Accessibility links

Әзірбайжанда "голланд ауруы" басталды


Осыдан он екі жыл бұрын, 1994 жылы 12 қыркүйекте Әзірбайжан үкіметі алғашқы батыс компаниясымен үлкен келісімге қол қойған еді. Енді міне мұнай өндірісі қыруар пайда әкеледі деген үміт Әзірбайжан экономикасына керісінше "голланд ауруын" әкелген сияқты. "Голланд ауруы" деген экономикалық мәселе 1960 жылдары Голландияда бастау алды. Голландия теңіз аймағында табиғи газ табылып, бұдан соң орын алған қарамақайшы құбылыстар Голландия экономикасына теріс ықпал жасаған. Мұндай құбылыс енді Әзірбайжанда басталды.

Бірнеше миллиард долларға салынған "Баку-Тбилиси-Жейхан" құбыржолы мен "Баку-Тбилиси-Ерзурум" газ құбыржолы осыдан бірнеше апта бұрын ғана ашылды. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев осы құбыржолдар алдағы 20 жылда 140 миллиард доллар пайда әкеледі дейді. Мұнай мен газ бағасы қазіргі межеден түсіп кетсе де – Ильхам Әлиевтің болжамына балама болжам айтатындар аз болса керек. Дегенмен, Халықаралық Ақша қоры Әзірбайжан экономикасы өсудің орнына дағдарысқа тап болуы мүмкін дейді.

Халықаралық Ақша қоры Таяу Шығыс және Орталық Азия департаментінің аға экономисі Виталий Крамаренко Әзірбайжан үкіметі биылғы жылдың алғашқы жартысында жұмсайтын ақшаның көлемі былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда номиналды өлшемде 70 пайыздан асып кетті, мұның салдарынан инфляция ұлғайды дейді:

- Инфляция былтыр желтоқсан айында 5,5 пайыз болып еді, биыл тамыз айында шамамен 10,2 пайызды құрады, мұны болжамдаған болатынбыз. Және де инфляция өсе береді деп болжамдап отырмыз.

Әзірбайжанда "голланд ауруы" басталды деген пікірмен әзірбайжандық сарапшы Инқлаб Ақмедов те келісіп отыр. Ол Әзірбайжан қоғамдық қаржы бақылау орталығында істейді, бұл тәуелсіз ұйым. Инқлаб Ақмедов мұнай байлығы елді көркейтеді деген алданыш пайда болды, бұл коррупцияға кең жол ашады дейді. Мұнай пайдасының өсуі энергетика саласынан тыс жаңа жұмыс орындарын ашып отырмаған сияқты, - дейді Инқлаб Ақмедов:

- Біз голланд ауруының Әзірбайжан экономикасына нашар әсер ете бастаған кезеңінде тұрмыз. Себебі ұлттық ақшамыздың бағамында ауытқуларды көріп отырмыз, мұны бір деңіз. Екіншіден, Әзірбайжанда өте үлкен инфляциялық процесс көріп отырмыз. Мұнай саласынан тыс секторда және басқа барлық секторлардың бизнес ахуалында көптеген проблеманы көріп отырмыз. Демек голланд ауруының барлық классикалық жайттарын көріп отырмыз. Өкінішке қарай, бұл – процестің тек басы.

Дегенмен Әзірбайжан үкіметі тек мұнайлы ел емеспіз, басқа салаларды да дамытамыз дейді. Әзірбайжанда 2001 жылы Мемлекеттік мұнай қоры құрылды, қор мұнай табыстарын жеке жинап, оларды ұзақ мермізді инвестициялық жобаларға салады, әлеуметтік жобаларды қаржыландырады делінеді. Мұндай қор Қазақстанда да құрылған. Әзірбайжан қорында 1600 млн. доллар жиналды. Әзірбайжандық сарапшы Инқлаб Ақмедов арнайы қордың қызметі қоғамдық бақылаудан ада, үкімет қордың қызметін ашық қылуға ниет танытпай отыр дейді. Халықаралық Ақша қоры да Әзірбайжан үкіметі бизнес ахуылды жөндеуге ықылыс танытса жөн дейді. Халықаралық Ақша қорының өкілі Виталий Крамаренко энергетикадан тыс секторларда тауар өндіруді арттырған жөн дейді:

-Мәселені шешу үшін ішкі өндірушілердің өнім санын арттыру керек, сонда олар кеңірек бәсекеге төтеп бере алады. Сол сияқты ақша жұмсау қарқынын реттеген жөн бе деген ой бар, себебі бұл нақты ақша айырбас бағамының бұлағы болып тұр. Үкімет жұмсайтын ақшаның көлемін аздап азайту да жергілікті тауарөндірушілерге септігін тигізе алады.

Міне, Каспий теңізінің арғы бетіндегі екінші мұнайлы ел Әзірбайжандағы жағдай осындай. "Голланд ауруы" мұнайлы Қазақстанда да пайда болуы мүмкін деп кейбір қазақстандық экономистер осыдан он жыл бұрын ескерткен.

AzattyqTV

Ауғанстан вице-президенті Дустумның елге оралуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:53 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG