы екі жылға бюджеттен 633 миллион теңге қарастырылып отыр» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG