Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.20.2006 жыл


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтондағы сапарынан соң Ресей басшысы Владимир Путинмен Орал қаласында кездесетіндігі сәрсенбілік баспасөзде сөз болыпты. Сонымен бірге басылымдар Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясының жаппай таралуына байланысты төтенше жағдай жариялау керектігін мәселе етіп көтерген.

Оңтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай жариялау керектігі туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. Жыл басынан бергі тоғыз айда облыс ауруханаларында дәрігерлердің инесінен ем алған, жасы кәмелетке жеткендердің қанын тексеріп шығу 12 мың баланың ауру-сауын анықтап үлгермей жатқан мамандарға оңайға түспесі анық және олардың заң жүзінде ересектерді тексерілуге міндеттеуге құзырлықтары жоқ. СПИД ауруына шалдығуы мүмкін деген адамдарды қыстап тексеруден өткізу үшін дәрігерлерге Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің ынта білдіруі мен Үкіметтің «Оңтүстік Қазақстан облысына төтенше жағдай жариялау» туралы арнайы қаулысы қажет» делінген мақалада. «Облыс ауруханаларында наурыздың 21-нен бергі уақытта емделген 12 256 баланың тізімі жасалынып, бүгінгі күнге дейін оның 5-6 мыңы ғана тексеруден өтті. СПИД ауруын жұқтырған 55 бала соның ішінде, әлі қанша ауру анықталатыны белгісіз. ВИЧ қоздырғышы осы дертпен ауырған бір баланың анасының қанынан да табылған. Егер құзырлы орындар тарапынан қатаң шаралар жасалмаса, оңтүстіктегі етек алған індет ертең ел ішіне енуі әбден мүмкін» деп жазыпты «Айқын» газеті.

СПИД кеселі Қазақстанның өзге де аймақтарында өршіп тұрғандығына «Литер» газеті мән беріпті. «Қазақстан бойынша аталған кеселге шалдыққандардың төртінші бөлігі бір ғана Қарағанды облысында тұрып жатыр екен: жалпы республика бойынша ВИЧ инфекциясын жұқтырған 6769 адам тіркелген болса, соның 1705-і қарағандылықтар. Қатерлі дерт кең таралған аймақтың бірі - Алматы қаласында 1283 адам ВИЧ инфекциясымен тіркелген. Осы жылы қатерлі кеселмен ауыратын әйелдер 59 баланы дүниеге әкеліпті. Олардың 12-і Алматыда, 13-і Қарағанды облысында, 10-ы Оңтүстік Қазақстанда, 9-ы Павлодарда туылған. СПИД-тің таралу ауқымдылығына байланысты қоғамда ВИЧ инфекциясы барлармен бір ортада өмір сүру ережелерін үйрету қажет» деген пікір «Литер» газетінде жазылыпты.

Бұл уақытта Қазақстанда гепатитпен ауыратындар саны 450 мыңға жеткендігі «Айқын» газетінде айтылыпты. «Аталған ауруды жұқтырғандардың 85 пайызы 15-30 жас аралығындағылар. Медицина ғылымдарының кандидаты Зәуре Сүлейменованың айтуынша, аталған вирус көбінесе донорлық қан құю кезінде, қан алмастыру кезінде, медициналық ине-құралдардың таза болмауынан және анадан балаға жұғады. Вирус адам қанымен алмасуы арқылы тарайтындықтан нашақорлар арасында жиі кездеседі, сондықтан вирусқа шалдыққандардың 80 пайызы есірткі пайдаланушылар болып отыр» делінген «Айқын» газетінің мақаласында.

Сонымен бірге сәрсенбілік газеттер Қазақстан президентінің АҚШ-қа сапарына ерекше мән беріп өтіпті. Ал «Аргументы и факты: Казахстан» газетінде Вашингтондағы сапары аяқталған соң Нұрсұлтан Назарбаев қазан айының басында Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесетіндігі туралы жазылыпты. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының маманы Гүлнүр Рахматулинаның айтуынша, екі мемлекет басшыларының Орал қаласындағы кездесуінде ең алдымен экономикалық мәселелер талқыланады. Оның ішінде кедендік сауда мәселесі осы кездесуде кеңінен қозғалады екен. Ал Ресейдің ұлттық стратегиялық институтының маманы Юрий Солозобовтың пікірінше, Қазақстан мен Ресей – бұрынғы Кеңестер Одағы аумағының 80 пайызы, әлемдік аренадағы ең ірі ойыншылардың бірі. Қалай дегенмен, Қазақстан және Ресей одағы тіршілік қамы үшін қажет» депті Юрий Солозобов «Аргументы и факты: Казахстан» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта Қазақстанда АҚШ және Ұлыбритания күштерінің қатысуымен «Дала қыраны - 2006» әскери оқулары жүріп жатқандығы «Литер» газетінде айтылыпты. Бұл шараға үш мемлекеттен 500-ге жуық сарбаз тартылған. Оған Қырғызстан, Украина және Түркияның қарулы күштерінің өкілдері мен НАТО-ның сарапшылары бақылаушы ретінде қатысып жатыр. Осы жылы Қазақстан мен НАТО арасында 160-қа жуық әртүрлі дәрежедегі біріккен оқулар жоспарланыпты» деп жазды «Литер» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG