Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.26.2006 жыл.


Сейсенбілік баспасөз қыркүйектің 26-күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары басталатындығы туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдар «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов Мәжіліс депутаты мандатына ие болғандығына мән берсе, тағы бір газетте ұлттық компаниялардың төрағалары өз жалақыларын қырқа бастандығы туралы баяндалыпты.

Қыркүйектің 26-күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары басталатындығы туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. «Сапар барысында екі ел арасындағы сауда-саттық, алыс-беріс, қарым-қатынас және өзге мәселелер қаралмақ. Бүгінгі таңда АҚШ ең озық технологияға ие, экономикасы қарыштап алға басқан, геосаясатта ықпалы зор алпауыт ел. Сол алпауыт ел Орталық Азияда жедел дамып, аймақтың көш басшысы атана бастаған Қазақстанды өзінің сенімді серігі ретінде таниды» делінген мақалада. «Қазақстан басшысының АҚШ-қа ресми сапары екі ел қарым-қатынасын жаңа бір кезеңге көтерері анық. Жақында ғана АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс «Қазақстан Назарбаевтың басшылығының арқасында әлеуметтік-экономикалық-саяси жетістіктерге жетті және АҚШ-тың халықаралық аренадағы сенімді серігі» деп атап көрсетті. Қазақстанның Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына қосылуы да Вашингтонның Астанаға оң көзбен қарауына әсер етті. Каспий бойы мен табанындағы мұнайдың мол шоғыры Қазақстанға қарасты аймақта жатқандықтан Вашингтон Астананың осы құбырға қосылуына өте мүдделі болды» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал қыркүйектің 25-күні Нұрсұлтан Назарбаев Испанияға ресми сапармен барғандығы «Егемен Қазақстан» газетінде баяндалыпты. «Сапар барысында жоспарланғандай сейсенбі күні мемлекет басшысы Испания королі Хуан Карлос І-мен кездеседі. Қазақстан мен Испанияның халықаралық саясаттағы көптеген мәселелері жөніндегі көзқарастары бір-біріне ұқсас. Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың басында орнаған. Қазақстан Испанияның Орталық Азиядағы басты әріптесі» делінген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалада.

«Ақ жол» демократиялық партиясы қыркүйектің 24-күні алтыншы съезін өткізіп, партия төрағасы Әлихан Бәйменовты Парламент мәжілісіне депутат ретінде жіберу туралы шешім шығарғаны «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтында жазылыпты. «Съезде сөйлеген сөзінде Әлихан Бәйменов көбіне ұлттық мәселелерге көңіл бөлді. Әлихан Бәйменов басқаратын партияның 90 пайызы қазақтар екендігі ешкімге жасырын емес» делінген мақалада. «Сонымен бірге «Ақ Жол» партиясының басшысы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай «желтоқсан тыңдауларын» ұйымдастыру қажеттігін айтты» деп жазды «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты.

Ал «Жас Алаш» газеті оқырмандарының сұрақтарына жауап беру барысында Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясының басшысы Жармақан Тұяқбай өзінің Әлихан Бәйменовтен ала алмай жүрген өші жоқ екендігін айтыпты. Оқырманның «неге Бәйменовпен теледидарға жеке сайысқа шықпайсыз» деген сұрағына Жармақан Тұяқбай «Бәйменов та өз көзқарасы бар, елдің азаматы шығар. Пікірі басқа екен деп оның атына жаман сөз айта бастайтын болсам, онда біздің демократиялық құндылықтарымыз қайда қалады?» деп жауап берген. Сонымен бірге Жармақан Тұяқбай билік өзгере қалған жағдайда «Нағыз Ақ жолмен» де, «Алғамен» де , Коммунистік партиямен де бәсекеге түсуі әбден мүмкін екендігін айтыпты. «Ал дәл қазір қандай да саяси науқан, сайлау бола қалған жағдайда бүгінгі режимге қарсы тұру үшін бәріміздің күш біріктіруіміз қажет» деп жауап беріпті Жармақан Тұяқбай «Жас Алаш» газетінің оқырмандарына.

Бұл уақытта қазақстандағы ұлттық компанияның басшылары өз жалақыларын қысқарта бастандығына «Литер» газеті мән беріпті. «Қауіпсіздік кеңесінде Президенттің сынынан соң «Қазпошта» акционерлік қоғамы директорлары Кеңесі өз жалақыларын азайтуға шешім қабылдаған. Еселеп емес, тек 15 пайызға» делінген мақалада.

«Кім қанша жалақы алады?» деген сауалға «Жас Алаш» газеті де жауап іздеп көріпті. «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов бұрын бизнесте жүрген кездегі жалақысы 5 мың доллар болғандығын, ал қазір жалақы алмайтындығын айтыпты. Экономист Оразалы Сәбденнің айтуынша, өзі жұмыс істейтін ғылыми зерттеу орталығында 130 қызметкер бар. Осы 130 қызметкердің бір жылдық табысын «Казақтелекомның» бұрынғы басшысы бір-ақ айда тауып келген. Мүмкін мұнша жалақы алатындар бәрімізден ақылды шығар» депті Оразалы Сәбден «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG