Accessibility links

Қазақстанда соңғы 3 жылда зейнетақы және жәрдемақы алуға рұқсат беретін жалған құжаттар арқылы 2 миллион долларға жуық қаражат артық төленген


Қазақстанда соңғы 3 жылда зейнетақы және жәрдемақы алуға рұқсат беретін жалған құжаттар арқылы 2 миллион долларға жуық қаражат артық төленген. Бұл туралы Астанада қыркүйектің 14 күні Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарақұсова хабарлады. Министр елде осы уақытқа дейін жәрдемақы көлемін ұлғайтатын мүгедек тобы көрсетілетін құжаттар сатылып келе жатқанын айтады.

Еңбек министрлігінің алқа отырысында хабарланғандай, соңғы 3 жылда министрліктің барлық департаменттері тексерілген. Бұл уақытқа дейін тексерілмей келген оларға енді екі жылда бір рет осындай тексерулер жүргізілмек.

- Егерде іссапарға қажет қаржымыз және мамандарымыз болса, мен сіздерді жыл сайын тексеретін едім, - деді министр департамент басшыларына.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова министрлікте тексеру жүргізетін орган құрылғанын айтты:

- Қазіргі таңда біз өзіміз ішкі аудит деп атаған құрылым құрдық. Соның қызметкерлерімен бірге барлық аумақтық департаменттерді тексеріп шықтық. Негізгі кемшіліктер зейнетақы және жәрдемақыны тағайындауда кеткен.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарақұсова тексеру нәтижесіне сүйеніп, зейнетақы алуға рұқсат беретін жалған құжаттар болғанын және осы уақытқа дейін мүгедек тобы көрсетілетін құжаттар сатылып келе жатқанына тоқталды.

Ең көп сын Алматыға айтылды. Қаңтар айында тексерілген бұл қалада зейнетақы орталығының кейбір қызметкерлері мемлекет қаржысын өзіне алғандығы анықталған. Орталықтың барлық дерлік қызметкерлері - 34 адам қызметтерінен босатылған.

- Алматы қаласының Бостандық ауданындағы зейнетақы орталығында 2 мыңға жуық зейнетақы алатын адамдардың құжаттары толық анықталып біткен жоқ. 200 миллионға жуық теңге артық төленгендігі анықталып отыр. Мына медико-әлеуметтік эксперттік комиссия бойынша да көптеген азаматтарға мүгедектік дұрыс берілмегендігі жөнінде құжаттар анықталып жатыр, - деді еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Алматы қалалық зейнетақы орталығы бөлімінің директоры Керімжан Еспаев заңсыз алынған қаржы қайтадан бюджетке қайтарылатынына уәде етіп отыр:

- Қарапайым сөзбен айтатын болсақ, сіздің туысыңыз немесе тағы біреулер жасы зейнетақыға жетіп қалған кезде ол оңай жолмен ертерек шығу үшін өзіне адамдар іздейді. Сол сияқты адамдар табылған екі ортада. Олар солардың қаражаттарын алған. Әрине, орынсыз алған қаражаттың бәрі бюджетке қайтарылып жатыр. 92 адаммен жұмыс істеліп бітіп қалды. Олардың үкіметке құйғаны 50 миллионға жақындап қалды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарақұсова да жалпы шығын бюджетке қайтарылады деген тұрғыда сөйледі:

- 250 миллион теңгені біз қазір бюджетке қайтарамыз.

Алматыға қатысты сын мұнымен бітпеді. «Алматыда кейбір зейнетақы алуға қажет құжаттар зейнетақы орталығының қызметкерлерінің кесірінен мүлде жоғалып кеткен», деді министр. Ал, Алматы қалалық зейнетақы орталығы бөлімінің директоры Керімжан Еспаевтың айтуынша құжат жоғалудың себебі бар:

- Ол іс қағаздардың көбінесе жоғалудың себебі көшіп-қонуға байланысты. Алты рет көштік. Кейбір істер жоғалған, кейбіреуі астына түскен архивтен жоғары қарай көтерілмеген. Ал енді қолма-қол ақшаға келсек, әрине, адам баласы болған соң бәрінің ішіне бірдей кіріп шығу қиын. Сондықтан да ондай алаяқтар біздің ішімізде де болған екен. Олардың бәрі жұмыстан алынып, қазір олармен сот органдары айналысып жатыр.

Астана қаласындағы мекеме наурыз айында тексерілген. Бұл қалада да негізсіз ақша төленгендігі анықталған, шығын сомасы 2 миллион теңге. Астана зейнеткерлерінің бұл мәселеге қатысты пікірлері әртүрлі:

- Болып жатқан шығар, бірақ, құжаттың өзінде де кедергі көріп тұрған жоқпын, өз жеке басымда.

- Жұмыс істемей жүріп өтірік ресмилеп зейнетақы алғандар болады. Мысалы, шын ауылда үй шаруашылығын жүргізіп жүріп жай жасап алғандар болып қалады, ондайлар бар ғой.

Ал, Солтүстік Қазақстанда зейнетақымен жәрдемақыны әр отбасына екі реттен берілгені анықталған. Жалпы, Қазақстанда жәрдемақы мен зейнетақыны 4 жарым миллион адам алады. Заң бұзды деп күдіктеліп отырған адамдардың істері қаржы полициясына және прокуратураға берілген деп хабарланады.
XS
SM
MD
LG