Accessibility links

Қарағанды облысындағы Ленин атындағы көмір шахтасында қаза тапқандар саны 41 адамға жетті


Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы В.И.Ленин атындағы көмір шахтасында қыркүйектің 20-күні таңертең болған жарылыс салдарынан қаза болғандар саны 41 адамға жеткені туралы бейсенбі күні кешкісін осы апаттың себеп-салдарын тексеру жөнінде құрылған үкіметтік комиссия ресми хабарлады.

Кейбір мамандар және ақпарат көздері шахтадағы қайғылы оқиғаға жер астында метан газының кенет қопарылыс бергендігі себеп болған деген алдын-ала болжам айтады. Ал, Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың бөлім бастығы Ғалым Байкенов, бейсенбі күні «Азаттық» тілшісімен телефон арқылы сөзінде, апат салдарын және оның себептерін тексеріп-зерттейтін комиссия құрамындағы тәжірибелі мамандар жағдайды нақты зерттеуге кіріскелі отырғанын хабарлады.

Ғалым Байкенов 2004 жылы желтоқсан айында дәл осы Шахтинск қаласындағы тағы бір шахтада осындай жарылыс болған кезде оның себебі метан газының қопарылыс бергендігінен болғандығын айтты.

- Ал Ленин атындағы шахтада болған осы жолғы жарылысқа байланысты қандай да бір қортынды айту ертерек, сарапшы мамандар әуелі зерттеп көрсін дейді ол.

Ғ.Байкенов бейсенбі күнгі түс кезінде радиомызға берген ақпаратында шахтада қаза болғандар саны 40 адам, тағы бір кісі әзірге хабарсыз отырғанын жеткізді.

Қайғылы оқиға салдарынан ауыр жарақат алған 6 кеншінің денсаулық жағдайы орташа қалде көрінеді. Олардың үшеуі Шахтинск қаласындағы клиникалық ауруханада, ал қатты күйікке шалдыққан үшеуін Қарағандыға, қалалық аурухананың күйікті емдеу бөліміне жатқызыпты.

Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин қарағандылық дәрігерлер кеншілерді аман сақтап алып қалу үшін қолдан келген барлық дәрігерлік көмек көрсетіп жатқандығын айтты. Ал Қарағанды облыстық прокуратурасы Ленин атындағы шахтада адам өліміне жол берілгендігіне байланысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 245-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. «Миттал Стил Теміртау» компаниясының басшылығы қайғылы оқиға болған күні қаза болған әрбір кеншінің отбасына 1,5 млн теңге көлемінде өтемақы төлейтіндіктерін мәлімдеген еді. Ал, бейсенбі күні компания басшылығы қаза болған әрбір кеншінің отбасы жағдайымен таныса отырып, төлемақы көлемін қосу ниетте екендіктерін байқатты. Ленин атындағы шахтаның қожайыны, әйгілі милиардер Лакшми Миттал осы аптаның соңына дейін Қарағанды облсына келіп, қайғылы қазаға ұшыраған кеншілердің отбасы мүшелерімен кездесетін жоспары барлығын мәлімдеді. Ал үкімет басшысы Даниял Ахметов бейсенбі күні түстен кейін Қарағанды облысындағы апат болған шахтада болып, қайғылы қазаға ұшыраған кеншілердің отбасы мүшелерімен кездесіп, көңіл айтты.

Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин қыркүйектің 22-сі, жұма күнін Қарағанды облысында қаралы күн деп жариялады.
XS
SM
MD
LG