Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.15.2006 жыл


Жұма күнгі баспасөз Қазақстан және АҚШ президенттері қыркүйектің соңына жоспарланған кездесуінде не талқыламақ деген сұраққа жауап іздепті. Сонымен бірге басылымдар Рүстам Ибрагимовтің адвокаты Нұрлан Устемиров Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсіргендігіне мән беріпті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осымен алтыншы мәрте АҚШ-қа ресми сапармен барғалы жатқандығы «Деловая неделя» газетінде баяндалыпты. Н.Назарбаевтың бұл сапары Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының Нью-Йоркте өтетін саммиті біткен соң басталмақ. Яғни қыркүйектің 26-күні Қазақстан президенті Джордж Буштың Мэн штатындағы отбасылық иелігіне шақырылған. «Канада шекарасына жақын маңда орналасқан бұл иелікте АҚШ-тың 41-ші президенті Джордж Буш тұрып жатыр» делінген мақалада. Ал екі президенттің іскерлік тақырыптардағы кездесулері қыркүйектің 28-күні Вашингтонда басталмақ. «Сол күні таңертеңгісін Қазақстан елшілігінде Тәуелсіз республика монументінің ашылу салтанаты өтеді. Одан соң Қазақстан және АҚШ президенттері Ақ үйде кездеседі. Назарбаев-Буш саммитінде қаралатын басты екі тақырып: экономика және Қазақстандағы демократияның жағдайы» деп жазды «Деловая неделя» газеті.

Қазақстан осы жылы АҚШ және Ұлыбританиямен бірге террорға қарсы әскери оқу-жаттығуларын өткізетіндігі туралы мақала «Панорама» газетінде басылыпты. «Халықаралық әскери жаттығулар Қазақстан аумағында жиі болып тұратындығы бар. Ал АҚШ болса Орталық Азия аумағында өз ықпалын жүргізуге, оның ішінде бұл аймаққа өз әскерлерін орналастыруға мүдделі екендігі жасырын емес» делінген мақалада. «Бұл жерде Қазақстанның географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан алғанда үлкен маңызға ие екендігін айтқан жөн. Қазақстан террорға қарсы коалицияға қабылданса да өз аумағына АҚШ әскерін орналастыруға мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан АҚШ Қазақстанның әскери саласына қаржы бөлуін қойған емес. АҚШ материалдық-техникалық көмекпен қатар, әскери оқуларға арнайы грант бөліп отырады. Соңғы жылдары АҚШ-тың Қазақстанға деген қызығушылығы айтарлықтай өсіп отырғаны байқалады» делінген «Панорама» газетіндегі мақалада.

Бұл уақытта саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілеріне қатысты Талдықорғандағы сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түскендігі «Деловая неделя» газетінде айтылыпты. Атап айтқанда, Талдықорғандағы сот шешімімен өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимовтың адвокаты Нұрлан Устемиров Жоғарғы сотқа арызданған. Онда Устемиров мырза жеті жағдайға мән беріп өтіпті» делінген мақалада. Біріншісі, өлтіру оқиғасының дәл қай уақытта болғандығына байланысты. Екінші жағдай оқиға орнынан алынған іздерге қатысты болып отыр. Адвокат Устемиров өзінің үшінші шағымы ретінде сот-медициналық сараптамасының қорытындысы туралы айтыпты. Ал төртінші сұрауында шақырылған куәгерлердің сотқа келмегендігі қамтылған. Бесінші арызында Устемиров сотта келтірілген дәлелдерге тоқталған. Жоғарғы сотқа түскен алтыншы шағым Ибрагимовтың «арнайы детектордан» өткен тест қорытындысы жайында болса, жетінші жағдайда одорологиялық зерттеудің дерек ретінде қабылданбауын қарастырып өткен» деп жазды «Деловая неделя» газеті.

Ал «Новая газеті: Казахстан» басылымы болса оппозиция өкілі Жармақан Тұяқбайдың сұхбатын жариялапты. Онда жақында ғана Социал-демократиялық партиясын құрып, алғашқы съезін өткізген Тұяқбай мырза осындай партияны құру туралы ой президент сайлауы боларға дейін туындағандығын айтқан. Сонымен бірге Жармақан Тұяқбай үнемі демократиялық күштердің бірігуін үндегендігін, бірақ оның пікірлері басқа да партия басшыларының мүдесімен тоғыспағандығын атап көрсетіпті. «Шындығына келгенде социализмді қайта жаңғыртуды қалайтын коммунистерді нарықтық экономиканың жақтаушылары «Нағыз Ақ жол» партиясымен қалай біріктіруге болады», дейді Жармақан Тұяқбай. Сондай-ақ социал-демократтардың басшысы өздерінің съезінің «Алға» партиясының съезімен неге жапсарлас келіп қалғандығын Асылбек Қожахметовтан сұрап үлгермегендігін жасырмапты. «Жаңадан құрылған социал-демократиялық партиясының артында ешқандай олигарх тұрған жоқ» депті Жармақан Тұяқбай «Новая газеті» басылымына берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG