Accessibility links

Шымкентте балаларға ВИЧ дертін жұқтыру фактілеріне байланысты қылмыстық іс қозғалды


Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы адамның қорғаныс тапшылығының қоздырғышын жұқтыру фактілеріне байланысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы қыркүйектің 15 күні «Азаттық» радиосына облыстық прокуратураның басқарма бастығы Қанат Мамаев хабарлады. Қазіргі таңда дертке шалдыққандар саны 56-ға жетті деп хабарланып отыр. Облыста төтенше жағдай қалыптасқанына орай қылмыстық істі тергеу Қазақстанның бас прокурорының аға көкмекшісіне тапсырылды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы қылмыстық кодекстің 116 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғадық деп хабарлайды. Заң бойынша адамның қорғаныс тапшылығының қоздырғышын жұқтырды деп күдіктелген адамның кінәсі дәлелденсе, ол 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ, облыстық прокуратураның басқарма бастығы Қанат Мамаев бұл істе кімдердің күдікті болып отырғандығын айтпады:

- Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, әлі оны айту ерте.

Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған облыстық прокуратураның ақпаратында облыста адамның қорғаныс тапшылығының қоздырғышын жұқтырған балалар саны 54 және тағы екі ересек адам бар деп хабарланады. Ал денсаулық сақтау министрінің баспасөз хатшысы Муарис Абдуллин 5 бала қазір антиретровирустық терапия алып жатқанын айтты.

- Олардың үшеуі қалалық инфекциялық ауруханада, ал екі бала үйінде емделіп жатыр, - дейді ол.

«Қазақстан тудей» агенттігінің хабарлауынша, облыста көктемде ВИЧ жұқтырған жүздеген бала болған. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиев денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевқа облысқа қажет қаржы аз бөлінеді, деген мәлімдеме жасаған. Әкімнің ақпараты бойынша, 2005 жылы адам санының көптігіне қарамастан облыстық қан құю орталығына бөлінген қаржы Қостанай облысымен салыстырғанда 4 есе аз бөлінген. Ал денсаулық сақтау министрінің баспасөз хатшысы Муарис Абдуллиннің айтуынша, қаржы мәселесін жергілікті әкімшілік шешуге тиіс. Оның айтуынша жуық арада балалардың ата-аналарымен жұмыс істейтін арнайы топтар құрылуы мүмкін.

- Олар психологиялық жәрдем көрсетеді және екіншіден, облыс әкімшілігіне зардап шеккен отбастарына материалдық көмек көрсетуге тапсырма берілген, - дейді ол.

Ал денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев бұған дейін өткізген баспасөз мәжілістерінің бірінде осыған ұқсас жағдайлар қайталанбас үшін медициналық ұйымдар тексерілуде деген болатын. Және министр осы жайтқа қатысты 578 адам қызметінен шеттетілді деп хабарлаған еді. Министр Досаевтың айтуынша, облыстардағы медициналық мекемелер жергілікті әкімшіліктерге бағынады.

Бірақ ондағы атқарылған шаралар жеткіліксіз, балаларға арналған ауруханада 350 төсек болса, соның ішінде 13 кататор болған. Оның ішінде дезинфекция өткізіп қайтіп қан құя берген. Ол әкімшілікке қарағаннан кейін жұмыста қалды, егер маған қарайтын болса, мен 20 шілдеден бастап жұмыстан алатын едім, - дейді Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев.

Ал соңғы мәлімет бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында вирус бір сәбидің анасынан табылған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Мұқан Сағындықов хабарлады. Оның айтуынша, бұл әйел 2005 жылы Қазақстанға Өзбекстаннан келген екен. Министр Досаев бұған дейін балаларға ауру аналарынан жұғуы мүмкін деген жорамал расталмады, деген болатын. Жұқтыру фактілерін тоқтату үшін прокуратура облыстағы санитарлы эпидимиологиялық қадағалау департаментіне қан құю жабдықтарын қолдануды дереу тоқтатуды тапсырды. Оның сыртында, прокуратураның шешімімен облыстық қан орталығынан тоңазытылған қан плазмасын жіберу тоқтатылды деп хабарланады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының бастамасымен денсаулық сақтау министрлігі инфекция ошағын оқшаулау мақсатымен облысқа тәуелсіз мамандар жіберілді және керекті жабдық алуға қаржы бөлінді. Облыста төтенше жағдай қалыптасқанына орай қылмыстық істі тергейтін топқа Қазақстанның бас прокурорының аға көкмекшісі басшылық ететін болды деп хабарланады. Және барлық облыстық прокурорларға жергілікті денсаулық сақтау департаменттерін қан құю орталықтарын және басқада медициналық мекемелерді тексеру тапсырылды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG