Алайда осы жерде айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған Мәжіліс депутаттары өзге өңірдің депутаттарына Шымкенттегі жағдайда жұмыстарың болмасын дегенге келтіріп, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Болат Жылқышиевке араша түсті. Мәселен Оңтүстік Қазақстан облысы өңірінің депутаты Сатыбалды Ибрагимов:
«Кейбір депутаттар ВИЧ-инфекциясына шалдыққан сәбилердің арқасында саяси ұпай жинағылары келеді. Ал оңтүстік өңірден сайланған он депутатқа бұл жағдай олардан артық батып отыр», – деді.
Әріптесінің жоғарыдағы сөздеріне Серік Әбдрахманов төмендегідей жауап берді:
– Маған ешқандай саяси ұпайдың қажеті жоқ. Кімнің ұпайы жетпесе, сонымен бөлісуге даярмын. Мен біреудің түбіне жетейін, біреуді қызметінен алайын деген ниетпенен осы мәселеге қосылып жүрген жоқпын. Басшылар орнындарында мәңгі отыра берсін. Мәселе біздің балаларымызда ғой. 55 бала, былайша айтқанда, біреудің салғырттығынан жаны құрбан болып отыр.
Ал Оңтүстік өңірден сайланған депутаттардың бірі Төлебек Қосмамбетов әкім мен министрлерге тиісе бермей, әліптің артын бағайық дегенге келтірді:
– «Сабыр түбі сары алтын» деген сөз бар. Шамалы сабырлық сақтаған дұрыс қой деймін. Елбасы бұл мәселені білмей отырған жоқ. Ол бізден артық білмесе, кем білмейді бұл жағдайды.
Дегенмен оңтүстік өңірдің депутаттары өз әкімдеріне қаншалықты араша түскенімен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйектің 20-күні Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиев пен Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевты қызметтерінен алып тастады. Ал Мәжіліс төрағасы Орал Мұхаммеджанов 55 сәбидің тағдырына байланысты аталған шенеуніктерді қызметінен алу – жазаның ең жеңіл түрі, жауаптыларға қылмыстық іс қозғап, қатаң жазаға тарту керек, деді.