Accessibility links

Қазақстанда адам саудасының құрбандарының басым бөлігі - әйелдер


Қазақстанда АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (ЮСАИД) адам саудасына қарсы бағдарламасы аясында былтырғы жылы 49 құрбанға, алдыңғы жылы 63 құрбанға көмек көрсетілген. Олардың басым бөлігін әйелдер құрайды. Бұл туралы ЮСАИД-тің Еуропа мен Еуразиядағы адам саудасы мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Рут Пойман «Азаттық» радиосына берген сұқбатында айтты. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің «Азаттық» радиосына ұсынған мәліметтеріне қарағанда, былтырғы жылы Қазақстан елшіліктерінің көмегімен Біріккен Араб Әмірлігінен жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүр болған 5 әйел, Израильден 5 әйел, Түркиядан 2004-2005-ші жылдары 8 қазақстандық әйел қайтарылған.

Шымкенттегі жетімдер үйінің түлегі Ольга алдыңғы жылы адам трафигінің құрбаны бола жаздаған жасөспірімдердің бірі:

- Мен шетелге барып, ақша тауып, содан кейін Шымкентке оралғым келді, қателігімді енді түсінем, - дейді Ольга.

Бірақ жергілікті полицейлердің көмегімен Ольга және оның құрбылары жезөкшелікке салу мақсатында Араб Әмірлігіне әкетілмей тұрып, қылмыстық топтың қолынан босатылды. Ал дер кезінде көмек көрсетілмей, адам трафигінің құрбандарына айналғандар көбінесе Біріккен Араб Әмірлігінен, Израиль мемлекетінен, Түрік Республикасынан және тағы басқа да мемлекеттерден қайтарылады, дейді Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінің директоры Уәлихан ҚОҢЫРБАЕВ «Азаттық» радиосына жазбаша берген сұқбатында.

«2005-ші жылы Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінің көмегімен, Қазақстанның осындай 5 азаматшасы Біріккен Араб Әмірлігінен және Израиль мемлекетінен тағы 5 азаматша қайтарылды. Сонымен бірге, Қазақстанның Түрік Республикасындағы елшілігінен келіп түскен мәліметке сай, 2004-2005 жылдары арасында 8 қазақстандық азаматша елшіліктің көмегімен елге қайтарылды. Олар - жыныстық қызмет көрсету құлдығына түскендер. Осындай қызмет түрімен айналысуға мәжбүр болғандар- шамамен 20 мен 40 жас аралығындағы әйелдер» делінген Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаменті директорының жазбаша жауабында.

Сыртқы министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, биылдан бастап Қазақстан үкіметі шетелдерде адам саудасының құрбандары болған өз азаматтарына алғашқы медициналық көмек көрсету, тамақтандыру, уақытша баспана тауып беру, киім-кешек алу және елге оралу сияқты түрлі шығындарын өтеу мақсатында жыл сайын 100 мың АҚШ долларын бюджет есебінен бөле бастаған. Алдыңғы аптада бірқатар Орталық Азия елдерінде іссапармен болған АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің Еуропа және Еуразиядағы адам саудасы мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Рут Пойман болса, бұл мәселені шешуге жергілікті орындардан бөлінетін қаржы жеткіліксіз деп есептейді.

- Мәселен, Қазақстанда «өтемақы» бойынша заң да жоқ. Ал осы қайғылы криминалды бизнеске пайда үшін барып, ұсталған адамдардың жазасы айтарлықтай болып, оның ішінде олардың да айтарлықтай материалдық шығын көруін ескеру керек. Сонымен бірге бұл істе куәгерлердің де қорғалуын қолға алу қажет деп ойлаймын, - дейді Руд Пойман.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан қазір - адам саудасы құрбандары әкелінетін елге айналып отыр. Бұл аймақта сан жағынан адам саудасының құрбандары арасында еңбек мигранттары басым түседі дейді американдық маман.

- Және бұл, негізінен, Қазақстан мен Ресейде орын алуда. Бұл адамдар ауыр жағдайда көп жұмыс істеуге мәжбүр болады. Оларға қоқан-лоққы көрсетіледі. Бірақ жалақы алмайды. Мұндай фактілер аймақта өте көп. Олардың арасында балалардың болуы бізді қатты алаңдатады. Сонымен бірге әйелдер де осындай жағдайға душар болатын әлсіз қорғалатын топтарға жатады, - дейді АҚШ-тын халықаралық даму агенттігінің маманы.

Оның пікірінше, Орталық Азия аймағында адам саудысының белең алуына әсер етіп отырған бірнеше фактор бар.

- Бұл мәселенің тамыры - тек кедейліктің өзінде емес, бай және кедей республикалар арасындағы алшақтықта ғой деп ойлаймын. Мысалы, Қазақстан мен Ресей осы аймақтағы басқа елдермен салыстырғанда ауқаттырақ. Сонымен бірге бұл елдің өз ішіндегі бай және кедей адамдар арасындағы алшақтық үлкен. Екіншіден, сыбайласқан жемқорлық бұл елдерде мәселеге әсер етіп қана қоймайды, ол қоғамда нормаға айналған. Сондай-ақ, кәсібиліктің төмендігі де кейбір жерлерде байқалады. Мысалы, Ақтөбеде қашып шыққан бір құрбан облыстық деңгейдегі мекемелерге шағымданғанда ондағылар мәселені түсінбеген. Бірақ, әйтеуір, ол әрі қарай қалалық орындарға шағымданып, оған көмек көрсетілген. Қазақстанда мемлекеттік құрылымдарда осындай істерге өздерінің қатысы бар немесе көздерін жұмып қарайтын адамдар бар тәрізді, - дейді Рут Пойман.

Қазір Ақтөбеде қазақстандық заң орындары биылғы жылдың шілде айында бір кәсіпорында еріксіз ұсталып отырған жерінен босатып алған 14 өзбекстандықтың ісі қаралуда. Осы мәселеде құрбандардың мүддесін қорғауда көп қиындықтарға тап болдық дейді ақтөбелік «Үміт» қоғамдық ұйымының төрайымы Айгүл Дүйсенова:

- Адам сату әлемде қару-жарақ пен есірткі сатудан кейінгі үшінші орын алатыны мәлім. Бұл – үлкен ақша. Одан ешкім де айырылғысы келмейді. Олар судьяларды, адвокаттарды үлкен ақшаға сатып ала алады. Қазір бізде «адам саудасы» бойынша қозғалған осы істе қаншама кедергілерге кездесіп отырмыз?!

Қазір Ақтөбедегі адам саудасының құрбандарына материалдық және құқықтық жағынан АҚШ халықаралық даму агенттігі бағдарламасы аясында көмек көрсетілуде. Алдыңғы жылы бұл ұйым Халықаралық көші-қон ұйымы арқылы Қазақстанда осындай жағдайға тап болған 63 адамға, былтырғы жылы 49 адамға жәрдемдескен екен. Жалпы, Қазақстан АҚШ Мемлекеттік департаментінің биылғы жылғы есебінде үкіметі адам саудасын жоюда ең төменгі стандарттарды толықтай орындамайды, бірақ оған қарсы күш салып жатқан мемлекет деген баға алған.
XS
SM
MD
LG