Accessibility links

Жексенбі күні Днестрмаңы аймағында референдум өтеді


Молдованың жікшіл Днестрмаңы аймағы жексенбі күні референдум өткізіп, келешекте Ресей Федерациясына қосылу үшін тәуелсіз болып қалу керек пе, әлде тәуелсіздікті қойып, Молдоваға қайта қосылу қажет пе деген мәселені шешетін болады. Молдова билігі бұл дауыс берулерді қатты сынға алды. Халықаралық қауымдастық бұл дауыс берулерді қолдамай отыр. Мәскеу болса, жексенбілік референдумның нәтижелерін мойындай ма, жоқ па ол туралы айтпады. Бірақ, ресейлік ресмилер бұл тұрғыда осы жылдың басында тәуелсіздік үшін референдум өткізген Черногорияны тілге тиек етіп отыр.

Бұл Днестрмаңы елі жетекшілігінің халық арасында референдум өткізіп отырғаны бірінші рет емес. Дәл осыған ұқсас дауыс берулер өзіндік Днестр Республикасын құрып, Молдовадан тәуелсіздік алып бөлініп шығу үшін 1990-1991 жылдары өткізілген. Ресейшіл сепаратистер 1992 жылдың жазында Молдовамен соғысқанда, ол қақтығыста 1000 адам қаза болған еді. Оны тоқтатуға Днестрмаңында орналасқан ресейік күштер келген. Содан бері Днестрмаңы жағалауын ешбір ел мойындамай қойған. Днестрмаңы аймағының ақырғы мәртебесіне байланысты келіссөздер Ресей, Украина және ЕҚЫҰ-ның арағайындық жасауымен бірнеше жылдар жүрді. Одан кейін ол келіссөздерге Құрама Штаттар мен Еуропа одағы бақылаушы мәртебесін алды.

Бұл аймақ Ресейдің бейресми, бірақ мықты қолдауын алып келеді. Осы өңірдің 555 мың азаматының үштен-екісі орыс немесе украин тілінде сөйлейді. Көбісінің ресейлік паспорты бар. Және Днестрмаңында Ресейдің 1500 әскері орналасқан. Ресей ол күштері мен әскери жабдықтарын 2002 жылы шығаруға сөз бергенімен, әлі де сонда қалып отыр.

Бұл референдумда екі сұрақ қойылады. Оның біріншісі Днестрмаңы Республикасының келешекте ерікті түрде Ресей Федерациясына қосылуына әкелетін тәуелсіздігін қолдайсыз ба- деген сауал болса, екіншісінде, Сіз Днестрмаңы Республикасының тәуелсіздіктен бас тартып, Молдоваға қосылу мүмкіндігіне қалай қарайсыз,- делінген.

Жексенбілік бұл дауыс берулерде тәуелсіздік пен Ресеймен қосылу мүмкіндігі басым қолдауға ие болады деп күтілуде.

Тек жалғыз көлденең шығатын проблема -Днестрмаңы елінің дауыс беру құқы бар 400 мың адамы шетелге жұмыс іздеп кеткен. Дауыс берулерде “ия” деп жауап бергендер саны 50 пайыздан асса ғана референдум жарамды болады. Және 262 сайлау учаскесі алдын-ала дайындалып қойылған.

Молдова болса бұл дауыс берулерді айыптайтын парламенттік мәлімдеме жасады. Және халықаралық қауымдастық та референдумды заңсыз деп жариялап, жікшіл жетекшілерді жарты жылдай тоқтап қалған келіссөздерді қайта бастауға шақырды. Молдовадағы ЕҚЫҰ-ның басшысы Луиз О’Нейл, азаттық радиосына берген сұхбатында ол дауыс берулер заңға қайшы деген:

“ЕҚЫҰ бұл референдумды мойындамайды және біз Молдова республикасының біртұтастығы мен егемендігіне күдік келтіретін бұл біржақты әрекетті бақылау ниетіміз жоқ әрі қолдамаймыз. Әсіресе, Сіз ойдан-ойға жетелейтін екіұшты сауалдарды қарастырсаңыз, оның әрқайсы өз алдына бір сұрақ болып шығады да, сөйтіп, референдумға берілген сауалдардың әрбіреуі екі бөліктен тұрады. Сол себепті барлығы 4 сауал болады да олар қалаған жауаптарын алғысы келеді”.

Еуропа одағы мен Құрама Штатар сондай ақ бұл дауыс берулерді қолдамайды. Еуро Одақтың сыртқы байланыстар жөніндегі жетекшісі Бенито Фереро Уолднердің арнайы өкілі Емма Удвин бұл референдум ешқандай өзгеріс әкелмейді деген:

“Біз Днестрмаңы елін мемелекет ретінде мойындамаймыз, біз Днестрмаңының тәуелсіздігін мойындамаймыз және мұнда ондай ел жоқ. Бұл өтетін референдум коньюктураның ешқандай бір бөлігін өзгертпейді. Оны Еуропа Одағы да мойындамайды және егер мұны ЕҚЫҰ-да мойындамайтын болса, біз оны түсінеміз. Сондықтан, бұл халықаралық заңдылыққа ие болатындай нәрсе емес”.

Әзірге Ресей дауыс берулердің қортындысын мойындай ма жоқ па айтқан жоқ. Ресейдің сыртқы істер министрлігі қыркүйектің 14-күні мәлімдеме жариялап, онда референдумдар демократиялық деп мойындалған мемлекеттерде азаматтық қоғамды құрудың заңды негізі ретінде маңызды екендігін жазған.

Алайда, кейбір ресейлік ресмилер Днестрмаңы елінің референдумы мен осыған ұқсас алда болатын дауыс берулерді мойындаудың керектігіне шақырған болатын.

Қарашаның 12-сінде Грузияның сепаратистік мәскеушіл Оңтүстік Осетия аймағы да референдум өткізеді.
XS
SM
MD
LG