Accessibility links

Қазақстанда әкімдерін сайлауына үміткерлерді тіркеу жүріп жатыр


Қазақстандағы облыстық маңыздағы қала және аудан әкімдерін сайлау додасына түскен үміткерлердің төртеуі таластан бас тартты. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлап отыр. Осы мәліметте айтылғандай қазір қызметте отырған 7 әкім қайтадан сайлау додасына мүлде түспейміз деген. Орталық сайлау комиссиясы оның себебін білмейміз десе, оппозиция өкілдері бұл адамдар сайлаудың әділетсіздігінен бас тартты деп отыр.

Қазақстанда 20-қазанда өтетін облыстық маңыздағы аудан және қала әкімдерінің сайлауында үміткерлерді облыс әкімі ұсынады. Облыстық маңыздағы аудан және қала әкімдерін жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды. Әкім қызметіне үміткерлерді тағайындау аяқталды. Облыстық маңыздағы қала және аудан әкімдерінің қызметіне 144 үміткер белгіленді. Бастапқы кезде 148 үміткер болған, бірақ төртеуі сайлау додасына түсуден бас тартқан. Оның себебін Орталық сайлау комиссиясы білмейміз деп отыр. Ал, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосановтың айтуынша, үміткерлердің кейбіреуі заңға көңілдері толмағандықтан додадан бас тартқан:

- Бәлкім, осы 4 адамның бас тартуының ар жағында заңға деген көңіл толмаушылық бар. Қалай болғанда да облыс әкімі «Отан» партиясының төрағасы бола отырып, «Отан» партиясы ие бүкіл бақылау пакетіне ие мәслихатқа сөзі өтпейді дегенге мен сенбеймін. Сондықтан, бұл додаға екінші адам формальді түрде түсіп отыр. Бәлкім, ұсынылып отырған үміткерлер өзінің қандай бишара рольде екенін сезген шығар.

Ал, Қазақстанның орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков бұған дейін бір сөзінде кейбір мемлекеттерде осындай жанама сайлау өткізіледі деген болатын:

- Әкімдерді халық сайлайтын әлемдегі мемлекеттердің тәжірибесін біз қарап отырмыз. Ал бізде, негізінен, атқарушы органдардың басшылары - әкімдер тағайындалады. Халықпен сайлау деген ондай сайлау өте сирек. Тікелей төте, жалпыға бірдей сайлау бізде бар: президентті, парламент мәжілісінің және мәслихат депутаттарын солай сайлаймыз.

Осы сияқты жанама сайлауға қатысқан бұрынғы сенатор Зәуреш Батталованың айтуынша, үміткерлердің кейбіреуі бәсеке жоқтығын түсінеді:

- Бәсеке жоқтығын түсініп отыр. Сосын биліктің өзі облыс әкімі кімді қолдайтындығын тағы түсініп отыр және сайлаудың әділ өтетіндігіне сенбейді. Әкімшілік кімді таңдайды сол болады. Сондықтан бас тартқан адамдар өзінің жеңіске жететіне сенбеуі мүмкін деп ойлаймын.

Әкім қызметіне көптеген аудандарда екі тұлға таласқа түседі, тек бір ауданда бір орынға 5 адам таласады, деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі. Үміткерлердің барлығы жоғары білімді. Орта жасы 48-де. Ересегі 60 жаста болса ең жасы 30 жаста деп хабарланады. Додаға түскісі келген үміткерлердің ішінде 5 әйел бар. Бұған дейін үміткерлер мемлекеттік қызметте немесе мемлекеттік кәсіпорындармен мемлекеттік емес салада жұмыс істеген. Олардың ішінде додаға қайта түсіп отырған әкімдер бар. Бірақ, 7 әкім қайтадан сайлау додасына түсуден бас тартқан деп хабарланады. Саясаткер Серікбай Әлібаевтың айтуынша бұл орайда үміткерлердің кейбіреуі облыс әкімінің нұсқауын тыңдауы мүмкін:

- Қазіргі істеп жүрген әкімдердің өтетінін біліп отыр, мәслихаттар қалай сайлайтындығын біліп отыр. Бәрі белгіленген. Екіншіден, мүмкін облыс әкімі ұсынсада бәсеке үшін заң бойынша екі үміткер болу керек біреу болса сайлау болмайды, сондықтан ол ана әкімге айтуы мүмкін, әй сен анаған жол бер, сен болды кет деп.

Әлібаевтың айтуынша үміткерлердің кейбіреуі өз бетімен сайлаудан бас тартуы ықтимал:

- Намысы бар азаматтар мынадай додоға түсуі ұят. Енді барлығын жаман деп айту олда қиын. Өздері мұндай доданың расында дода емес ойыншық, сайлау нақты салау емес халық сайлауы емес, ертең әкім басынып айтадығой ей мен сені әкім қылдым бәрібір сені сайласада мен қойдым деп, сондай сөзден қашуы мүмкін.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше Қазақстанда Облыстық маңыздағы 196 қала және аудан бар. Олардың 30 пайызында биыл сайлау өтеді. Бұл 49 аудан және 10 қала. Сайлау өтетін қала мен аудандардың нақты тізімін облыс әкімдерімен Орталық сайлау комиссиясы бірігіп жасайды. Сайлау қағаз бюлетендерінің көмегімен жүргізіледі.
XS
SM
MD
LG