Accessibility links

Қазақстандық оппозиция өкілдері Алматыда Еуропа кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Президентімен кездесті


Қазақстандық оппозиция өкілдері қыркүйектің 15-күні жұмыс бабымен Алматыға келген Еуропалық кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Президенті Рене ван дер Линден мырзамен кездесті. Форумда оппозициялық ұйымдардың жетекшілері Қазақстанда партияларды тіркеу жұмысы қиын екендігін айтса, Парламент Ассамблеясының президенті ван дер Линден мырза ол үшін 50 мың адамның дауысын жинау қиын мәселе екендігін атап көрсетті.

Еуропа кеңесінің Парламентік Ассамблеясының президенті Рене ван дер Линден мырзаның Қазақстанға ресми сапары қыркүйектің 13-күні басталып, бұған дейін Астанадағы қазақстандық әріптестерімен кездескен ол қыркүйектің 15-күні оппозиция өкілдерімен жүздесу үшін Алматыға келді. Рене ван дер Линден мырзаның айтуынша, бұл кездесулерде Қазақстандағы оппозиция өкілдері ақпарат құралдарының жұмысы шектеліп отырғандығын, партияларды тіркеуде кедергілер көп екендігін жеткізген.

- Кездесуде талқыланған сұрақтар Қазақстандағы саяси-экономикалық жағдайға қатысты болды. Атап айтқанда партияны тіркеу үшін 50 мың адамның қолы жинау деген секілді проблемалық мәселелер қозғалды. Бұл өте көп сан. Одан соң біз оппозиция өкілдерінің үгіт-насихат жұмыс жүргізуге мүмкіндік берілмей отырғандығын талқыладық. Сонымен бірге олардың бұқаралық ақпарат құралдарына қолы жетпей отырғандығы әңгіме болды, - деді ван дер Линден мырза «Азаттық» радиосына берген сұхбатында.

Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының басшысымен кездескендердің арасында жақында ғана Жалпыұлттық социал-демократиялық партия құрып, оның алғашқы съезін өткізген Жармақан Тұяқбай да бар. Рене ван дер Линден мырзамен кездесуде 50 мың адамның қолын жинаудың қиын екендігін бірге талқылағандардың бірі Тұяқбай мырза.

- Бүгінгі күнгі заңдарда партияны тіркеу үшін 50 мың адамның қолын жинау деген халық саны жағынан келмейтін жағдай. Осыншама адамды партияға тарту оңай шаруа емес. Партияға кірген адамдар оның мақсаты мен идеологиясын анық түсініп, өзінің пікірін айтып кіруі тиіс. Екі айдың ішінде ондай адамдарды табу оңай тірлік емес, - деді жаңадан құрылған партияны тіркеу жұмыстарын бастаған Жармақан Тұяқбай.

Оның айтуынша, басқа мемлекеттердің көбінде халықтың қолын жинау деген жоқ, болса да мың немесе бес мыңмен шектеледі. Ал Қазақстанда бұл механизм партияның қызметін шектеу мақсатында жүріп жатыр, деді Тұяқбай. Оның пікірінше, Қазақстандағы саяси баяулық қоғамның барынша дамуына кедергі болып отыр.

- Елдегі саяси модернизацияның жоқтығы экономиканың дамауына кедергі жасап отыр. Кездесуде билік пен демократиялық оппозиция арасындағы қарым-қатынас жайында, оппозицияның жұмыс істеуіне келтіріп жатқан көптеген кедергілер мен қудалаудың бары туралы айтылды, - деді социал-демократтардың басшысы Жармақан Тұяқбай.

Ал партияны тіркеу мәселесінде қиыншылық көріп жүрген қазақстандағы тағы бір ұйым – «Алға» партиясының басшысы Асылбек Қожахмет Еуропадағы Парламент Ассамблеясы басшысымен кездесуде партиялардың жұмысына қатысты әңгіме көтерілгендігін, оның ішінде партияларды тіркеу мәселесі сөз болғандығын айтты.

- Біз елу мың адамның дауысын жинап береміз. Мәселе оның санау-саналмауында болып тұр. Өткен жолы 62 мың қол жинап бергенде, 400-дей қателіктерің бар деп тіркемей қойды. Ал былтырғы сайлауда Н. Назарбаев жинаған дауыстың 841-і қате болып шықты. Оны Орталық сайлау комиссиясы дәлелдеді. Соған қарамастан ол тіркелді ғой. Ал біз сияқты оппозициялық партияларды билік тіркемейді, - дейді «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахмет.

Ал социал-демократ Жармақан Тұяқбай болса елу мың адамның қолын екі айда жинауға болатындығын, десек те оның санын он есе қысқартқан дұрыс деген ұсыныс айтып отыр.

- Міндетті түрде 50 мың дауыс жинау шарт емес, он есе қысқартса да болады. Бірақ соған қарамастан біздің партияға кіретін азаматтардың саны жаман емес. Үгіт-насихат жұмыстары енді басталғанына қарамастан адамдар өздері топ-топ болып кіріп жатқан жағдайы бар, - дейді Жармақан Тұяқбай.

Бұған дейін Еуропа Кеңесі Парламентік Ассамблеясының президенті Рене ван дер Линден мырза Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен, Парламент спикерлерімен, және үкімет мүшелерімен кездескен болатын. Бұл кездесулерде де Қазақстандағы саяси партиялардың жұмысы туралы әңгіме қозғалды, деді Парламенттік Ассамблеяның президенті.

- Қазақстандағы Үкімет өкілдерімен кездесулердің барлығында мен оппозициялық партиялардың мәселелерімен қатар сөз бостандығына қатысты әңгіме қозғалды. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өте қысқа қайырылғандықтан, онда тек Парламент Ассамблеясы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас және Қазақстанның 2009 жылы ОБСЕ-ге төрағалық ету мәселелері талқыланды, - деді Рене ван дер Линден мырза.

AzattyqTV

Ауғанстан вице-президенті Дустумның елге оралуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:53 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG