Accessibility links

Буш пен Назарбаев қандай мәселеге көбірек көңіл бермек?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Америка Құрама Штаттарына барып, апта барысында АҚШ президенті Джордж Бушпен кездеседі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бұл Назарбаевтың америкалық бесінші сапары. Екі президент соңғы рет осыдан бес жыл бұрын, 2001 жылы желтоқсанда кездескен. Қазақстан мен АҚШ-тың қатынастарын президент Буш "ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік" деп белгілеген. Саяси келбеттері бір бірінен алшақ екі президенттің –Буш пен Назарбаевтың қандай ортақ мүдделері бар екен?

Бір жағынан қарағанда, екі басшының ұқсас жайты жоқ сияқты. Назарбаев – бұрынғы коммунистік басшы. Буш ертеректе бейсбол командасының иесі болған. Бірақ олардың екі ұқсас жері бар, бұл маңызды – екеуінің де әулеттері саяси билікке араласып отыр, және екеуінің де әулеттері мұнай бизнесіне қатысады. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің арасынан топ жарып, Ресеймен де, Қытаймен де, Америка Құрама Штаттарымен де жақын қатынас құра алса – бұл да мұнайдың арқасы. Назарбаев ел басында 16 жылдан артық отыр, өткен жылы болған сайлауды Назарбаев 91 пайызбен ұтып алды деп ресми жарияланды. Дегенмен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сайлау бұрмаланды, әділетсіз өтті дейді. Назарбаев билікті өз қолында шоғарландырып, жақын туыстарын және жақын жора-жолдастарын жоғары мансаптарға қойып қойды.

Бірақ Америка Құрама Штаттары бұдан көрі басқа жайттарға көбірек басымдылық беріп отыр – Қазақстан экономикасы соңғы бес жылда өсіп келеді, Қазақстанда салыстармалы түрде тұрақтылық бар және Назарбаев Буш бастаған терроризмге қарсы соғыс науқанына үлес қосып келеді.

Екі президенттің кездесуіне дайындық барысында Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев дүйсенбі күні Нью-Йоркте америкалық әріптесі Кондолиза Райспен кездесті. Журналистер Кондолиза Райстан екі президенттің кездесуінде адам құқықтарының жағдайы бірінші орынға қойыла ма, жоқ әлде энергетика мәселелері алға шыға ма деп сұрады, Ассошейтед пресс агенттігінің хабарына қарағанда. Кондолиза Райс бұл сұраққа жауап бермепті. Дегенмен екі министрдің кездесуіне АҚШ сыртқы істер министрлігінің адам құқықтары және демократия мәселелері жөніндегі жоғары өкілі қатысқан.

АҚШ сыртқы істер министрлігінің мәліметінде Вашингтон "Қазақстанмен көпжақты қатынас құрғысы келеді, оның ішінде АҚШ Қазақстан үкіметін реформаларды жалғастыруға ынталандырғысы келеді" делінеді, Кондолиза Райс Қасымжомарт Тоқаевқа осыны айтты делінеді.

Сонымен Назарбаевтың сапары сейсенбі күні басталып жатыр. Назарбаев алдымен Мейне қаласына, Буш әулетінің үлкен үйіне барады, Буштың әкесі, АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Бушқа сәлем береді.

АҚШ әкімшілігі 12 қыркүйекте жариялағандай, АҚШ пен Қазақстан президенттері бір қатар мәселені талқыламақ, оның ішінде терроризмге қарсы соғыс мәселелері бар, экономикалық мәселелер бар, энергетика мәселелері бар. Сол сияқты "бостандық пен қауіпсіздік" мәселелері де талқыланады делінді.

Қазақстан 2009 Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кезекті төраға болғысы келеді. Дегенмен, Америка Құрама Штаттарының жоғары ресми өкілдері бұл мәселе бойынша позициямызды айқындау әзірше ерте деген. "Еуражие вью" ақпарат орталығы бүгін жазып отырғандай, Кондолиза Райс барлық америкалық елшіліктерге нұсқау беріп, Қазақстанның лобби әрекеттеріне көнбеңіздер деп айтқан делінеді. Бұл мәліметті басқа бұлақтан анықтау әзірше мүмкін болмады. Дегенмен, Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев тамыз айының соңында Ресейдің "Независимая газета" басылымында Қазақстан кезекті төраға болуға лайық емес деген кез-келген күдікті сейілте аламыз деген.

Қазақстан оппозициясы батыс елдері мен батыс ұйымдары Қазақстанмен қарым-қатынас құрғанда мұнай мүддесін алға қойып, демократия мәселелерін артқа сырғытып тастады дейді. Сондықтан да сарапшылар Буш пен Назарбаевтың кездесуінде қандай мәселелерге басымдылық беріледі деп қызуғышылық танытып отыр.
XS
SM
MD
LG